Ақжардағы айшықты бастамалар

1327

0

Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылы – тарихы бай, тірлігі мен бірлігі жарасқан берекелі мекен. 2300-ге жуық тұрғыны бар ауылда мектеп, балабақша, клуб, спорт мектебі, пошта бөлімшесі, дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Ауыл халқы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады.

Ауыл шаруашылығы – ел діңгегі

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, несібесін жерден терген тұрғындардың еңбегі еш кеткен кезі болған емес. Биыл да ерте көктемнен тырбанған ағайынның төккен тері, еткен бейнеті еселеп қайтқан секілді. Біз барғанда «Ораз ахун ЛТД»  ЖШС күріштігіне алғашқы орақ түсті. Ауыл ақсақалдарынан бастап жастар жағы да түгел егіс басында.  Құдды бір мереке дерсің.

2018 жылы құрылған шаруа­шылық биыл 1111 гектар жерге күріш, 159 гектар жоңышқа, 100 гектар бидай, 59 гектар мақсары еккен.

–    Былтыр 1029 гектар жерден 60,2 центнерден өнім алдық. Биыл да осы межеден көрінеміз деген ойдамыз. Бірқатар қиындықтар болды. Әсіресе, су тапшылығы қатты әсер етті. Бірақ 5 жерге насос қойып, қолдан келгенше күрішті аман алып қалдық. Қазіргі мақсат  – егінді төкпей-шашпай жинап алу. Бұдан бөлек 10 гектар көкөніс ектік. Оларды да жинап жатырмыз. Өнімді өз асханамызға береміз. Шаруашылықта 114 адам жұмыс істейді. Бұдан басқа, құрылыс жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, монша салып, қойманы жөндеуден өткізудеміз.  Екі жылда 640 млн теңгеге заманауи техникалар сатып алдық. Қазір жастардың кәсіпке, еңбекке, табыс табуға деген көзқарасы оң бағытқа өзгергені байқалады. Сушы, диқан, механизаторларымыздың еңбекке деген құлшынысының артқаны, әсіресе, бұл жұмыстарға жастардың бет бұруы бізді қуантады. Жылда жұмысшыларға жалақыларынан бөлек сыйақы береміз.  Еңбеккерлерімізді осылай қолдап отырсақ, олардың  ынта-жігері артады. Жақсы үрдіс жалғасын таба береді, – дейді шаруашылық директоры Жомарт Жалғасбаев.

Жалпы ауылда екі ірі шаруа қожалығы болса, соның бірі осы – «Ораз ахун ЛТД» ЖШС, екіншісі – «Ақжар» шаруа қожалығы. Басқа да бірнеше шағын қожалық бар.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін айтты.  Бұл орайда ақжарлықтардың ауыл шаруашылығын дамытуда мүмкіндігі мол екені сөзсіз.  Қазірдің өзінде ауылда 2000-нан астам ірі қара болса, 5000-ның үстінде уақ мал және 3000-ға жуық құс бар. Шаруа­шылықтарды ірілендіру мақса­тында нақты жоспар жасалған.

–    Ұсақ шаруашылықты ірілендіру – уақыт талабы.  Қазір ауылда мал басы көбеюде.  Мемлекет басшысы  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, ауыл тұрғындарының табысын арттыруды тапсырды. Бұл орайда өз жоспарымызды бекітіп отырмыз. Мысалы, жуырда ғана бір тұрғын құс өсіруге ниет білдіріп, грант алды. Құс жоқ емес бар. Әркімнің қорасында он шақты, жиырма шақты тауықтан тұр. Оның өнімі өздерінен артылмайды. Осы орайда аптасына қанша жұмыртқа сатылатынын есептеттім. Ауылда 5 дүкен бар. Оларға кемінде 3-4 мың данаға дейін жұмыртқа келеді екен. Демек, сұраныс бар, өтеді. Егер тауық өсіруді қолға алсақ,  тұрғындардың жұмыртқа, тауық етіне деген сұранысын өзіміз-ақ, қанағаттандыра алады екенбіз. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз,– дейді ауыл әкімі Нұржамал Тұрсынбаева.

Шаруа қожалықтары ауылға әлеуметтік қолдау көрсетуден сырт қалмауда. Мәселен, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС тұрмысы төмен отбасыларының отын-суына, жем-шөбіне көмектесуді үрдіске айналдырған. Пандемия кезінде де ауылдық дәрігерлік амбулаторияға үш мәрте дәрі-дәрмек жеткізіп, ауырған кісілердің айығуына септігін тигізген. Сабақ басталар кезде тұрмысы төмен отбасы балаларына смартфондар, «Балапан» арнасын көре алмай отырған төрт отбасына «Отау ТВ» қосып берген. 

Кәсіп түбі – береке

Ақжарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Мұнда 100 -ге жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 74-і жұмыс істеп тұр. «Бір ауылға осы да жетеді» деп барды қанағат тұтып отырған ақжарлықтар жоқ, бірақ. Ауыл әкімінің айтуынша соңғы кезде кәсіп ашуға ниет білдірушілер қарасы көп.  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында бірқатар азамат оқу курстарынан өтсе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  да оқығандар бар. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелентіп отырғандар да баршылық.

Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібін ашқанның бірі – Дархан Досболова. Ол «Талап» деп аталатын кондитерлік цех ашып, бүгінде ауылды нан өнімдерімен және кондитерлік тәттілермен қамтамасыз етіп отыр.  Цехта 5 адам жұмыс істейді.

– Тәтті пісіргенді жақсы көремін. Бұған дейін көрші-көлемнің тапсырыс­тарын үйде отырып пісірдім. Уақыт өте келе өз кәсібімді ашуды армандап, осы жолда мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қазір нан өнімдерінің бірнеше түрін шығарамыз. Түрлі тәттілерді де біздің қыздар дайындайды. Өнімдерімізді дүкенге қойып сатамыз. Алдағы уақытта кәсібімді үлкейтсем деген жоспарым бар. Цех ашуға қолдау көрсетіп, ғимарат тауып берген аудан әкіміне алғысымды айтамын, – дейді Дархан.

Ал Нұргүл Әбішова болса, «Еңбек» бағдарламасы аясында ие болған қайтарымсыз грантына тігін цехын ашқан. 7 адам жұмыс істейтін цехта үй жасауына қажетті көрпе- төсектер, жұмысшылардың арнайы киімдері, заманауи үлгідегі перделер тігілуде.

– Бұған дейін осында жұмыс істейтін келіншектер, әрқайсымыз үйді-үйімізде іс тігіп жүргенбіз. Аудан әкімі осы ғимаратты берген соң, осы жерге жиналып, бірлесе жұмыс істеудеміз. Тапсырыс жаман емес. Қазір елімізде кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол, жағдай жасалған. Алдағы уақытта кәсібімді  кеңейтуді көздеп отырмын, – деді ол.

Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыл әкімінің көптеген жос­пары бар екен.

– Ауылда кондитерлік, тігін цехтары жұмыс істеп тұр. Бұрын қайтарымсыз грантқа ие болған келіншектер үйді-үйлерінде, әрқайсысы өз бетінше тапсырыс қабылдап, өнімдерін сатып отыр екен. Тапсырыс түссе жұмыс болады, түспесе ол жоқ. Сонан бұлардың басын біріктіріп, үлкен цехқа айналдыруды қолға алдым. Алдымен ғимарат тауып беріп, олардың басын біріктірдік. Қазір жұмыстары жаман емес, тапсырыс алуларына да барынша көмектесудеміз. Алдағы уақытта ауылдан машина жөндейтін шеберхана ашуды жоспарлап отырмыз. Өйткені мұнда шеберхана жоқ екен. Сонымен бірге ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін жігіттер де кәсіп ашуға ниет білдіріп отыр. Қолынан іс келетін, ниеті бар жігіттерді неге қолдамасқа? Сондай-ақ, ауылда жанармай құю бекеті жоқ. Мұны да қолға алудамыз. Қазір ауылда урбанизация тоқтаған, яғни, қалаға кетушілер мүлде жоқ, керісінше қаладан ауылға келушілер көп. Биылдың өзінде төрт отбасы көшіп келді. Әлі де үй, жер сұраушылар көп. Бұған қуанамыз, – деді ауыл әкімі.

Ауыл келбеті де көз тартарлық. Бұл бірден байқалады. Тұрғындар туған жердің жылдан­жылға абаттанып, көркейіп келетінін айтты.

–    Соңғы жылдары ауылымыз абаттанып, жасанып, жайнап келеді. Биылдың өзінде Абайдың 175 жылдығына орай Абай көшесі жарықтандырылып, көшеге асфальт төселуде. Туған өлкеміздің таза, әдемі болғанына не жетсін, – дейді ауыл тұрғыны Балтабай Бедебаев.

Ал ауыл әкімі бұл бағытта да бірқатар жоспарлардың барын айтты.

–    Ауылға кіреберіс екі жағы қалың жыңғыл болатын. Сол жерді тазарттық.  Жалпы аумағы 4 шақырым жерге төрт қатарлап терек, қара тал, көк тал секілді саялы ағаштар егіп, жасыл желекке айналдырмақпыз. Сонымен бірге сол жерге ауылдың паспортын орнатуды көздеп отырмыз.  Ол үшін үш тақта жасап, ауылдың тарихи орындарынан бастап, осы ауылдан шыққан атақты азаматтар туралы мәлімет келтірсек дейміз. Машина жөндеу шеберханасы мен жанар-жағармай құю станциясын да осы жерден ашу жоспарлануда, – деді ол.

Жалпы «Ақжарда» айшықты бастамалар көп-ақ. Тірлігі мығым, берекесі бекем ауылдың абыройы арта бергей.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<