Тәуелсіздік бойтұмары

1009

0

«Елден не хабар?» дейтін қалалықтардың ауылға бүйірі бұрып тұрары анық. Ауыл – ұлт құндылықтары тоғысқан алтын бесік. Салт пен дәстүрдің, береке мен байлықтың түпкі темірқазығы осында. Төрт түлігін түлетіп, егінін өсіріп, келбетін көріктендірген ауыл туралы айтсақ дейміз. Бұл – Тәуелсіздік алып, төрт құбыламыз түгенделгелі Сыр өңіріндегі қайнаған еңбек пен ұлттық руханияттың қайнар көзіндей болған құтты мекен.

Кеңес одағының батыры Н.Ілиясов атындағы ауылды кім білмейді?! Облыс асып, Қазақстандағы көп елді мекенге ынтымақ пен бір­ліктің ғажап үлгісін көрсетіп, озық шаруашылықпен ұдайы алдыңғы сапта келе жатқан батыр атындағы ауыл күні бүгінге дейін еңбек туын жықпай келеді.

«ХХІ ғасыр ауылы» атанған жердегі ел адал кәсіппен өмір сү­реді. Ал мұнда бір кездері тоқы­рауға ұшырап, таратылған шаруа­шы­лықты тіктеп, қоқысқа батқан қонысты өз күшімен аршып, туған елін таңғажайыпқа бөлеген Қазақ­станның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің қажыр-қайраты осы сан тіршілікпен ұштасып жатқанын анық айту керек.

Төребек ақсақалды тыңдасақ…

Қызылордадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға Сыр­дария да жақын ағады. Бар болғаны 9 шақырым. Ал Шіркейлі каналы ауылдың тап іргесінде шіреніп тұр. Демек, бұл елде аяқсудан тапшылық жоқ екенін аңғарасыз.

1931 жылы іргетасы қаланған бүгінгі Нағи ауылы кезінде бес колхоздың негізінде құрылған. Кейіннен «Карл Маркс» совхозы болып аталды.

– Бұл елді батыр Нағи ағамыздың өзі құрды десек те болар. Соғыс көріп, қан кешіп келген адам ауыл ішін дереу тәртіпке келтірді. Ол кезде Қазақ ССР-ның 50 жылдығы құрметіне ауыл аты берілген еді. Сол 1966 жылы қайта құрылғаннан бастап бес жыл ауылды басқарған Нағи Ілиясовтан кейін көрші Жалағаштан Алдаберген Бисенов директор болып келді. Социалистік Еңбек Ері атанған азамат 16 жыл, 8 ай осы ауылға басшылық етті. Міне, осындай қайраткерлер еңбек еткен ауыл Кеңес Одағы кезінде де жаман болмады. Күріш өсіруден басқа, ет пен сүт өндіруді қатар алып, Үкіметке өткізіп отырды. Мектеп те, аурухана да, балабақша мен клубта жаңадан салынған еді. Өте тамаша көрсеткіштер көрсеткен, аймаққа белгілі, үлгілі совхозға айналдық, – деп өткен тарихтан аз-кем сыр шерте бастады ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы.

Туған өлкенің өткеніне жетік қарияның айтуынша, 1992 жылы ауыл аты өзгерді. Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы елді мекен тәуелсіздікпен бірге келген тоқырауды да бастан кешіріпті. Өзге ауылдар сияқты азды, тозды, көп мекеме қаңырап бос қалды. Көшелердің сұрқы қашып, қоқыс үйілді. Белгілі жағдай ғой. Басшылар да тұрақтамады. Шаруашылықтағы техникасы бар, ғимараты бар, елдің жері бар, бәрін кепілге қойып, несие алынды. Бірақ, жұмыс оңалмады. Банктегі берешегі өсті, шаруашылық жұмысы да алға баспады.

Төребек ақсақалмен сөйлес­кенім­де, еңсесін тіктей алмай отырған ауылға 2000-шы жыл­дар басында келген «Абзал және К» мен «Мағжан және К» серік­тестігінің көмегі ұшан-теңіз. Азамат­тарды жұмыспен қамтып, жұтаң елдің жағдайын аз жылда жақсы деңгейге көтерген. Бір ауылды гүлдендіріп қана қоймай, өзгелерге үлгі болған 450-ден астам түтіні бар жұртқа шын мәнісінде тамсанбайтындар жоқтың қасы.

– Шаруашылық мемлекеттен ештеңе сұрамай-ақ, ғимараттар сала бастады. Алдымен балабақша салды. Одан соң ауыл іші де, сырты да тазалана бастады. Көріксіз, қоқыс басқан ауылға екі жыл тазарту жүргізілді. Ағаш ектіріп, су жүйелерін қалпына келтірді. Көркейтудің жарқын үлгісін өзге ауылдағы кәсіпкерлерге көрсете білді. Біртіндеп мектеп, әкімшілік ғимараты, мешіт, музей, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, кейбірін қайта салды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған Тағзым алаңын істеп берді. Орталық алаңды абаттандырғаны қалай?! Жаздық сахна, дүкен мен тойхана, шаштараз бен моншасы тағы бар. Жыл сайын мына көше­дегі арықтардың барлығын ком­пания есебінен тазалатып, оған да жұмысшы алып отыр. Аудан, тіпті облыстың маңызды орта­лықтарында кездеспейтін су бұр­қақ­тарын орнатып берді емес пе?! Тіпті, кейбір үйлердің құрылысына да көмектесіпті, – дейді ақсақал.

Ақсақалдың сөзінің жаны бар. Сыр бойына өзге аймақтан қонақ келсе, қолынан жетектеп, әуелден мақтанып көрсетері осы ауыл. Мұнда барлық көше тегістеліп, асфальт төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылған. Былайынша айтқанда, Нағидың бүгінгі келбеті кейбір қаладан әлдеқайда ажарлы.

Ал соңғы жаңалық, компания өзіне тиесілі қоймалардың бар­лы­ғын қайта салып, өндірістік жағ­дай жасады. Күріш пен жоңышқа тұқымын тазалайтын ар­найы қондырғы алып, өнімдерін экс­порт­қа шығаруда белсенді. Нағи­дың топырағында өскен күріш­ті шетелдіктер тамсана жеп жүр. Барлық техникаларын жарам­ды күйде ұстап, бұрынғы инженер­лік жүйедегі жерді қайта өңдеуден өткізіп, қалпына келтіруде де ком­пания қызметкерлерінің үлесі көп.

– Өзге шаруашылықтағы кейбір келеңсіздіктерді көріп қина­­ламыз. Бізде Абзал­дай азаматтың халыққа қамқорлығы, осы кезге дейінгі елге жасаған ісіне жасы да, кәрісі де қарсы пікір айтқан емес. «Тойсаң да тобаңнан жаңылма» дейтін бе еді?! Осындай халыққа қамқор болған азамат жайлы қалай айтсақ та жарасады. Қарияларын құрметтейтін осы бір қамқор ұлға батамызды беріп, ұдайы қолдау білдіру – біз­дің елдігіміздің белгісі, – дейді Төре­бек ата екеуара әңгіме соңында.

Шаруашылық арқасында шалқыған…

Расымен бір-жар тұрғын бол­маса, мұнда жұмыс істемейтін адам жоқ шығар. Тіпті, сырттан келіп істейтіндер де бар. Бар­лығы шаруашылықтың түрлі сала­сында еңбек етеді. Онымен қоса мектеп, мәдениет үйі сияқты мем­лекеттік мекемелерде қызмет атқаратындарды қосыңыз. Бұл сөзі­мізді осы елдегі шаруа­шы­лықтың төрағасы Дархан Ералиев те растайды.

– Түсінікті болу үшін басынан бастап айтайын. 1990 жылдарғы жағдай бәрімізге белгілі ғой. Шаруашылыққа келер болсақ, техникасы болғанмен, жұмысы ілгері баспай қойғаны көпшіліктің есінде. Қарақан басты ойлап, қолды сілтеуге намыс та жібермейді. Ағам Абзалдың «кәсіпкерлікпен айналысып, тапқан табысыммен шаруа­шылықтың бойын тіктесем, бір ауылдың өркендеуіне үлес қоссам» деген арманын жиі еститінмін. Әрине, бастапқы уақытта мұны біз ешкімге айтпадық. Айтсаң, бәрібір сенбес те еді, – дейді «Мағжан және К» серіктестігінің директоры Дархан Ералиев.

Туған елінің азыңқы күйін көрген Абзал мен інісі Дархан да тәуекелге бел буды. Бұған дейін түрлі кәсіппен шұғылданған Абзал 2002 жылдан бастап өз ауылына қаржы салып, күріш егу, оның көлемін арттыру сияқты қауырт әрі болашағы әлі де бұлыңғырлау тіршілікті қолға алған. Тоқтаңыз, әуелі бұлар күріштің өзін әр жерден сатып алып, элеватордан өткізіп, қаптап сатты. Кейін бұл да онша береке бермесін сезіп егін егуді қолға алған. 2003 жылы «Сыр дәні» шаруашылығын құрып, үлескерлерден құралған 780 гектар жерді пайдалана бастады. Гектарына 47 центнерден өнім алған шаруашылыққа осы алғашқы егін үлкен мүмкіндік сыйлағаны анық. Осылай-осылай кәсіпкерлік көші түзеле берді. Ағайындылардың бұл кезде егін егіп қана қоймай, туған елді түрлендіреміз деген ішкі арман-мақсаттарын көбісі біле бермейтін.

Иә, тоқырау жылдары тозған ауылын қалпына кел­тіру оңай болмағаны анық. Шаруа­шылықтың жұмысын жөнге келтіру үшін бірінші күріш сатып, түскен қаржыға керекті техника жабдықтарын алған. Содан соң бос жерге тұқым сеуіп, егіс көлемін жылма-жыл арттырыпты. Дұрысы, 2004 жылы «Абзал және К» ЖШС құрылып, аудандық жер қорынан 2300 гектарды жалға алып, күріш көлемін көбейтті. Ал бір жылдан соң «Мағжан және К» серіктестігі құрылып, 3000 гектар жерге дән септі. Осы шаруашылыққа Дархан төраға болып, егін дейтін еңбек нау­қанына бел шеше кіріс­кен еді. Одан кейінгі шаруашылық жет­кен жетістік жер­гілікті халықтан бөлек, республикаға да белгілі. Туған ауыл­ды түрлендірген Ералиевтер ерлігі көп­шіліктің  есінде әбден қалары анық.

– Шаруашылық жұмысы әбден жолға қойылғасын бұрынғы арман, туған ауылды жайнату идеясын қолға алдық. Бір ғана мысал, 2013-2020 жылдар аралығында Нағи ауылына 1 млрд 500 млн теңгеден астам қаржы құйылды. Мұның бәрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде әлеуметтік нысандар салуға, ауылды абаттандыруға, көгалдандыру мен қайырымдылық шараларына жұмсалды. Қайбір жылдың өзінде ауыл халқы мен жұмысшылар өтініштеріне сәйкес 17 миллион теңгеден астам қар­жы­ға мал азығы ретінде жем-шөп түсіріп берілген. Сондай-ақ, 1 жарым миллион теңгеден астам қаржыға азық-түлік тегін тара­тыл­ды, – дейді шаруашылық төрағасы.

Нағилықтардың басым көп­шілігі шаруашылыққа жұмысқа тұрғанын айтқанбыз. Айлығы уақы­тылы, жыл соңында сыйақы­дан бөлек, алдындағы мал-қора­сына жем-шөптен де көмек ала­ды. Мысалы, шаруашылық әр үй басына 150 дана жоңышқа бума­­сын таратады. Су тегін. Ал одан көп қажет етсе, арзан баға­да әр данасын 300 теңгеден алып жүр. Ал қыста тағы әр шаңы­рақ басына 2 тоннадан көмір үлестіріледі. Бұл да ақысыз дүние. Кеңес Одағы батыры атын иемденген жұрттың бар салмағын көтеруге әзірге Ералиевтер құрған шаруашылықтың қауқары жетіп тұр.

– Осындай көмек қой. Шаруа­­шылықта жұмыс істесін, істе­месін, үй басына шөп, көмір түсі­ріп береміз. Одан бөлек, жем де қосымша үлестіреміз. Екі жыл болды, күріш еккен еңбек­кер­ле­рімізді марапаттап, озаттарға көлік мінгіздік. Соңғы жаңалық, қыр­ман басына 100 орындық асхана мен 20 орындық жатын бөл­месі бар ғимаратты салып бітіріп қал­­дық. Жұмысшыларға жағдай жасал­­маса, еңбектің де нәтижесі көрінбейді ғой, – дейді Дархан Ералиев.

Биыл шаруашылық ауылға тағы да көп қаржы аударған. 216 мил­лион теңге. Бұған шаштараз, субұрқақ, жастардың спорттық және балалардың ойын алаңын қайта жабдықтау, мекемелер алдын көгалдандыру, сондай-ақ кейбірін ағымдағы жөндеу, балабақшаны жөндеу, оған қосымша жиһаздар алу, т.б. жұмыстар істелген. Жоғарыдағы төраға айтып кеткен егінші қауымға арналған асхана мен демалыс орны да осы қаржы­ның арқасында шешіліп отыр.

Айтпақшы, Абзал Ералиев ерен еңбектің арқасында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанғаны белгілі. Әрі Елбасының өзі Нағи ауылына ат басын тіреп, мұндағы ел ажарына сүйсініп, «Барлық ауыл Нағи ауылындай болсын» дегені көптің есінде әлі.

Жұмыссызы жоқ ауыл

Ауыл әкімі Сағдат Нұрмаған­бетовтің пікірінше, елдегі атқарылып отырған игі істердің басым көбінде «Мағжан және К» ЖШС үлесі көп. Ауыл халқының барлығы мұны біледі.

– Бұл ауылда жұмыссыз адам жоқ десек, артық айтпаспыз. Тіпті, сырттан келгендер бар. Олардың жататын қонақ үйі де, аспазшысына дейін қамтылған. Жыл басында 65 адам жұмыссыз болып тіркелген еді. Оның 21-і тұрақты жұмысқа тұрды. 32 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 2 тұрғын жастар тәжірибесі арқылы қызмет істейді. Қалған 10 адамды жыл соңына дейін жұмысқа тұрғызу мәселесі күн тәртібінен түспейді, – дейді ауыл әкімі.

Енді әкім ұсынған деректерді сөй­летсек. Қазір бұл ауылдағы ха­лық саны 2250 адам. Оның ішінде экономикалық белсенді халық – 968. 380 адам шаруашылықта жұмыс істесе, 213 адам бюджеттік және басқа да салаларда еңбек етеді. Ал ауыл еңбеккерлері 5 мың гектарға жуық күріш егіп, әр гек­тардан 63 центнерге дейін өнім жинап жүр. Енді шамалы күнде егін жинау науқаны да басталмақ. Техникасы өте қуатты «Мағжан және К» ЖШС еңбеккерлері ауыз­біршіліктің арқасында аудан мен облыста алдыңғы орыннан көрі­ніп те жүр. Нағидың күріші Украина, Ресей, Қырғызстан, Әзер­байжан. Түркіменстан, Тәжік­стан, Өзбекстан, Ауғанстан және Моң­ғолия сияқты елдерге экс­порт­талатынын бірі білсе, бірі білмес. Сыр суынан нәр алған ақ күрішке ынтызар өзге мемлекет халықтарынан сұраныс әзірге ерекше болып тұр.

Әкімнің айтуынша, елде ауыз су мәселесі түпкілікті шешілген.  640 орындық мектеп, «Балдырған» бөбекжайы, спорт кешені, мәде­ниет үйі халыққа тұрақты қызмет етіп келеді. Ералиевтер құрған ірі шаруашылықтардан бөлек, 10-нан астам қожалық төрт түлік және егін егумен айналысады. Бақ­ша егіп, мал бордақылайтын тұр­ғын­дар да көбейген. Сондай-ақ мұн­да кәсіпкерлікпен айналысуға ын­та­­лылар жеткілікті. 87 адам осы саланың жібін ұстаған. Биыл жаңа­­дан 9 кәсіпкер өз жобасын бастапты.

– Ауылда 12 көше бар. Барлығы да асфальтталған. Түнгі жарық шамдары қойыл­ды. Бұл жерде айта кететін бір-екі жайт бар. Ауылдық округке қарасты электр желілері мен трансформаторды қайта жаңғырту керек. Өйткені, 1972 жылы жүргізілген электр желілері одан кейін мүлде ауыспаған. Екінші мәселе – ауылға кіреберіс 2 шақырым жолдың жайы. Мердігер белгілі болып, 126 млн теңге қаржысы шешілгенмен, әлі басталмай тұр. «Керім Жол» деп аталатын мекеме бұл жұмыстарға әлі де салғырт қарап тұрғанын жасыра алмаймыз. Халық осы жолдың тезірек біткенін қалайды, – дейді ауыл әкімі.

«Ауылыммен

мақтанамын»

Ауыл ішін аралап жүріп, зәулім спорт ғимаратының ішінен көргеніміз ғажап енді. Керекті жабдықтың бәрі тұр. Нағилық балалар қалаған спорт түрінен жаттығатындай жағдай жасалған.

– Мен осы ауылдың перзен­тімін, – деп әңгімесін бастады осын­­да кездескен Гүлсара Ысқақова. – Спорт кешенінде бес жыл­­дан бері үстел теннисінен жат­тықтырушымын. 2015 жылы мем­­лекеттік-жекешелік әріптестік ая­сында шаруашылық ауылға спорт сарайын салып берген бола­тын. Ғимарат республикалық жарыс­­тарды өткізуге әбден жарайды. Өзім Алматыға барып, Абзал аға бөл­дірген 5 млн теңгеге жуық қар­жыға спорт жабдықтарын алып кел­дім. Жақында бізде спорттың осы түрінен облыстық турнир өтеді.

Осы жерде былтыр өмірден озған даңқты спортшы ата­мыз, Олимпиада чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіровтың мына сөзі еске оралады. Оның «Бізде 5 мыңдай ауыл бар шығар, сол ауылдарды қазақтың бес мың жігіті гүлдендіріп, көтеріп жіберсек» деген арманы көпшілікті әлі де тебірентпей қоймайды. Мен кейде Жақсылық атамыздың осы арманына қосыла отырып, Абзал ағаның Нағи ауылында туғанына қатты қуанамын. Өйткені, ол біз секілді спортсүйер жастарға осындай сарай тұрғызып берді емес пе?!

Гүлсараның мақтанатындай жөні бар. «Ауылға қонақ келсе, бірден аралатып, марқаятын жұртпыз. Тіпті, жан-жақтағы ауыл, тіпті аудан орта­лығынан үйленген жастар келіп, әдемі бейнеролик те дайындайды. Әсем ғимараттар, гүлзарлар, бәрі керемет көрініс. Жоқ-жетіктің бар­лығын Абзал мен Дархан аға шешіп беріп отыр. Қызылорда емес, Қазақстан ауылдарына үлгі. Енді санаулы уақытта күзгі егін жинауға кірісетін кез келеді. Республикаға белгілі ауылда туып-өскен біздер шынымен де бақыттымыз ғой». 

Осылай деген жаттықтырушы қыз маңдайы тершіген күйі теннис үстеліне қайта кетті.

Ел мерейін асқақтатқан Тәуел­сіздікке биыл 30 жыл. Осы уақытта Сыр өңірі сәулетті, дәулетті, ырысы мен ынтымағы жарасқан елге айналды. Біз айтып өткен, Тәуелсіздік жылдарында өсіп-өркен­деудің өнегелі жолына түскен мұндай ауылдар уақыт өткен сайын көркейіп келеді.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<