Тіл мен ұлт – егіз ұғым

3047

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VІ құрылтайында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың сөйлеген сөзі

Құрметті Құрылтайға қатысушылар!

Ардақты ағайын!

Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуаттады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жойылатынын дәлел ретінде келтіріп отыр. Осыған қарап, әлемдегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты.

Әрине, қазақ тіліне мұндай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл – анық. Алайда жаһандану дәуірінде, техника мен технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өзге елдің мәдениеті мен менталитетін ала келетін әлеуметтік желілер мен ақпараттар ағыны заманында қамсыз отыруға болмайды. Қазақ өзінің ұлттық болмысын, тілін сақтап қалғанда ғана мемлекет болып тұра алады.

Тіл – қазақтың жаны. Дербес ұлт екендігінің белгісі. Мемлекеттілігіміздің рәмізі, елдігіміздің символы. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституцияға сәйкес қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесі берілді.

Алайда бүгінгі қоғамда кейбір азаматтардың Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма бола тұра, келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргені де байқалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деді.

Сондай-ақ Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгеніне назар аудара отырып, мұндай дәрежеге жету үшін үкіметтік емес ұйымдардың да беделін арттыру қажет екенін атап өтті.

Міне, бүгін біз үкіметтік емес ұйым – «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алқалы басқосуында ұлтымыздың аса қымбат қазынасы, мемлекетіміздің басты құндылығы – қазақ тілінің жай-күйі жөнінде кеңес құрып отырмыз.

Құрылтай барысында Сіздермен бірге түйткілді мәселелерді ортаға саламыз, талқылаймыз, ең негізгісі – Қоғамның жұмысына тың серпін беретін ұсыныстар айтып, шешімдер қабылдаймыз деп ойлаймын.

«Қазақ тілі» қоғамының қызметі мен оның алдында тұрған міндеттер туралы айтпас бұрын ана тіліміз туралы ойыммен бөліскенді жөн санаймын.

Қазақ – қашанда өзінің азаттығы үшін қалай күрессе, тілі үшін де солай күрескен халық. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары, одан кейін Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы сияқты ағаларымыз тілімізді сақтау үшін үлкен қайраткерлік танытты. Дініміз бен тілімізге қауіп төнген шақтарда Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер!» деген болатын. Заман тосқан талай сынақтан қазақтың тілі мен дәстүрі, мәдениеті жығылса да жоғалмай, құлдыраса да құрдымға кетпей, Тәуелсіздіктің ақ таңына аман-есен жетті. Асылы, тілге ұлтымыздың, мемлекетіміздің, рухымыздың қамалындай қарауымыз керек. Ұлт пен мемлекетті сақтайтын «керектер» көп, бірақ халықтық, ұлттық келбетімізді ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз сақтайды.

Ұлт тәуелсіздігінің құны мен қадірін сақтауға тұтас өмірін арнаған, азаттық күресінің аса ірі қайраткері Нельсон Мандела: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл ел сенің елің емес» депті. Ащы да болса ақиқат сөз. Өзінің ұлттық келбетінен, тілінен, ділінен айырылған халық пен ел жұтылып, жоғалады.

Олай болса, азат ел болып, тілімізді төрге шығарып, оған Конституциялық мәртебе берілген кезде қазақ тілінің тағдырына мемлекет те, бүгінгі алқалы жиында бас қосып отырған қауым да, жалпы Қазақстанды Отаным деп санайтын барша азаматтар да жауапты. Өйткені тіл – үздіксіз дамуды, үнемі қорғауды қажет ететін өте нәзік, жанды құбылыс.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілін ұлттық тұтасудың негізі ретінде бағалап: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз» дегенін жақсы білеміз. Тілдің осы біріктірушілік рөлі оның мемлекеттік мәртебесін күшейте түседі. Сондықтан саясатымыздың маңызды стратегиялық басым бағыты ретінде билік те, азаматтар да, әсіресе өздеріңіз сияқты тіл жанашырлары осыған үнемі мән бергені абзал.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері тіл мәселесінде бірқатар іргелі іс атқарылды. 30 жыл ішінде жасалған жұмысты бір баяндамаға сыйғызу қиын. Дегенмен бірқатар оң өзгерістерді айтып өткен дұрыс деп есептеймін.

Салыстырар болсақ, 1991-1992 жылдары балабақшаның 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта бүлдіршіндердің 76 пайызы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі бар болғаны 33,6 пайыз болса, бұл күнде ол 65,6 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Бір кездері Алматыда бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі, қазіргі астанада ана тілімізде білім беретін бір ғана мектеп болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбейіп, қазір 65,3 пайызға жетті. Яғни, білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды.

Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазіргі кезде қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 94%-ды құрайды. Әрине, құжаттарды орысша дайындап, соңына қазақша аудармасын ілестіріп жіберетін көзбояушылықтың барын да ашық айтуымыз керек. Алдағы уақытта іс қағаздарының мемлекеттік тілде дайындалуын қадағалауды күшейткен дұрыс. Бұл мәселеге қоғам да атсалысуға тиіс.

Тәуелсіздіктің тілге қатысты ең үлкен жетістігі – қоғамда тілге деген қажеттілік пен сұраныс артқаны дер едім. Қазір елімізде көпшілікке айналдық, демографиялық өсім біздің пайдамызда. Оны күні кеше өткен жалпыұлттық халық санағы дәлелдеп отыр. Алдымызда әлі де қыруар жұмыстар тұр. Ең алдымен тілге насихат қажет. Бұл істе Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері ерекше белсенділік танытуы керек. Бүгінгі Құрылтайдың маңызы – кезінде тіліміздің дамуына серпін берген қоғамның жұмысын осы бағытта жаңаша жаңғырту, жандандыру.

Біз қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жөнінде көбірек айтамыз. Бұл дұрыс та болар. Дегенмен тілімізді жаңа заманның сұраныстарына орай жаңғырту мәселесі де алдыңғы кезекте тұруы тиіс.

Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу міндеті белгіленгені мәлім. Аталған міндетті орындау елімізде тіл реформасын жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Бізге қазақ тілін реформалау қажет, егер қаласаңыз, тілімізді жаңғырту керек» деген еді.

Жаңа әліпбиге көшу, тіл реформасын жүзеге асыру – еліміздің ішкі саясаты саласындағы аса маңызды тың жоба. Үкімет осы бағыттағы ұйымдастырушылық жұмысты зор жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Басқаша айтқанда, қазақ тілі өзінің табиғи, тұмса қалыбына қайта оралуы үшін осындай реформа жасауымыз керек.

Президент мемлекеттік тілді оқып, үйренудің, қазақ тілін ғылым мен мәдениет тіліне айналдырудың аса маңызды екенін баса айтты. Бұл орайда тілді үйретуде білім саласының орны ерекше.

Бүгінгі күннің маңызды жаңалығы ретінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырыла бастағанын айтар едім.

Жобаны жүзеге асыру барысында, мысалы, қазақ тілі мұғалімдеріне арналған курстардың мазмұны мен жүйесі жаңарады. Біліктілікті арттыру институттары арқылы «Қазақ тілі» пәні бойынша теориялық білімді және кәсіби дағдыны тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Оқытылуы өзге тілдерде жүргізілетін мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» біріктірілмей, «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» деп бөлініп, жеке пәндер ретінде оқытылады. Үлгілік оқу жоспарына сәйкес, бұл пәндердің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері дайындалуда. Сонымен қатар, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім беру ұйымдарының кітапханалары қазақ тіліндегі әдебиеттермен толықтырылады және оларды цифрландыру жүзеге асырылады.

Саналы ұрпақ тәрбиелеуде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің орны ерекше. Осыны кеңінен қарастыруымыз керек. Әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылуы және қолжетімді болуы өте маңызды. Бұл ретте «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде әлемнің ең үздік жүз оқулығы қазақ тіліне аударылып, еліміздегі жоғары оқу орындарына таратылды.

Қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалуда. Тұжырымдаманың мақсаты – үздіксіз білім беру моделі арқылы, мектептен бастап ересек адамдарға дейін тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл тұжырымдама мемлекеттік тілді заманауи талап деңгейінде үйретудің еліміздегі алғашқы қадамы болмақ.

Ұлттық терминологияны жүйелеу, біріздендіру керек деп ойлаймын. Ол үшін ғалымдармен талқылаулар, сараптамалар жүргізіп, жазу реформасы ауқымында термин қалыптастырудың ғылыми негізді критерийлері әзірленуі тиіс. Терминологиялық сөздіктер дайындаудың мазмұны мен сапасын арттырып, қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың негіздері қарастырылғаны жөн.

Шетелдегі қандастарымыздың да ана тілін үйренуіне жағдай жасауға тиіспіз. Ол үшін былтыр «Абай институты» ашық білім беру порталы іске қосылып, бүгінде қазақ тілін жерлестерімізбен бірге шетелдік азаматтар да оқып, үйренуде. Осы жобаны дамыта берген дұрыс. Біз ұлтымыздың бестен бір бөлігі шетелдерде тұратынын ұмытпай, әрқашан оларға көмек беруді өзімізге парыз әрі міндет санағанымыз абзал. Шетелдегі қандастарымыздың ана тілін меңгеруі олардың атамекеніне оралуының басты факторларының бірі екенін де естен шығармайық.

Ұлттық жоба аясында 23 миллион тіл үйренушісі бар «LinguaLeo» білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курстарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде корпустағы сөзқолданыс саны 14 миллионға жетсе, 2025 жылы 40 миллионға жеткізу жоспарлануда.

Біз қазақ тілінің болашағына, яғни бүгінгі балабақшадағы, мектептегі балалардың қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасауға ерекше назар аударуымыз керек.

АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай, тағы басқа мемлекеттер анимациялық фильмдерге стратегиялық тұрғыдан мән беріп, мұны идеологиялық құрал ретінде пайдалануды үрдіске айналдырған. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру. Бізде осындай жүйе қалыптаспағандықтан балаларымыздың тілі басқа тілде шыға бастады. Сондықтан Ұлттық жобада келешек ұрпағымыз саналы әрі патриот болуы үшін қазақ тіліндегі анимациялық фильмдердің санын арттыруға, көп қаралатын шетелдік анимациялық фильмдерге сапалы дубляж жасауға үлкен бетбұрыс жасалуда.

Тіл саласында ілгерілеушіліктер болғанымен, проблемалар да бар. Мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты даулар, түсінбеушіліктер орын алып жатқанын да көріп отырмыз. Бұлар негізінен қызмет көрсету саласына, көрнекі ақпарат, жарнамаға байланысты өрістеп жүр.

Қазақша мәтіні қате немесе тек бір тілде ғана орналастырылған көрнекі ақпарат, жарнама қоғам тарапынан үлкен сынға түсіп, мемлекеттік органдарға түсетін шағымдар көбейді.

Мәселен, тек 2019 жылдың өзінде 12 900 адам шағымданған.

Шағымдарға жүргізілген талдау барысында жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық қателердің көп жіберілетіндігі анықталды. Осыған орай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентке енгізіліп, бүгінгі күнде жоғарғы палатада қаралып жатыр.

Осы уақытқа  дейін қалаларымызды «Қарағанды – Караганда», «Шымкент – Чимкент», «Түркістан – Туркистан» деп екі тілде қосарлай атайтынымыз жұрттың ашуын туғызатын. Енді заң қабылданған соң Қарағанды, Шымкент, Түркістан деп тек бір тілде, қазақ тілінде ғана жазылады. Басқа елді мекендердің атауына қатысты да осылай болмақ.

Сол сияқты ендігі жерде заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, халықаралық автожолдардан басқа жерлердегі жол белгілері тек қазақша жазылады.

Заң мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де бірқатар мүмкіндіктер ашады. Заң жобасында, мысалы, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілерін, жарнаманы, баға көрсеткіштерін, басқа да көрнекі ақпаратты тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана орыс және басқа да тілдерде жазу жөніндегі нормалар қолдау тауып отыр. Бұрын қажет болса да, болмаса да, тіптен тек қазақтар ғана тұратын ауылдардың өзінде екі тілде жазу талабы болып келгенін білесіздер. Міне, осылайша заңдарымызды жетілдіре отырып, мемлекет тілдің қажеттілігін, оны сақтау талабын азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірместен арттыруымыз керек.

Ардақты ағайын!

Сөз реті келгенде, алқалы топтың назарына бірқатар мәселеге байланысты өз ойларымды ұсынғым келеді.

Бірінші, тіл және технология. Қазақ тілін осы заманғы құрылғыларға енгізу қажет. Қазір «Тілмаш телефон» деген бар. Әлемнің кез келген еліне барсаңыз, соның қызметін пайдалана аласыз. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін осындай мүмкіндікті пайдалану керек-ақ. Біздің еліміздің жастары ІТ саласына көптеп барып жатыр. Диктофондағы жазбаны мәтінге айналдыру, компьютерде мәтін редакторы қызметін енгізу ІТ мамандарының қолынан келмей ме?

Екінші, тіл және заман келбеті. Қазақстан Жазушылар одағында 800-ден астам мүше бар екен. Міне, биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл. Қазіргі қаламгерлер неге тәуелсіздік кейіпкерлерін сомдауға жаппай атсалыспайды? Жеткен жетістіктеріміз туралы, қасымызда жүрген Тәуелсіздік тұлғалары туралы кесек шығармалар неге тумай жатыр? Тәуелсіздік ұландары – қазіргі жасөспірімдерді ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған қызықты кітаптар қашан жазылады? Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында ұлтты ұйыстыру, жұртты жұмылдыру ісінде зиялы қауымның үлесі ерекше екенін айтып, Үндеу тастады. Ақын-жазушыларымыздың еңбегі орден-медальдармен емес, жазған шығармаларымен бағаланатынын қадап айтты. Мемлекет басшысының бұл бастамасына «Қазақ тілі» қоғамы да өз үлесін қосуы керек деп есептеймін.

Үшінші, тіл және термин. Бірде маған марқұм Герольд Бельгер қазақ тілінің байлығы туралы айта келе, «бір ғана орысша «Вид» сөзінің қазақ тілінде жиырмадан астам баламасы бар екенін айтып еді. Әрине, сөздік қорымыздың байлығымен мақтанамыз. Дегенмен тілді үйренуге ыңғайлы болуы үшін оны заманға сай ұстарту амалы да керек шығар. Мәселен, кеше елордада бір ғимаратқа кіргенде «Өзіңнен» деп жазыпты. «От себя» дегеннің төте аудармасы. Осыны «Кір», «Шық» немесе «Кіру», «Шығу» деген нұсқада алуға неге болмасқа? Қазақ тілін қолданыс тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытудың өзге де ұтымды тәсілдерін бірлесе іздеу қажет.

Өркениетті елдерде қоғамдық ұйымдардың ықпалы күшті. Себебі олар жалпы халықтың көкейіндегісін, қоғамның мәселелерін жақсы біледі. Қоғамдық ұйымдардың белсенділігіне біздің елімізде де үлкен мән берілген. Бірақ қазақтың тілін, дәстүрін, мәдениетін насихаттауда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі әлі де төмен. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жұмысы, біздің ойымызша, көптің көңілін көншітпейді. Оның жұмысын қайта құру үшін сын көзімен қарап, кемшіліктерімізді түзеуіміз керек.

Дәуірдің сұраныстарына орай «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын жаңаша ұйымдастыруы қажет. Кезінде бүкіл еліміздің зиялы қауымын, тіл жанашырларын, ұйыстыра білген, көп жұмыстарға мұрындық болған қоғамнан біздің күтеріміз көп еді…

Шынын айтуымыз керек, соңғы жылдарда қоғамның бастапқы қарқыны бәсеңдеп, белсенділігі төмендеді. Жарғы талаптары жайына қалды. 10 жыл бойы құрылтай өткізілмеді?! Тараптарға бөлініп, әрқайсысы өздерінше құрылтай, төралқа өткізіп, ол әрекеттері Әділет министрлігі тарапынан заңсыз деп танылып, қоғам жұмысынан береке кетті. Бір кезде «Тіл туралы» заңның дүниеге келуіне белсене атсалысқан, Тіл комитетінің  ашылуына бастамашы болған қоғамның барлық дерлік салада бөлімшелері бар еді. Белсенді болатын.  Солардың басым бөлігі жабылып қалды. Бар жердің өзінде аты бар, заты жоқ.

Бүгінгі Құрылтай «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына, әлеуметтік, азаматтық белсенділігіне жаңа серпін беруі керек. Келелі кеңесіміздің де негізгі мақсаты осы! Біздің ойымызша, қоғам мынадай міндеттерді жүзеге асыруы тиіс.

Біріншіден, қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рөлін ескере келе, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордаға көшірілуі және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электрондық ресурстарын дамыту маңызды. Қоғамның маңызды қызметінде мемлекеттік тапсырысты игеруге мүмкіндігі болғаны жөн. Бұл мәселеге Үкімет және жергілікті атқару органдары көмектесуге міндетті. Осы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру үшін тіл мәселелерімен ұдайы айналысатын жоғары деңгейдегі республикалық комиссия құрылғаны қажет!

Екіншіден, қоғам еліміздегі саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып ықпалды ұйымға айналуы керек. Сонымен бірге, мәслихаттардың және қоғамдық кеңестердің жұмысына араласып, халық сайлаған мемлекеттік органның мүмкіндіктерін қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне бағыттағаны абзал.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының қазақ тілін қолдау саясатын кеңінен насихаттап, латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Сонымен бірге, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани даму, ұлттық мүдде мен намыс мәселелері бойынша да жұмыс жүргізуі керек.

Төртіншіден, қазақ тілінің қолданылу мәселелері қоғамда үлкен өзектілікке ие және қызу талқылануда. Әртүрлі қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы рөлін арттыруды белсенді талап етуде. Осы саладағы қоғамдық ұйымдар бытыраңқы, яғни олардың жүйелі әрі бірыңғай ұстанымдары жоқ.

Сондықтан, аталған ұйымдарды «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төңірегіне біріктіру қажет. Бұл өз кезегінде аталған ұйымдармен тіл саласындағы заңнама мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша түрлі оқыту-ұйымдастырушылық іс-шаралар өткізуге және заң аясында жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. 

Бесіншіден, тағы да нақтылап айтарымыз, нарық заманында қоғамның қалыпты жұмыс істеуі үшін қаржыландыру мәселесі шешілгені жөн. Бұл мемлекеттік тапсырыстар және гранттар негізінде жүзеге асырылады деп ойлаймын.

Алтыншыдан, шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілін меңгеруін қоғамдық деңгейде қолдау. Осы бағытта «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Отандастар» қорымен өзара іс-қимылын нығайтып, олардың бірлескен белсенді қызметін ұйымдастыру қажет.

Жетіншіден, біздің ойымызша, жаңа атап өткенімдей,  «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында болғаны жөн. Бұл қоғамның елдің даму тынысын сезіне отырып жұмыс істеуіне ықпал етеді. Мемлекеттік тілге қатысты биліктің де, қоғамның да мүддесі бір!

Тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен тұрақтылығының кепілі – қоғамдық келісім. Оны сақтау мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатымен тікелей байланысты. Ұлттық даму, экономикалық жетістіктер, мемлекеттің имиджі сияқты аса маңызды факторлардың негізінде тұрақтылық тұратынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тіл мәселесі де – осы қатардағы маңызды құндылық. Сол себепті мемлекет бұл бағытта радикалды емес, эволюциялық өзгерістерге айрықша мән беруге міндетті. Геосаяси жағдай бізден осыны талап етеді. Оны ескермеуге болмайды. Кезінде Олжас Сүлейменов айтқандай, «Кең даланы асқақтатып, тауларды аласартпай» әрекет еткеніміз дұрыс.

Құрметті тіл жанашырлары!

Шығыс пен Батыстың өркениеттері тоғысқан Ұлы дала төріндегі Отанымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрмыз. Бұл мерейтой бізге барымызды бағамдауға, болашағымызды айқындауға зор міндеттер жүктейді.

Данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені ұлттық тұтастығымыздың ұраны десек, бірлігіміздің бәсі, берекеміздің арқауы – тіліміздің төрде болуына әрқайсымыз атсалысып, азаматтық борышымызды атқарғанымыз абзал.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<