Табиғатты өрттен сақтайық!

1633

0

Табиғат байлығының бірі – орман. Оның қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы өте зор. Айта кетсек, су режимін бірқалыпты ұстап, топырақты түрлі эрозиялардан сақтап қана қоймай, ауаны улы газдардан тазартып, оттегі бөліп отырады. Табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрушының негізгі себепшісі де сол – орман. Алайда ондағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі өрт екені белгілі. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен орын алатыны өз алдына, адамзат тарапынан себепші болуы да басты мәселе болып тұр.

Біздің өңірдегі құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы, орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады.  Орман және дала өрттерінің өсуі көбінесе аумақты қажет емес қалдықтардан тазарту және ауыл шаруашылығы жерлерін қажет емес өсімдіктерді немесе қалдықтарды жағу жұмыстарын жүргізу барысында орын алады. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде тиісті бақылау жүргізілмеуінен, минералданған жолақтарының болмауынан, жақын орналасқан орман алқаптарына жалын тарап, артынша түзелмейтін шығынға әкеліп отыр.

         Биыл жыл басынан бері облыс бойынша орман қоры жерінде 197,91 гектарды құрайтын 34 өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 34 есеге өсіп отыр.  Ал табиғатқа келтірілген шығын көлемі 9,2 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, облыс бойынша тұрғындар тарапынан абаттандыру, жерді ашу үшін қураған шөптерді өртеу барысында, ашық отты қараусыз қалдыру салдарынан шабындық жерлерде, ашық алаңдарда, автожол бойы мен канал жағаларында қураған шөптердің, шеңгел, жыңғылдардың жануынан көлемі 158 гектарды құрайтын бірнеше жану оқиғасы тіркелді.

         Аймақ ұрғындары төменде көрсетілген ережелерді сақтауы тиіс:

шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртеуге және бақылаусыз қалдырмауға жол бермеуді;

ауа-райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде алау жақпауды;

 демалыс орнынан кетерде алауға су құйып, құм немесе топырақ сеуіп кетуді. Жанып жатқан қалдықтар мен сіріңкені лақтырмауды;

         егер өрт аумағында болсаңыз өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын, және шығу бағдарын анықтап құтқару қызметіне 101, 112 нөмірі арқылы хабарлауды.

         Орман мен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінен құралған мобильдік топ арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда далалық және егістік алқаптарда рейдтік шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа табиғи өрттер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.

Өрт – тілсіз жау. Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт оқиғаларын болдырмас үшін қарапайым қауіпсіздік шаралары қата сақталуы тиіс.

Р. ҚАЙРАҚБАЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті

бастығының орынбасары,

азаматтық қорғау полковнигі.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<