Жаңғырудың діңгегі – тұрақтылық

811

0

Сындарлы кезеңнен сыр бермей өтіп, тәуекел қадамға батыл бастамалармен барған еліміз үшін биылғы жылдың мәні ерек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басу ұлт болып ұйыса білген барлық жанға рух, санасына жігер сыйлады. Ой таразылап, парасат-пайыммен өлшесек, тәуелсіздік – өткеннің алдындағы парыз, болашақ алдындағы жауапкершілік. Тағдырдың осындай сыйы бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылыпты.

Тәуелсіздікке жету жолындағы әрбір қадам, жылдармен келген жетістік мемлекеттік ұстанымның беріктігі, татулық пен тұрақтылықты басты мұрат ете білгенімізде деп санаймын. Ал, ұлы мұрат жолындағы өркенді істер Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттырудағы тиімді реформаларымен айшықталды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңғыру жолында Сыр еліндегі серпінді қадамдар тарих қойнауында.

Елбасының «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел теңізіне түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратты тәуелсіздік тұғырына ту етіп байлаған елміз» деген қанатты сөзі егемендікті еншілеуге ұмтылған алғашқы жылдардағы кейбір қиындықтарға қасқая қарсы тұруға бағдаршам болды. Осыдан болар, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде шегі жоқ болып көрінген әлеуметтік мәселелер экономиканың даму тетігін жаңа деңгейге бұрып, батыл қадамдар жасауға жол ашты. Соның нәтижесінде Қазақстанның әрбір өңірі өркенді істерге қол жеткізді. Жер-Анадан несібесін терген Сыр өңірі бүгінде аграрлы аймақтан аграрлы-индустриялы облысқа айналды. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру арқылы күрделі кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, соның аясында кәсіпкерліктің тамырына қан жүгірту ісі бүгінде даму динамикасындағы өсімді ұстап келеді. 

Экономикамыздың тұрақты әрі қарқынды өсуі өндіріс пен тұтыну көлемінің артуына жағдай жасауда. Бұл өз кезегінде инвестицияға деген сұранысты ұлғайтты. Қазір Сыр елі экономиканың әртараптандыру жолына бет бұрды. Соның лебімен инвестицияның мүмкіндіктерін талап ететін жаңа өнімдер шығару ісі қолға алынды.

Қазіргі нарықтық қоғам кәсіпкерлікке мүлде басқаша реңк берді. Егемендіктің алғашқы сәтіндегі дүрмекке ілесіп, ала қап арқалайтын сауда-саттық ұғымы келмеске кетіп, бизнесті жетілдірудегі көзқарас жаңа бағытта дамуда. Шағын кәсіпкерліктің өзінен табыс тауып, нәпақа айыру әр отбасының кіріс көзіне айналды. Халық қалаулысы ретінде кәсіпкерлік саланың бүгінгі беталысын бағамдап, Сыр өңіріндегі шағын кәсіп ашуға ниетті азаматтардың жыл санап артып жатқанын аңғарып келемін.

Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, республикадағы аймақтар арасында тіркелген шағын кәсіпкерліктің өсу қарқыны 5,7 процентті құрап, Қызылорда облысы бірінші орынға шықты. Бұл – пандемия кезінде жергілікті биліктің қажетті қадамдарды уақытылы қабылдағанының нәтижесі. Шын мәнінде, пандемия кәсіпкерлердің өмір сүру, бизнесті жүргізу ісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Әсіресе, сервистік қызмет ұсынатын кәсіпкерлік нысандар трансформацияға бел буды. Мәселен, аймақтағы 16 тойхана бағытын басқа арнаға бұрып, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы алғашқы практикасын бастады. Себебі пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс әкеліп, тығырықтан шығар жолды табу қажеттігін нұсқады.

Бизнес иелерінде мынадай түсінік бар. Әрбір дағдарыс не форс-мажорлық жағдай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Пандемия осыны еске салды. Дегенмен, кәсібі уақытша тоқтаған әрбір азамат саналы түрде шешім қабылдап, табыс табудың сценарийін басқаша сызып, бизнесін әртараптандырды.

Кәсіптің жандануында мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері елде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған серпінді бағдарламалар нәтижесін берді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қабылданған уақыттан бері Қызылордада 105 млрд теңге құрайтын 2699 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Биылдың өзінде 1094 жобаны қаржыландыру үшін 14,5 млрд теңгеге жеңілдетілген несие берілген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жаңа Жолдауында да кәсіпкерлікке кең өріс әкелетін мемлекеттік бағдарламалардың қайта жалғасатынына басымдық беруінің өзіндік мәні бар. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде Сыр елінде бірнеше жоба ашылғанын көз көрді. Бұл мыңдаған отбасыға жаңа жұмыс көзін ашты. Биыл сол бағдарламаның қайта жалғасуы бизнес өкілдеріне дем берді десек, артық айтқанымыз емес. Мұның саясында халықтың әлеуметтік жағдайының оңалуы тұр.

Қазақ даналығында «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген тәмсіл бар. Бірлікті ту етпесек, әр істе береке болмайды. Құндылықтар өзгерген уақытта адамның рухани кемелденуі қатар жүруі қажет. Ұлттық идеяның тамырынан бастау алған Мәңгілік елдің ұрпақтары рухани жаңғыру кезеңінің алдында тұр. Ал, бұл жолда тұрақтылық пен толеранттылық ұстанымы жаңғыруға жетелейді. 

Бауыржан САНДЫБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<