Қаратаудың қойнауы

1897

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында киелі жерлерді сақтау мен жаңғыртуға ерекше мән берілген.

Мұндай тарихи орындар 400 шақырымға созылып жатқан Қаратау қойнауында өте көп. Ғалымдар тасқа қашалып салынған суреттер қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында бейнеленген деп жорамал жасап жүр. Археологтар зерттеуге алған тастағы таңдалы суреттер қазір мыңнан асады.

Жаңақорған ауданының қазіргі Талап ауылының тұсында да осындай киелі орындар бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Қызылорда облысымен шектесетін аймақтарында да ондай орындар жетерлік. Ғалымдардың айтуынша, шимайлы тастар тік, қия және ірілі-ұсақты қой тастарда бедерленген. Көшпелі тайпалар өзінің өмір сүру дәстүрі жайлы кейінгі ұрпаққа аманат еткен секілді. Салт-сана, діни түсініктер, ырымдар және әдет-ғұрып қашап салынған көне туындыларда өз бейнесін тапқан. Аңшылық өнерді де сурет арқылы жеткізгісі келген екен. Қола дәуірінде қашалған тастарда соғыс арбалары көптеп кездеседі. Жергілікті халықтың ежелгі рухани өмірін айшықтайтын ерекше мәдени ескерткіштер біздің халқымыздың тамыры тереңде жатқанын, біздің де өзге жұрт секілді тарихымыз қаншама дәуірлерге созылатынын айғақ етеді.

Жаңақорған ауданы тұсындағы Қатынқамал үңгірі жайында көпшілік жақсы біледі. Бұл жер – тарихи орын. Жаугершілікте қалың елге пана болды. Алайда, оның құпиясы әлі ашылған жоқ. Үңгір қалай пайда болды екен? Ел айтатын әфсана түрліше сөйлейді. Ғылым тілімен дәйек жоқ. Қазірге дейін Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар екен. Көбісі әлі зерттеле қоймапты. Киелі қоныста ел-жұрттың аузында жүрген талай жерлер әлі де құпиясын ішіне бүгіп жатыр.

Ескінің әңгімесін жақсы білетін бір ағамыз бірде маған:

– Тастүскен деген жерді білесің бе? – деп сұрады. Елең ете қалдым. Бұрын-соңды естімеген екенмін. Басымды шайқауға тура келді.

– Ол қай жерде?

– Ол жер Қаратауда орын тепкен. Әрине, елдің көзі онша түсе бермейді. Оған бару жаяу жолаушыға оңай тимейді. Жастау кезімде сол жерге болған едім. Жаратылыстың құдіретіне шек болсайшы. Кәдімгідей тас түскендей көрініс береді. Сондай-ақ, үлкендерден Күйгентас деген жерді де естігенмін. Атынан-ақ көрініп тұр, тау тастары өртенген секілді қарақошқыл болып тұрады. Бұдан басқа да осындай жерлер бар. Алайда, бұл жерлер әлі де түбегейлі зерттеліп жатқан жоқ.

Табиғаттың тамашасына көз салғыңыз келсе, Қаратаудың баурайына барсаңыз, келбеті көркем көптеген көрікті жерлерді көріп, көңіліңіз көтеріліп қайтады. Жаратылыстың сұлулығы мұнда да жетіп жатыр. Оны қолмен қашап жасаған мүсіншінің туындысы дерсіз. Алайда, оның барлығы – он сегіз мың ғаламның төл туындысы. Беткейінің топырағы да басқаша, қоңыр және қызғылт қоңыр түсті, келген адамның көзіне ол бірден түседі. Сан алуан өсімдіктер де таудың келбетіне шырай қоса түседі.

Көктем мезгілінде таудың етегі қызылды-жасылды қалы кілемдей жайнап кетеді. Қырдың қызғалдағы, сарғалдағы және өзге гүлдер көздің жауын алады. Құдды бір Иран бағын аралап жүргендей әдемі күйге бөленесің. Әсіресе, қызғалдақты айтсаңызшы. Айтпақшы, қазір әлемде гүл бизнесімен өркенін жайған Голландия оның түпкі отаны – Қазақстан екенін жоққа шығарып отырған жоқ.

1246 жылы итальян жиһанкезі Плано Карпини Қарақорымға сапарға шыққан екен. Жолай Қаратаудың етегі арқылы жүрген. Жергілікті жердегі сұлу табиғатқа тәнті болған ол қазақ даласының керемет көрінісі аз емес екеніне еріксіз бас шайқаған. Көктем мезгілі болғандықтан, Қаратау етегі де алуан түске боялып, өзіне еріксіз баурап тұрған шағы екен. Жиһанкез қызғалдаққа көз салып, жанында жүрген қосшыларына «Не деген әсем гүл?» деп таңданысын білдіріпті. Оның тұқымын өзімен бірге ала кеткен көрінеді.

Бұл бізге ой саларлық дүние. Біз әлі күнге дейін қазақ жерінің қымбат қазынасын тани алмай келеміз. Өкініштісі, қазір қызғалдақ дегенде Голландия елі ойға орала береді…

Қаратауды мекен еткен аң мен құс көп-ақ. Кезіндегі салқын көзқарас олардың кейбірінің тұқымын тұздай құрта жаздағаны рас. Солардың бірі – арқар. Ол мүйізі күнмен шағылысып, саят құрған пендеге өзінің сұлулығын паш ете түседі. Ғалымдар оның негізгі шыққан жері – Қаратау деп айдай әлемге жар салып жүр. Бәлкім, солай да шығар. Қаратау арқары тек осы жерді ғана мекен етеді. Жарықтық жануар өзге өңірді өз қонысы секілді көре алмайды екен. Таулы аймақтың жазықтау жерінде жүретін аң олай-бұлай көшіп жүргенді қалай бермейді. Ұшқан құс пен жүгірген жануарды есепке алатын ғалымдар оның саны кеміп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында таудың баурайында бар-жоғы 150-250 арқар көзге ұшырасқанға ұқсайды. Қазір одан екі есеге азайып кеткен.

Ғалымдар Қаратаудың қойнауы қазба байлыққа толы дейді. Бұл сөздің жаны бар. Қорғасын мен мырыш, фосфор секілді қат дүниелер қоры жетерлік мұнда. Кейбірі өндіріліп те жатыр, енді біріне түрен тие қойған жоқ…

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<