Қара орман – қазынамыз

741

0

– Қыстың қытымыр аязы мен аптап ыстығына шыдап, әрбір тал-дарақ пен аң-құстың амандығын сақтап, өз жеріндегі экологиялық ахуалын күзеткен біздің қызметкерлерді бірі білсе, біреуі білмейтін де шығар, – деп әңгімесін бастады Тілепберген Мұхамбетов.

Айтпақшы, Тілепберген аға Қазалыда тұрады. Осындағы Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде директордың орынбасары.

– Мектеп бітіргелі бері осы саладамыз. Арасында әскерге барып келдік, – деп әңгімесін бастады кәнігі орманшы. – 1986 жылы Бурабай қаласындағы  орман шаруашылығы техникумына түсіп, 1988 жылы «орман технигі»  мамандығын алып шықтым. Сол жылдан бері осы мекемеде  орман күтуші, орман шебері, орманшы болып жұмыс істедік. 35 жылға жуық бір салада жүру оңай емес. Қазір басшының орынбасарымын. Сенсеңіз, әкем де 40 жыл орманшы болды. Әке жолымен келе жатырмын.

Бізде орман алқаптарын қорғайтын 8 мекеме бар. 378 орманшы қызмет атқарады. Міндеті – өңірдегі орман мен тоғайлы жердегі барлық қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, өсіру.

Аралдың тартылуы облыстағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауыл ұзыннан 400, көлденеңінен 40 шақырымға дейін жетеді екен. Шаңды дауылдардың радиусі – 300 шақырым.

Мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны – 4,5 млн гектар. Осынша гектардың 2,2 миллионы Қазақстан аумағында деп көрсетілген. Аз жер емес. Құрғақ аймақтың тұз басып, шөлейт жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсерін айтсаңызшы! Жануарлар мен өсімдіктердің көбеюіне қарсы мұндай факторларға бірден-бір амал не болар екен?!

– Теңіздің құрғап қалған ұлтанындағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда біраз жұмыс атқарылды. Аралдың деңгейі  1968-1990 жылдар аралығында негізгі жер жағалауынан 100-150 шақырымға дейін қайтып кетті. Бұрынғы су жатқан ұлтандары жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. 1991 жылы «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, құрғаған ұлтанды орманға айналдыруға өңірдегі орманшылар жұмылдырылды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және молайту» бағдарламасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2003-2013 жылдар аралығында теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызып қана қоймай, оның тұқымын себу жұмыстары жүргізілді, – дейді Т.Мұхамбетов.

Осы жерде нақты деректер келтірсек. Тәуелсіздік алғалы 30 жылда Қазақстан үшін, сондай-ақ дүниежүзілік шөлейттенумен күрес үшін үлкен маңызы бар Аралдың құрғаған ұлтанында көп еңбек атқарылды. Әсіресе, құм көшкініне тосқауыл қою мақсатында 195 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Кейінгі 5 жылда орман алқабына 55 мың гектар ағаш көшеттері отырғызылды. Президент Жолдауында көрсетілген мемлекеттік орман қоры жерінде 2 млрд ағаш егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында аймақта 177,5 миллион түрлі көшет отырғызу жоспарға енді. Бұл жұмыстардың бастамасы ретінде биыл 1000 гектар жерге 1,8 млн сексеуіл көшеті егілді. Қараша айында барлық орман мекемелері арқылы 13300 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланып отыр.

– Осындай жұмыстар кейін де жалғасын тапты. 2018-2020 жылдар аралығында «Қазақстанның биосаналуандылығын сақтау» корпоративтік қоры арқылы Арал теңізінің ұлтанындағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату мақсатында сексеуіл көшеттерін отырғыздық. Көшкен теңіздің қасіреті оңай емес. Зардабы одан да көп. Осы мақсатта қолымнан келгенше еңбек етіп,  үлесімді қосып келемін, – деп ағынан жарылды байырғы орманшы.

Қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтау үшін теңіз ұлтанына сексеуіл, сарсазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктер көптеп отырғызылуы тиіс. Мамандар тәжірибесі осыны дәлелдеп отыр. Бір қызық дерек, сексеуілдің бір түбі 10-нан 100 тоннаға дейін құмды бөгеп, ұстай алады екен.

Орманшының марапаты жоқ емес. Басшылық ен далада жүріп, осындай еңбек қылған жігіттерін елеусіз қалдырмапты. Тілепберген аға Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының Алғыс хатымен қатар, облыстағы салалық басқарма басшысы, Қазалы ауданы әкімінің марапатын алған.

Қуанышты жаңалық, жақында ғана Арал мен Қазалы орманшыларына су жаңа тракторлар берілді. Биыл орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен 340 млн теңге бөлінген. Бұған 2 дана өрт сөндіру автокөлігі 6 дана ХТЗ тракторы алынды. Бір өрт сөндіру машинасы мен 3 трактор Қазалыға берілсе, 3 тракторды Аралдың орманшылары алған. Ал қалған бір дана өрт сөндіретін көлік Қызылорда қаласының орманшыларына бұйырды.

Айтпақшы, орман агрегаты, тұрғын вагон, су және жанар-жағармай цистерналары, шатыр, ауыр жолға шыдас берер «УАЗ» көліктерін  алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүріп жатыр. Жалпы 2022-2024 жылдар аралығында теңіз ұлтанында сексеуіл егуге қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен жыл сайын 600 млн теңге ақша бөлінетін болды.

Жалпы облыстағы жер көлемі 226 мың шаршы шақырым болса, бұл Қазақстан аумағының 8,3 процентін құрайды. Ал аймақтағы орман қоры – 6 млн 672 мың 968 гектар. Мамандар осылай дейді. Айтпақшы, мұның өзі үшке бөлінеді. Облыстың тікелей өзіне қарасты мемлекеттік орман мекемелерінің жері – 6 млн 509 мың 717 гектар. Ал республикалық «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының жері – 163126 гектар болса, «Қазақстан темір жолына» қарасты 125 гектар жер бар.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<