Шиелі, шырай көрдім келбетіңнен…

365

1

Шиелі – еңбекті сүйген жұрт. Содан болар, бұл елде бейбіт күннің батырларының көптеп болуы. Бір мысал. Осындағы шағын ауыл Ақмая-Авангардтың өзінен 16 Еңбек Ері шығыпты. Ал, жалпақ жатқан Шиеліден 40 адам Социалистік Еңбек Ері атанған. Ыбырай Жақаев атамыздың өзі қара кетпенін құлаштай сермеп, осы марапатты екі рет иеленген.


Міне, біз Шиелідеміз. Қойын дәптерді қолтыққа қысып, көргенімізді түртіп аламыз. Мақсат – мемлекеттік маңызды бағдарламалардың өңірлерде орындалуын көру.


Жаңа әкім және Жаңатұрмыс

Осында жүріп естігеніміз, аудан орталығына төбесі көрініп тұратын Жаңатұрмыс ауылдық округіне жақын күндері газ барады. Шиелі ауылдарының 70 проценті ауданға тиіп тұр. Мұның пайдасы, орталықта газ тарату пунктерінен елді мекенге көгілдір отынды жеткізу аса қиындық тудырмайды. Жаңатұрмыс ауылдық округі, Байсын ауылы да осындай еді.


Байсынның әкімі жаңадан тағайындалған. Оның айтуынша, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде қомақты қаржы бөлінген. Бас мердігер «Сапақ» ЖШС ауыл ішіне газ құбырын тартып, қазан айының ортасында бұл жұмыстар толық аяқталады.


– Ауылға тартылған газ құ­быры 17 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме осындағы 159 үйдің ауласына кіргізіп береді. Осы жұмысқа жергілікті халықтан 16 адам тартылды. Қазір үшінші ай. Жалақылары тұрақты. Ауылдан қосымша техника да жалға алынды. Айтпақшы, мердігер мекеме ауылдағы тұрмысы төмен екі отбасының үйіне газ тартуды тегін жүргізіп, пеш пен басқа құралдарын тегін алып бермек. Ауыл мешітіне де сондай көмек көрсетіледі, – дейді ауыл әкімі Балдаурен Шәкіртаев.


Газ келсе, ауыл өмірі шынымен жақсарары анық. Өйткені, бұрын­ғыдай емес, ауылға көшіп келіп, кәсіппен айналысамын дейтіндер көбейген. Биылдың өзінде Байсында 17 жаңа үй тұрғызылып жатыр. Әкім сөзіне сенсек, жақын күндері осы елде 21 түрлі нан өнімдерін аудан орталығы мен жергілікті халыққа ұсынатын наубайхананың құрылысы бітеді. Үш мал бордақылау алаңының жері белгіленіп, бүгінде құжаттардың рәсімделуі бітуге таяу тұр. Ең қуаныштысы, келесі жылы Жаңа­тұрмыста 250 орындық жаңа мектеп бой көтереді. Жоба-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыға өтінім беріліп қойған.

Кептелістен құтылар күн алыс емес

Шиелі ауданының орталы­ғындағы басты мәселенің бірі – темір жол өткелі. Шыны керек, әрі-бері пойыз өткенде 1-1,5 шақырымға дейін кептеліс пайда болып, жүргізушілер жүйкесіне үлкен салмақ түсірген өткел мәсе­лесі биыл оң шешімін таппақ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде қаржысы ше­шілген көпір құрылысы жыл аяғына дейін бітеді.


– Осы бағдарлама аясында біз­дің бөлім арқылы жүргізілетін жо­балардың бірі – «Шиелі-20 бекет» учаскесінің 2945 ша­қыры­мын­дағы қос жолды темір жол ар­қылы автокөлік өтетін көпір салу» жобасы. Құрылысқа жауапты мер­дігер – «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС.

Өткел Шиелі тұрғындарын талай жылдан толғандырған мәселе еді. Енді құрылысы басталып, жұмыс қарқыны едәуір күш алды. Жобаға 674 млн теңге қаржы бөлінген. Көпірдің ұзындығы 150 метр болса, ені 22 метр болады. Екі жағынан тұрғындар өтетін жол да салынады. Екі жақтан да келетін көліктердің қозғалысына ыңғайлы жол қарастырылған. Көпір бітсе, 80 мың тұрғыны бар ауданның көлік қатынасында ең маңызды нысан болмақ, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман.


Бөлім басшысының айтуынша, аспалы көпір желтоқсанға дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс басында негізгі мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындардан 40-тан астам адам жұмысқа тартылған.

Цемент өзімізден болған соң…

Ауылшаруашылық саласында еңсесі биік Шиелінің өндірістік аймақ екені тағы белгілі. Осындай нысандар қатарына осыдан екі жыл бұрын іске қосылған «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС кіреді. Жалпы құны 64 млрд теңгені құраған, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауыт – аудандағы Қытай халық республикасымен бірлескен және Индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалардың бірі.
Біздің қолдағы мәлімет бойынша осы зауытта 247 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның 80 проценті – Қазақстан азаматы. Ал, кешегі тамыз айында зауыт 51 мың тонна цемент өндіріпті.


Цемент зауыты өзінде болған соң, Шиелі ауданы темір-бетон және асфальт-бетон өнімдерін өндіруді қолға алған. «Шиелі Жолшы» ЖШС бастаған, барлық жобалық құны 180 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын темір-бетон өнімдерін өндіру және асфальт-бетон зауыты үшін индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімі табысталыпты. Екі жыл бұрын аталған серіктестік асфальт-бетон зауытына көршілес Қытай елінен 45 млн теңгеге құрал – жабдықтар әкелініп орнатқан. Зауыт тәулігіне 400 тонна асфальт өнімдерін шығарады. Сондай-ақ, 19 адам жұмыспен қамтылыпты.
Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдар­ламасы арқылы екінші деңгейлі банктен 80 млн теңге несие алған «Шиелі Жолшы» ЖШС темір-бетон өнімдерін өндіру зауытын іске қосып, қосымша 15 адамды тұрақты жұмысқа алыпты. Бұл зауыттың қуаттылығы жылына 2500 дана темір-бетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы.
«Мұнда әр түрлі плита, блоктар шығарылады. Зауыт – Түркістан облысы мен Қызылорда арасындағы жалғыз өндірістік орын. Сұраныс жеткілікті. Асфальттан бөлек, құрылысқа қажетті бұйымдарды «Қазатомпромның» кен орындарының тапсырысы арқылы жөнелтеміз. Ауданға қажетті барлық керектілер біздің зауыттан өндіріледі», – дейді зауыттың басқарушысы Иманқұл Кенжеалиев.

Ақ күріштен азығым…

Аудан жылына 30 мың гектарға жуық ауылшаруашылық дақылдарын ексе, соның 14353 гектары күріш, қалғаны – бидай, жүгері, тары, мақсары мен мал азығына қажетті жоңышқа және бақша өнімдері. «Ақ күрішті азығым» дейтін Сыр бойы халқының жыл сайын қырман басында дәннен тау тұрғызатынын өзге аймақ әлдеқашан мойындаған. Комбайн өңешінен өткен өнімнің қырман мен диірмен басына келетіні анық. Шиеліде жеке кәсіпкер Бағлан Әшірбеков осы мақсатта күріш ақтау зауытын ашып, қалдықтарынан мал азығы – құрама жем өңдеуді қолға алған.


110 млн теңгеге жуық қаржы құйып, екі жыл бұрын зауыт ашқан кәсіпкер қосымша күріш шаруашылығымен айналысады. Ол тұрғызған зауыт тәулігіне 80 тоннадан астам күрішті ақтап беруге қауқарлы. Сондай-ақ, 30 тоннаға жуық күріш жармасынан мал азығын дайындап жүр. 12 адам жұмыс істейді.


Ал, біз көрген екінші нысан да жеке кәсіпкердің еншісіндегі зауыт. Бұл да күрішті қауызынан ажыратып, ақтайды, екі түрлі мал азығы – жарма мен кебекті қосымша дайындайды.


Баста шағын диірмен ретінде 7 жыл жүмыс істедік. Қазір зауытты үлкейттік. Жаңа заманауи құрылғыларды Қытайдан алдырдық. Жалпы, зауытты үлкейтуге 50 млн теңгедей қаржы кетті. Тәулігіне 30 тонна ақ күріш шығарамыз. Оның негізгі тұтынушылары аудан тұрғындарынан бөлек, облыстан тасымалдайтындар да бар. 8 адам тұрақты жұмыс істейді, – дейді зауыт басқарушысы Қанжар Әзімбек.

Кент келбеті қандай?

Аудан орталығының ажары қандай?! Шыны керек, мәселе жоқ емес. Бірақ, бұл бірден оңынан шешіле қоймайтыны анық. Айналып келгенде, бюджеттің бүйірін тесуге тура келеді. Әсіресе, көше жолдарын жөндеу – қаржының қыруар болуын талап етіп тұр.


Шиелі бұл жағынан ұятты емес екен. Атқарылған, атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік. Бастысы сапа ғой. Кент әкімінің орынбасары Болат Баймағанбетов көшелерді жөндеу қарқыны биыл ерекше екендігін айтады.


«Жыл басынан бері аудандық бюджеттен 62 млн теңгеден астам ақша бөлініп, ұзындығы 1980 метр 5 көшеге орташа жөндеу, 27 көшеге жай жөндеу, яғни, тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасымен Шиелі кенті бойынша республикалық бюджеттен 75 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді қазір қосымша аудандық бюджеттен бөлінген 115 млн теңгеге 14 көше жөнделетін болады», – дейді кент әкімінің орынбасары Болат Баймағанбетов.


Ауданды абаттандыруға да ерек­ше көңіл бөлінген. Жоғарыда атал­ған «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол кар­тасы» бағдарламасымен кенттегі «Көкшоқы» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен Яссауи көшесі бойындағы аллея абаттандырылып жатыр. Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов, Әл-Фараби көшелеріндегі жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жақын күндері бітеді. Бұған бөлінген қаржы 200 млн теңгеден астам көрінеді. Ал, «Көкшоқы» шағын ауданы мен кент көшелерінің түнгі жарық бағаналарын ауыстыруға 148 млн теңге қаржы республикалық бюджеттен бөлініпті.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз