Өткен жылы 291 млрд теңге инвестиция тартылды

648

0

Өткен жылдың 12 айында облыс экономикасына 291,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумға сәйкес инвестиция тарту жоспары көрсеткішінен 27%-ке артық.

Оның артығымен орындалуына Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әсер етті. Мұның аясында 2020 жылы құны 7,1 млрд теңге болатын 89 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 700-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды.


Атап көрсетер болсақ, азық-түлік тауарлары өндірісі – 18, азық-түлік емес тауарлар өндірісі бойынша – 8, ауыл шаруашылығында – 47, құрылыс материалдары сала­сын­да – 9, халыққа қызмет көрсету сала­сында 7 жоба жүзеге асырылды.


Облыс орталығында «Консерві­лен­ген түрлі өнімдер» жобасы бойынша қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервіленген дайын өнімдер, сонымен қатар, күріш, қарақұмық жармасы және арпа ботқасы өндіріле бас­тады. Осы жұмыстардың нәти­же­сінде нарыққа жергілікті тауар өндірушілердің өнім­дері қосылуда. Мұны пандемия кезінде ұтымды жетістік деп есептеуге болады.


Индустрияландырудың үшінші бес­жылдығы аясында өңірде құны 554 млрд теңгеден асатын жә­не 7 мыңға жуық жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік беретін 26 жоба жү­зеге асырылуда. Оның ішінде екі жоба пайдалануға берілді. Ол – Арал ауданындағы Ақбасты елді мекеніндегі тауарлы балықты терең өңдеу цехтары. Оның бірі 100 тоннаға дейін ауланған балықты сақ­таса, екінші цех күніне 40 дана балық консервісін дайындауда. Аталған цех пен басқа да жұмыс істеп тұрған кәсіпорын өнімдері Ресей, Польша, Қытай, Германия, Грузия елдеріне экспортқа шығары­луда.


Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның «3-Испан цехын салу» (жоба құны – 3 млрд теңге) және «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы» (жоба құны – 1,5 млрд теңге) жобаларының құры­лыс­тары басталды. Олар биыл пайда­лануға берілмек. Мұнымен қатар, «Дана Кварц» ЖШС-ның «Арал ауда­нында кварц құмын тау-кен байыту комбинаты» жобасы толық қуаттылықта іске қосылады деген жоспар бар.


Биыл жалпы сомасы 52 млрд теңгенің 7 жобасын, оның ішінде шыны зауытын іске қосу жоспар­ланған. Бұл 670 жаңа жұмыс ор­нын ашуға мүмкіндік береді. Қа­зір­дің өзінде ірі кәсіпорындар айна­ласында ілеспе өндірістер құру мә­селесі қарастырылуда.


Сонымен қатар көктем айла­рында жалпы құны 93,5 млрд тең­гені құрайтын кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысы баста­лып, 669 адамды жұ­мыспен қамту күтіліп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<