Облыстық перинаталдық орталығында қызмет ететін ерлі-зайыпты дәрігерлер Турмуратов Батырхан Осимкулович пен Есенеева Кульбарам Адильбековна – кәсіби біліктілігі мен отбасылық жарасымын ұштастыра білген мамандар. Олар күн сайын бір ұжымда еңбек етіп, ортақ мақсат – ана мен бала денсаулығын қорғау жолында өз білімдері мен тәжірибелерін біріктіріп келеді.
Батырхан Турмуратов пен Кульбарам Есенеева 2007 жылы Астана медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығына оқуға түсіп, 2013–2015 жылдары интернатураны, ал 2015–2018 жылдары «Акушерия және гинекология, оның ішінде балалар акушериясы мен гинекологиясы» мамандығы бойынша резидентураны тәмамдап, дәрігер акушер-гинеколог біліктілігін алған.
Еңбек жолын Батырхан Турмуратов 2018 жылы, ал Кульбарам Есенеева 2019 жылы Қазалы аудандық ауруханасында дәрігер акушер-гинеколог ретінде бастады. 2024 жылдан бері екеуі де Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты Облыстық перинаталдық орталығында қызмет атқарып келеді.
Ортақ мамандық пен өзара түсіністік олардың күнделікті жұмысында ерекше үйлесім қалыптастырған. Олар жүкті әйелдерге, босанушылар мен гинекологиялық науқастарға жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп, әрбір клиникалық жағдайда кәсіби тәжірибесі мен білімін тиімді пайдаланады.
Бүгінде ерлі-зайыпты дәрігерлер өздерінің негізгі қызметімен қатар, жас мамандарға тәлімгерлік жасап, тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Ұжымдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүрген олардың еңбегі орталықтағы медициналық көмектің сапасын арттыруға және пациенттердің сеніміне ие болуға зор үлес қосуда.
Ақ халатты абыроймен киіп, өмірде де, қызметте де бір-біріне тірек болған бұл дәрігерлер отбасы – кәсібіне адалдықтың, еңбексүйгіштіктің және адам өміріне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі.






