Жатақханадағы провизорлық стационар

1114

0

Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты Қызылорда қаласында провизорлық стационарлар ашылды.

Қазір облыс, қала әкімі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйғарымымен Қорқыт ата университетінің №5 жатақханасында 360 емделушіге арналған провизорлық орталық құрылып, жұмыс істеуде.


Өкпе қабынуы, пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған бұл провизорлық стационар облыстық психикалық денсаулық орталығының базасында ашылып отыр. Қазір мұнда 255 сырқат ем алуда.


Стационарға науқас тәуліктің қай мезгілінде келіп түссе де, ең бірінші өкпесі рентген құрылғысы арқылы тексеріледі. Алдымен ең төменгі қабаттағы фильтрге орналастырылып, коронавирус инфекциясы бар-жоғын анықтайтын тест алынады. Егер сырқаттың талдамасы теріс болған жағдайда, стационарда қалдырылып, жоғарғы қабаттағы палаталардың біріне орналастырылады. Егер талдама оң нәтиже көрсетсе, науқас қала бойынша екі үлкен инфекциялық стационардың біріне жеткізіледі.


Бұл емдеу орнында заманауи рентген құрылғысы, сондай-ақ, коронавирус инфекциясына талдама алатын лаборатория бар. Алғашқы уақытта ПТР тест қорытындысы 3-4 күнде келсе, қазір бір тәулікке жетпейтін уақытта нәтиже шығарылуда.


– Провизорлық стационарда орталықтандырылған оттегі болма­ғандықтан, бастапқы кезде баллон пайдаландық. Қазір оттегі концентраттарын әр палатаға орналастырып жатырмыз. Бүгінде мұндай 17 аппарат бар. Бұрын жеделсаты болмағандықтан, оттегіні 4-5 қабатқа көтеру қиындық тудыратын. Бірақ жаңа аппараттар қолдануға өте қолайлы, портативті. Бір мезетте екі науқасқа оттегі береді, – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Әділбай Медетбаев.

Стационар жетекшісі облыс, қала әкімдігі өкілдерімен бірге қаланы аралау барысында провизорлық стационар жасақ­тау үшін осы жатақхананы арнайы  таңдап алғандарын атап өтті.

–       Ең бастысы, бес қа­батты бұл ғимарат соңғы үлгіде салынған. Ұзын дәліздері қызметкерлерге ыңғайлы әрі кабинеттер де пациенттерді орналастыруға қолайлы. Жеке душ, әжетханамен қамтылған.  Орталық ашылған бірінші аптада дәрі-дәрмек тапшылығы байқалып, керек препараттарды орталықтың дәрілік қорынан алдық. Екі-үш күн ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы арнайы қоймадан дәрі-дәрмек, жеке сақтандыру киімі сынды қажетті жабдықтардың бәрін жеткізді. Гуманитарлық көмек арқылы келген дәрі-дәрмектер де үлестірілуде. Қазір 4 санатқа бөлінген дәрілер, яғни антибиотиктер, гормон, қан ұйып қалмауы үшін, сондай-ақ, оттегі жеткізу үшін қолданалатын преапараттар бар.  Ал аса қажетті оттегі тасымалдауға кәсіпкерлер қол ұшын созуда, – деді стационар жетекшісі.

Стационарда 1 шілдеден 16 шілдеге дейін 97 қызметкер қызмет атқарды. Жатақхана негізінен 400 орынға арналған болса, оның 360-ы сырқаттарға арналған. Ал, қалғанында медицина қызметкерлері орналасып, нысанның бесінші қабатының бір бөлігінде жұмыс істеуде. Талапқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің сыртқа шығуына болмайды. Бүгінде олардың жатын орны, үш мезгіл тамақ беру мәселесі шешілген. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен волонтерлар, қала тұрғындары дәрігерлердің иммунитетін кө­теру мақсатында шұбат, түскі аспен қамту жұмыстарын жүр­гізуде. Көпшіліктің ақ халат­тыларға деген ризашылық сезіміне, қамқорлығына шектеу жоқ, әрине. 

Айта кетерлігі, провизорлық стационар тек қала тұр­ғын­дарына арналмаған. Мұнда облыстағы жеті аудан және Байқоңыр қаласы тұрғындары да дертіне дауа таба алады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<