Комиссияның алғашқы отырысы

485

0

Қызылорда облысында газ бағасына қатысты дау-дамайдың басылмай тұрғанына біраз уақыт болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті  облыс бойынша департаментінің  бұйрығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалына 2020-2025 жылдарға арналған тауарлық газды тасымалдау тарифін бекітті. Ол бұрынғы қолданылып келген тарифтен 34,6% төмен. Бірақ акционерлік қоғам департаменттің бұйрығымен келіспей, сотқа арыз берді. Бірінші және екінші сатыдағы сот шешімдерімен акционерлік қоғамның талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Мұнан кейін де бірнеше рет сотқа жүгінулер болып өтті.

Облыста газ тарифінің елеулі көтерілуі жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызуы себепті аталған мәселе облыстық Қоғамдық кеңес отырысында екі мәрте қаралған болатын. Кеңестің 2021 жылғы 7 қазандағы отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес аймақта газ бағасы тарифінің құрылымын, газ көлемін, оны өндіру мен тасымалдау мүмкіндігіне мониторинг жасау және ұсыныстар әзірлеу мақсатында Қоғамдық кеңес жанынан сараптамалық комиссия құрылды.

«Достық үйінде» сараптамалық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Оған Қоғамдық кеңес төрағасы Б.Досманбетов, кеңес мүшесі және комиссия төрағасы Б.Нұрхожаев, қоғам қайраткері, «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қожахмет Баймаханов, облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экономикалық тексеру департаменттері, «Атамекен» ҰКП, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы мен «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС өкілдері және тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Жиын барысында комиссия төрағасы газ бағасын түсіру бойынша осы кезге дейінгі айтылған ұсыныстар мен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, комиссияның алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталды. Оның ішінде, газ бағасының халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететінін тілге тиек етіп, Қоғамдық кеңес алаңын пайдаланып, бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Кожахмет Баймаханов басқа өңірлермен салыстырғанда Қызылорда облысындағы газ бағасының бірнеше есе қымбат екеніне және газ бағасын көтеру барысында қанша проценті инвестициялық шығындарға кеткенін бөліп көрсету қажеттігін атап өтті.

Комиссия отырысына қатысушылар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ермек Қалдығұловтың және «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС газ шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Нұрмағамбетовтің  газ бағасы тарифі мен кеніште өндіріліп жатқан газ көлемі туралы келтірген мәліметтерімен танысты.

Олардың атап өткеніндей, газдың шекті бағасы үш құрамнан тұрады. Біріншісі – көтерме сауда бағасы. Бұл газды өндірушінің кен орындарынан газды өндіру және дайындау шығындарының өзіндік құны, сондай-ақ газды магистральдық газ құбырлары арқылы өңірлерге жеткізу шығыны кіреді. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын жыл сайын ҚР Энергетика министрлігі әрбір облыс үшін жеке белгілейді. Газ бағасындағы үлесі 55%-ті құрайды.

Екіншісі – тасымалдау тарифі, бұл облыс бойынша тарату желілері үшін қызмет көрсететін пайдаланушы мекеменің шығындары. Газды тарату жүйелері арқылы тасымалдау тарифін уәкілетті орган (Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті) «Табиғи монополиялар туралы» заңына сәйкес бес және одан да көп жылға белгілейді. Газ бағасындағы үлесі 39%-ті құрайды.

Үшінші бөлігі газды өткізуге арналған шығындар, бұл – компанияның газ сату авариялық-диспетчерлік қызмет бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға арналған шығындары. Департамент Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес белгілейді. Газ бағасындағы үлесі 6%-ті құрайды.

Өндірістік филиал кезінде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласына газ жеткізу жобасын қаржыландыру мақсатында банктерден 24 млрд теңге несие алған. Банк үстемесімен барлығы 37 млрд теңге қайтаруы тиіс. Бүгінге дейін оның 16 млрд теңгесі қайтарылса, әлі 20 млрд теңге берешегі бар. Осы қаржыны қайтару үшін сол кезде газ тарифі 8 теңгеден 21 теңгеге көтерілген болатын. Бірақ сол кезде жоспарланған көптеген өндіріс орындары (шыны зауыты және т.б) іске қосылмай, сол себепті тұтынылған газ көлемі жоспарланған көлемнен біраз кем болып шықты. Бұл жағдай «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның банк алдындағы инвестициялық міндеттемелерін орындауға қиындық тудырған.

Бүгінгі таңда қолданыстағы газдың шекті бағасы тұрғындар үшін 6%-ке төмендеп, бір мың текше метрі үшін ҚҚС-мен 18476,10 теңгені құрайды.

Өткен жылы мұнай кеніштерінде өндірілген 287 мың текше метр газ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на берілген. Оның 177 мың текше метрін «Кристалл Менеджмент» компаниясының электр энергиясын өндіретін кәсіпорны пайдаланады. Ал облыс орталығына жеткен 110 мың текше метр газ түгелімен жылу электр орталығына берілген. Ал тұрғындар мен заңды тұлғалар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырындағы «көгілдір отынды» пайдалануда.

Комиссия отырысының нәтижесі бойынша газ бағасының тарифіне қатысты жауапты салалардан қажетті ақпараттар жинақталып, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен талдау жүргізілетін болды. Талдау қорытындысы бойынша мәселе Қоғамдық кеңес отырысында қаралып, ұсыныстарды аймақ басшылығы мен жауапты министрлікке жолдау туралы ортақ шешімге келді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<