Халықтың тұрмыс сапасы депутаттар назарында

617

0

Биыл елімізде саяси маңызды жергілікті өкілді орган мүшелерін сайлау өтті. Жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару жүйесінде мәслихаттардың ерекше орны бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл барып тұрған саяси анахронизм», – деп нақты атап өткен болатын. Сонымен қатар мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келетін жергілікті түйткілді мәселелерге қатысты петиция беруді ұсынды.

Алдымен биылғы сайлау қорытындысының тарихына тоқталып өтсек деймін. 2021 жылғы 10 қаңтарда болған VII шақырылған Қызылорда облысы бойынша облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы алғаш рет прапорционалдық сайлау жүйесі бойынша өткізілді.

Пропорционалды жүйенің мәні сайлаушылар сайлауға қатысатын партиялар үшін дауыс береді. Оның мүшелерінің тұтастай беделі емес, партияның саяси-қоғамдағы беделі мен белсенділігі сайлаушылардың таразысына түседі. Халық сайлауға түскен партияның ішінен таңдаушылар жасақтаған тізімге назар аударады.

Биылғы тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді.

Қызылорда облысы бойынша, облыс, қала және аудандар мәслихаттарында сайланатын депутаттар саны 152 мандат болып белгіленді.

Қызылорда облыстық мәслихат депутаттығына – 33 мандат, Қызылорда қалалық мәслихат депутаттығына – 22 мандат, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған мәслихаттары бойынша – 15 мандаттан, Қармақшы ауданында – 13, Жалағаш, Сырдария аудандық мәслихаттарына 12 мандаттан шектері айқындалды.

Сайлау қорытындысы бойынша облыстық мәслихатта 33 мандат болса, оның ішінде «Nur Otan» партиясына 27 мандат, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына 3 мандат, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 3 мандат саны бөлінді.

7 шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының 42 пайызы бұрынғы шақырылымдарда депутат болса, 58 пайызы жаңадан сайланды.

Соған сәйкес, жетінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттық корпусы үстіміздегі жылдың 15 қаңтарында жасақталып, өз қызметтеріне кірісті. Халық қалаулыларының құрамы экономикамыздың сан салаларын қамтиды.

Олардың құрамында бір Ұлттық ғылым академиясының академигі, 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 5 магистр бар.

Депутаттық құрамда Парламенттегі депутаттық тәжірибесі бар Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы 1, 2, 3, 5, 6, 7 шақырылымдарда, Тілеп Ибадулла Тілепұлы 3, 4, 5, 6, 7, Шаутай Тілеуберген Құдайбергенұлы 4, 5, 6, 7 және Әбдікәрімов Шакизада Өтетілеуұлы 4, 6, 7 шақырылымдарда депутат болып сайланып, ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, көптеген әріптестеріміз қалалық, аудандық мәслихаттарда мол тәжірибе жинақтаған.

Мәслихат жұмысы «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және ҚР қолданыстағы өзге заңдары, облыстық мәслихаттың регламентімен реттеледі. Бұл жерде «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе билік пен басқаруды ажырата алмай жүрген басшылар жеткілікті. Билікте бөлініс болады. Ал жергілікті басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты мәслихат пен әкімдік жүзеге асырады.

Биылғы жылдың ерекшелігі шілде айынан бастап барлық сессияны тұрақты түрде мәслихат хатшысы жүргізеді.

Мәслихат жұмысының негізгі нысаны сессия болып табылады. Кезекті сессия кемінде жылына төрт рет өтеді. Шұғыл шешілуі тиіс мәселелер туындаған жағдайларда мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, немесе әкімнің ұсынысы бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылады.

Мәслихаттың алғашқы сессиясында негізінен ұйымдастыру мәселелері қаралды, атап айтқанда, мәслихат хатшысы сайланып, 4 тұрақты комиссия белгіленіп, олардың төрағалары мен мүшелері нақтыланды. «Nur Оtan» партиясының, кейін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының және «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциялары тіркелді.

Облыстық мәслихаттың қызметі заңдылығы сақталып, сессияда бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Есепті кезеңде облыстық мәслихаттың 10 сессиясы (5-і кезекті, 5-і кезектен тыс) өткізіліп, сексеннен астам шешім қабылданды. Облыстық мәслихаттың жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 19 шешімі Әділет министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланды. Ал, шешімдердің заңдылығына сәйкес прокуратура органынан наразылықтар мен ұсыныстар түскен жоқ.

Мәслихаттар құзыретіне жататын негізгі мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы негізгі құжат болып саналатындықтан, сондай-ақ жыл ішінде түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі туындайды.

Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы 51 сессиясында бекітілген «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімі қаңтар-желтоқсан айларына дейін 4 рет нақтыланды.

Осы нақтылаулардың нәтижесінде 2021 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 411,6 млрд теңгеден 448,9 млрд теңгеге дейін өсіп, 109 пайыз болды. Аталған өсім жергілікті бюджеттің өз кірістері және республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер көлемінің ұлғаюынан қалыптасып отыр.

2021 жылы облыстық бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік салаға қаралып, республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 523 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Жыл көлемінде депутаттардан қаржысы 15566,8 млн теңгені құрайтын 160 сұрақ келіп түсті. Ұсынылған мәселелер уақыт ағымына және облыстық бюджет мүмкіндігіне қарай шешімін табуда. Олардың 16 пайызына биыл қаржы бөлініп шешілді. Көп ұсыныстар ұйымдастырушылық, реттеушілік, құзыреттіліктерге қатысты болғандықтан, заң аясында шешімдерін тауып келеді. Ал ұсыныстардың 25,5 пайызына  2022 жылға қаржы қаралды.

Алдағы үш жылға арналған облыстық бюджеттің жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін мәслихатқа келіп түсті. Облыстық мәслихат аппаратына түскен облыстық бюджет жобасы дереу депутаттарға таныстырылды. Сонымен қатар, қалада, аудандарда облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен бюджет жобасын талқылаулар болды. Содан соң осы жылдың 8-10 қараша аралығында «экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияда»  барлық бюджет әкімшілерін тыңдау өтті. Әрбір басқарма басшысы тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша қысқаша түсіндірме жасап, оның алдағы жылға межеленген қаржыландыру жобасының жайын баяндады, депутаттардың сұрақтарына  жауаптар берді.

Депутаттардың қатысуымен осылай талдау өткізу барысында бюджет жобасындағы параметрлер бойынша кейбір тұстары назарға алынды. Комиссия жұмысы кезінде мәслихат депутаттары және басқармалар тарапынан барлығы 31924,0 млн теңгені құрайтын 274 сұрақ талқыланды.

Оның ішінде 21764,0 млн теңге болатын 198 ұсыныс депутаттардан, 10159,8 млн теңге болатын 76 ұсыныс бағдарлама әкімшілері тарапынан жасалды. Тұрақты комиссия  мүшелері оларды ретке келтіру жөнінде нақты ұсыныстар жасап, мәселені қосымша қайта қарау жөнінде келісілді. Бюджет шығындарын көбейту туралы сұраныстарды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мұқият қарап, қанағаттандыруға жататын көлемін бюджетті бекітуге шығарды. Келісілген ортақ шешім ғана өміршең болатындығын практика көрсетуде және ондай бюджетпен жыл ішінде жұмыс жасау аса қиындық тудырмасы анық.

Осылайша депутаттар алдағы қаржы жылының негізгі құжатын талқылауға белсене қатысып, 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің сапалы болуына өз үлестерін қосты.

Өкілді органның негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Депутаттардың сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс шаралары ұйымдастырылған. Олардың жеке қабылдау кестелері БАҚ, мәслихат сайтында, «Nur Оtan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жарияланған. Мәслихаттың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарын таныстыру мақсатында жылдық медиа-жоспар бекітіліп, жұмыс жүргізілді. Телеарнадағы «Мәслихат» бағдарламасына жекелей эфирге шықты. Облыстық басылымдарға депутаттардың 21 мақаласы жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 кыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі тапсырмаға сәйкес мәслихаттың сессия отырыстары отандық «Aitube» (Айтюб) порталында онлайн трансляция арқылы тұрақты өткізіліп келеді.

Сондай-ақ, 2021 жылдың қаңтарынын «Aitube» каналынан «Депутат күнделігі» айдары өз жұмысын бастады. «Aitube» каналы мен облыстық мәслихаттың «Facebook» парақшасында тікелей эфирде өтетін «Депутат күнделігі» айдары бойынша депутаттармен 22 сұхбат жүргізілді. Тікелей эфир барысында сайлаушылар тарапынан өзекті мәселелер көтеріліп, олардың сұрақтарына депутаттар тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Халық қалаулылары облыс көлемінде жұртшылықпен 70-тен астам кездесу өткізіп, рейдтерге шығып, кестеге сәйкес қабылдаулар жасады. 

Кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлер облыстық мәслихат аппаратында жинақталып, оларды орындау бойынша іс-шара жасалып келеді. Оның орындалуы облыстық мәслихаттың бақылауында болады.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес, депутаттардың біліктілігін үнемі көтеріп отыру жұмыстары жүргізілді.

Осы жылға 11 қараша күні «Қазақстандағы парламентшілікті дамыту қорымен» «мәслихаттардың әлеуеті мен рөлін күшейту» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған семинар-тренингке облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.

Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалында ұйымдастырылған біліктілігін арттыру курсына облыстық мәслихаттың 11 депутаты қатысып, арнайы сертификат берілді.

2022 жылдың қаңтарынан облыстық мәслихаттардың екі комиссия төрағасы тұрақты негізде жалақы алып жұмыс жасайтын болады. Бұл өз тарапынан мәслихаттардың жұмыс сапасын арттырады деп сенеміз.

Халық аманатын арқалаған депутаттардың сол халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы жауапкершіліктері жылдан-жылға арта беретін болады. Мұның бәріне бірлік пен ынтымақ арқылы жете аламыз.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<