Жол апаты азаймай тұр

671

0

Студенттік жылдары Айна есімді құрбымыз болды. Өзі сұлу, білімді, болашаққа жоспары көп болатын. Ата-анасы қатарынан кем қылмай өсірді, оқу бітіруге сәл қалғанда арманындағы су жаңа көлікті де тізгіндеді. Бірақ, оның бір кемшілігі – асығыс жүретін. Ақпан айында Айнаның көлік жылдамдығын асырып, қарсы бетке шығып кеткенін естігенде қатты есеңгіреп қалдық. Жақында жол апатынан қаза тапқан құрбымның анасын кездестіргенімде, көңілім қайта құлазып, өткенге оралдым. Бұл тақырыпты қозғаудағы мақсат бір адамға болса да ой салу еді.


Айыппұлдан түрмеге дейін: Жүргізушілер нені ескеруі тиіс?

Байқап қарасаңыз, жыл са­йын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Оқыс оқиға олардың жақындарының жанына жара салып, тіпті Айна секілді отбасындағы жалғыз қызының жолына қарап, болашағынан үміт күткен ата-ана үшін ауыр соғады.

Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Статистика солай дейді. Жақында Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі қазіргі уақытта кең тарағанын хабарлады. Олар – қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету, көліктердің аударылуы. Осы үш себепте жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 56%-ін құрайды. Әрбір бесінші оқиға жылдамдықтың арт­уына бай­ланысты орын алады. Соның әсерінен 515 оқиға орын алып, 44 адам қаза тапқан, 681 адам жараланған. Әрбір алтыншы оқиға маневр жасау­мен байланысты, оның салдарынан 456 оқиға болып, 33 адам қаза та­уып, 673-і жараланған. Сонымен қатар әрбір сегізінші оқиға жылдамдықты арттырумен байланысты. Жыл басынан бері жол апатынан қайтыс болғандардың саны 12 процентке көбейген деген дерек бар.


Ал, өңірде соңғы 6 айда 173 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 31 адам қаза тапқан, 217 адам дене жарақатын алған. Рес­публика көлемінде жолдағы апат саны бойынша 12-ші орындамыз. Облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Рахметов облыс көлемінде бірнеше ірі жол-көлік оқиғалары орын алғанын мәлімдеді.


– Биыл «Қызылорда-Құмкөл» шар­уа­шылық маңызы бар тас жолдың 69 шақырымында екі автокөліктің соқты­ғысу салдарынан 5 адам қаза тауып, 5 адам дене жарақатын алды. Бұдан бөлек, жақында «Шіркейлі» каналының тұсында екі көлік соқтығысып, біреуі суға құлап кеткен. Көлік құтқарушылар күшімен жағаға шығарылды, салоннан екі әйелдің денесі табылды. Мұндай апаттар көп тіркеледі және талдау нәтижелеріне сәйкес 20-35 жас аралығындағы азаматтар жол-көлік оқиғаларын жиі жасайтыны анықталып отыр. Масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер, көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер, тағысын тағы себеп болуы мүмкін. Осындай қарапайым ережелерді қаперден шығару қайғыға душар етеді. Мәселен, масаң күйде көлік тізгіндеп, жол қозғалысы ережесін бұзғандар түрмеден бір-ақ шығуы мүмкін. Президент бұл мәселеде жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Қазір жол ережесін бұзған көлік иесі қандай деңгейде мас болды деген заңда ешқандай айырма көрсетілмейді. Ендігі заң бойынша қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, татуласуға мүмкіндік берілмейді, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен айырылады. Жол-көлік оқиғаларының салдарын төмендету мақсатында қағида талаптарына сәйкес, белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға ты­йым салынған. Жыл басынан бері облыс­та аталған тармақты орындамаған 6497 жүргізуші анықталып, тиісті шара көрілді, – дейді М.Рахметов.


Сондай-ақ, «Қоғамдық көлік жүргізушілері көлікті басқару кезінде ұялы телефонмен жиі сөйлеседі, бірі-бірінің алдына түсіп, жарысады» деген тұрғындар шағымын жеткізген едік.

Бұл ретте мамандар 6 ай көлемінде 645 құқық бұзушылық тіркелгенін, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 92 ұялы телефон қолдану дерегі анықталғанын алға тартты.

Алдағы уақытта да тұрғындар қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан қандайда бір құқық бұзушылық деректері анықталса, нақты дәлелдеме келтіре отырып, құзыретті органдарға немесе «102»-ге шағымдануға құқылы. Жалпы алғанда, заңнамаға сәйкес жол ережесін бұзған жүргізушілер әкімшілік жазаға тартылады. Көлік айдау құқығынан айырылып қалу да бір сәтте. Абайсызда жол апатына себепші болғандардың жазасы тіпті ауыр.

«Жол ережесін балалар да білуі керек? «

Балалардың қауіпсіздігі қа­шанда өзекті. Мәселен, кәмелетке толма­ған­дардың кінәсінен биыл елімізде 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 бала қаза болды, 70 жасөспірім түрлі жарақат алған.

«Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 15%, қаза болғандардың саны 18% және жарақат алғандардың саны 16%-ке өсті. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі – жолаушылар.

Демек, көп жағдайда ересектер ­балаларды көлікпен алып жүрудің ережесін жиі бұзады, олар балаларды арнайы ұстау құра­лынсыз немесе белдікті бекітпей тасымалдаған» деп хабарлады ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.

Сондай-ақ, балалардың жолаушы ғана емес, жаяу жүргінші екенін де ескеру керек. Балаларға жол қозғалысы ережелерін үйрету оқыс жайттардың алдын алады.


– Жаңа оқу жылы басталар тұста оқушылар бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде келе жатқан көлік тоқтады ма, жақсылап қарап барып өткені жөн. Өйткені кейбір автокөлік иелері жасыл жанса да бірден тоқтамай, жылдамдығын тежей алмай, жолақтан асып тоқтайтыны жасырын емес. Кейбір жүргізушілердің жан-жағына қарамай бастырмалата жүретіні, кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, балабақша ауласына жақын қоятыны бар. Бір сөзбен айтқанда, балаларға жол ережесін барынша түсіндіруге тиіспіз, – дейді полиция қызметкерлері.


Бұған қоса, қазір қала көшелерінде жүйткіген, түн тыныштығын бұза­тын мотокөліктің дыбысын естуге болады. Осыған дейін 500-ге жуық жол жүру қағидаларының бұзу дерегі анықталса, оның 5 дерегінде жүргізушілер мото­циклді масаң күйде басқарғаны анық­талған. Жыл­дамдыққа құштар жасөспі­рімдердің бұл хоббиі алаңдатады.

Алайда қазір профилактиканы күшейту және жүргізушілерді сақ­тан­дыру мақса­тында «Мотоцикл» шарасы ұйым­дастырылуда. Бірақ, жастар сақ­тыққа салғырт болмау керек.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Жоғарыда басты қауіптің неден келетінін тарқаттық. Соның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтыны келтірілді. Осы орайда шетелдік тәжірибеден ұтымды мысалдар ұсынсақ.


Жапонияның «Toyota Motor» корпо­рациясы KDDI телеком­муникациялық компаниясымен бірі­гіп, сондай-ақ «Komeda» кафелер желі­сінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді екен. Жаңа мобильді қосымшаны кез келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көлікке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.

Ол кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, «Komeda» кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие. Мұнан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал, жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол соз­са, жинаған ұпай күйіп кетеді. Аталған жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастаған.

Ал, жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 процентке азайған. Сонымен қатар Оңтүстік Корея елінде жол апатымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Ғалымдардың зерттеуінше, жылдамдықты 10 процентке қысқарту арқылы адам өлімін 50 процентке азайтуға мүмкіндік бар. Осындай озық тәсілдерді елімізде қолдансақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қалар ма едік?!

Ең бастысы, мақалада келтірілген оқиға, бір отбасының тағдыры, жауапты мамандар келтірген мысал көпке сабақ болады деген үміт басым.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<