Шекара шебінде

1226

1

Отанды қорғап, күнітүні көз ілмейтін шекарашы мехнатын кез келген адам түсінбес. Жүректілікпен қатар, жылдамдықты қажет ететін бұл қызметті жігіттің жігіті атқаратыны анық. Темірдей тәртіпке шыдайтындарға ғана орын бар. Мұнда «істей алмаймын» деген сөз жоқ. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Қаружарақты пайдаланудан бөлек, небір ұрыс тәсілдерін игеру, техникалық құралдар мен көлік жүргізуБесаспап болу қажет. Тіпті, ас пісіруде де.

Құрылу тарихына көз жү­гіртсек, жиырма жылдан ас­қан әскери мекеменің ел үшін маңызы зор. Ұлттық қауіп­сіздік комитеті төраға­сының 1999 жылғы 15 қыр­күйектегі бұйрығына сәйкес, оңтүстік бағыттағы мемле­кет­тік шекараны нығайту мақ­сатында және ҚР ҰҚК шекара қызметінің даму бағ­дарламасына сай тұрақты жұмыс жасап келеді. Депар­тамент сол жылдан бастап Өз­бекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қор­ғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, қазақ еліне қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз орындап жүр.

Жуырда ҚР Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне қарасты об­лыстық шекара қызметі де­партаментінде болып, капитан Нұржан Күнтілеумен аз-кем сөйлестік.

Қарапайым отбасында дү­ниеге келген кейіпкеріміз жа­сынан спортқа құмар болған. Дзюдодан спорт шебері. Қа­ладағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиеленген. Ал жоғары білімді Қорқыт ата атындағы университеттен алған.

Нұржан қалай шекарашы болды? Аз-кем шегініс жаса­сақ, ол мектеп қабырғасынан бөлек, жоғары оқу орнында да дзюдодан ұлттық құрама сапында еді. Халықаралық жарыстарда жүлдегер болып, Қазақстан чемпионы атанған ол Азия чемпионатында үшін­ші орынға тұрақтаған.

   – Әкем әскердегі қызықты кездерін жиі еске алатын. Бала күннен әскери адам бо­луды қатты армандадым. Оқу бітіргеннен соң шекара қыз­метінен ұсыныс түсті. Мұнда мықты, спортшы жігіттер қат­ты қажет болды. Есімде, ең алғашқы жарыста бірінші орын алып, барша әріптес жігіттер қатты қуанған. Ше­караға жұмысқа тұрып, осын­да өз аймағымыздың аты­нан талай спорттық жа­рыс­тарға қатыстым. Одан бөлек, бар­лаушы болып қызмет еттім. Келісім-шарт негізінде, үш жыл десант­тық шабуыл­дау­шылар заставасында істедім. Шекара қыметінің намысын біраз жылдар бойы түрлі жа­рыстарда қорғап келемін, – дейді Нұржан.

Спорттық жетістігі мол жігіт 2012 жылы Ұлттық қа­уіпсіздік комитетіне қарас­ты Шекара қызметінің акаде­мия­сын оқып бітірген. Он бір жылдан астам қызмет істеген Нұржан көп қылмыстың ізіне түсіп, шекара бұзушылардың жолын кесіпті. Үш баланың әкесі. Әкеден жалғыз болса да, әскери өмірге ата-ана қар­сылғына қарамастан келген. Өйткені, олар баласын қиын мамандыққа әу баста жібергісі келмеген. Нұржан тұрған же­рін қорғауға ат­салысып жүр­генін мақтан тұ­тады.

Жалпы шекараны күзету кезінде жергілікті тұрғындар­дың да көмегі зор. Шекара ай­мағында тұратын халық шекара бұзушыларды ұстау­да ерекше қырағылық таны­тып, әскерилерге ұдайы көмек көрсетеді. Әске­ри бөлімнің қорғау нысаны Арал ауда­нының әкімшілік аймағынан бастау алып, Жаңақорғанға дейінгі аралықты қамтиды. Құрылғаннан бастап біздің шекарашылар елге заңсыз өт­пек болған келімсектерді ұс­тап, контрабандалық тауар та­сушының жолын кескен. Ел қазынасының ортаймауына орасан үлес қосқан.

– 2010 жылы Сарыағашқа іссапарға бардық. Күз еді. Түнгі он екі-бірлердің кезінде шекарада жатырмыз. Бізге ал­дын ала тапсырма түсті. Таңға жуық шекара бұзушыны бір орнында тапжылмай күтіп оты­рып, құрықтадық. Олар да өте әккі екен. Тіпті, сенің аңдып отырғаныңды алдын ала сезетіндері кездеседі. Тырп етпей, дыбысыңды біл­дір­мей, кірпік қақпай отыру – аса қиын. Шекара қызметі қырағылықты талап етеді, – дейді Нұржан Нартайұлы.

Иә, олар 1999 жылдан көрші Өзбекстан республи­касымен арадағы мемлекеттік шекараны қадағалап келеді. Күзетуден бөлек, заңсыз кө­шіп-қонудың алдын алу, елдің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті зат­тардың кірмеуін қадағалайды. Контрабанда, есірткі бизнесі секілді заңсыз іс-әрекеттер  шекара аумағында жиі бола­тыны белгілі.

«Шекара мәселесінде ұсақ-түйек деген мүлдем болмайды. Біз үшін ата-бабамыздан қал­ған атамекеннің әр пұшпағы аса қымбат» дейді ел шебіндегі азаматтар.

Бауыржан ҚОЖАНТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<