Мешіттерде жамағатпен намаз оқылмайды

1009

0

Бүгін облыстағы мешіттер арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істей бастады. Мешітте жеке құлшылық жасауға, Құран оқытуға және неке қидыруға рұқсат етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі Болатбек Әбуов айтты.

«Карантин ережелерін сақтай отырып, мешітте жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етілді. Жамағатпен оқылмайды. Мешітте 15 минуттар артық болуға болмайды. Әр 3 сағат сайын залдар залалсыздандырылып отырады. Ал Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізілмейді. Кіріп-шығу есіктері бөлек болады. Неке қидыруға келушілердің қасында тек куәгерлер болуы шарт, – деді ол.

Биыл Қадір түні мамырдың 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. Осыған орай облыстың бас имамы қызылордалықтарды қасиетті түнді үйде өткізуге шақырды.

Мешітке келушілер міндетті түрде бетперде тағуы қажет. Антисептик құралдарын пайдалану, 1,5 метр арақашықтықты сақтау міндеттеледі. Сақтық ережелеріне байланысты қол амандасу құпталмайды. Барлық мешіт таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<