Жираф жеген Сыр талы

1683

0

Облыс төңірегінен шығып, өзге аймаққа бара қалсаң ел-жұрт «Қызылордада ағаш өседі ме?» деп жатады. Көздерімен көрмеген соң бұл жақты теп-тегіс тақыр деп ойлайтын стереотип қалыптасып қалған. Әйтпесе, Сыр өңірінде ағаштың түр-түрі өсетіні баршаға аян. Оның ішінде, осы өңірге ғана тән Сыр талы – мықты ағаштардың бірі. Облыстың қолөнер шеберлері бұл ағаштан түрлі бұйымдар жасап, жұртшылықты тәнті етіп жүр. Осыған қатысты Сырдария ауданына белгілі азамат Марат Омаров қызықты оқиға айтқан болатын.

2006 жылдың жазы. Ол кезде Мәкең – Қалжан ахун ауылында әкім. Сол жаздың жаймашуақ бір күнінде үйіне екі дорба ұстаған бір жігіт келіпті.

– Ауыл әкімісіз бе? – дейді әлгі жігіт сұрақты төтесінен қойып. Сырт жақтан келгенін аңғарған Мәкең әкім екенін айтып, қонаққа құрметін жасайды. Үйіне кіргізіп, ас-суын беріп, мейманмен таны­сады. Сөйтсе, арнайы іздеп келген кісі Алматы қала­сын­дағы хайуанаттар бағының зоотехнигі екен. Бұл жерге әдейілеп келген. Әңгіме үстінде зоотехник келген шаруасын, шарасыздықтан жолға шық­қанын айтады.

Шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнаған уақыт. Өзге ел Президенттерінің Мемлекет басшысына деген құрметі бөлек. Міне, сол шақта Африкадан  сыйлыққа үш жираф әкелінген. Бұталы, сирек орманды, жазық далалы жерді мекен ететін жануарлар хайуанаттар бағына жет­кізіліп, арнайы бақылауға алынады. Басы өте үлкен емес болғанымен, мойны ұзын жирафты қызықтаушылар қа­тары көп. Алайда, оны қорек­тен­діру хайуанаттар бағы қыз­меткерлеріне қиындық кел­тірген көрінеді.

Әуелде кәдімгі шөп, ағаш жапырақтары беріледі. Оны жираф жемей қойыпты. Қорегі дұрыс болмағандықтан жануардың күйі де қаша бастайды. Ақырында біреуі өліп қалған. Содан хайуанаттар бағы қызметкерлері жирафтың азығын зерттейді. Африкамен хабарласып анықтайды. Сөйт­се, жираф азық ететін ағаш жапырағы Сыр бойында өсетін Сыр талының жапырағымен сәйкес келеді екен. Содан зоотехник Қызылордаға ар­найы келген. Бұл жаққа жеткенде жолшыбай біреу Сырдария ауданындағы Қал­­жан ахун ауылында Сыр талының арнайы бағы барын айтып, жөн сілтеп жіберіпті. Сол бұйымтаймен келгенін айтып, қос дорбасын көрсетеді. Біреуі қайшы мен жіпке толы. Қайшы мен жіпті әкелгені Сыр талы жапырағын жарты метрдей етіп жіңішке шыбығымен кесіп, кәдімгі сыпыртқы тәрізді байлау қажет. Оны бір ай кептіру де керек.

Шаруаны естіген соң Мәкең мейманды баққа ертіп апарады. Ауылда сегіз бақ бар. Бірыңғай Сыр талы өсіп тұр. Оған қарайтын жауапты адамдары да бар. Қуандық, Дәулет, Сәрсенбай, Фатима секілді баққа жауаптыларды жинап, ауыл әкімі мән-жайды түсіндіреді. Дәл сол уақытта дария арнасынан тасып, ауыл іргесін су алған. Ауыл тұрғындарының тұрақты жұ­мысы болмаған кезең. Халық мектепке баратын балалар киімін қамдау қажет. Осындай шақта ауыл халқы тапсырыс берушінің жұмысын тындырып беруге қам жасайды.

– Балалар қойсын ба? Бәрі Сыр талына өрмелеп шығып кетті. Таңнан кешке дейін ағаш жапырағын буып жинайды. Оны өткізіп, ақшасын алады. Сөйтіп, бақтағы жапырақ бір айдың ішінде сыптай болды. Тал ұзына бойы өсіп тұр. Бірақ жапырағы жоқ, – дейді Мәкең.

Бәрін жинастырып болған соң ауыл әкімі зоотехникке хабар береді. Ол екі камазбен келіп, кептірілген Сыр талы жапырағын тией бастайды. Керек азығын қос көлікке нығыздап тұрып толтырып әкетеді. Осылайша, ауыл балалары бір ай еңбектеніп, мектепке киімдерін дайындап алған. Сыр талы жапырағын жирафқа қалай беретінін сұрағанда, байланған буманы хайуанаттар бағындағы ағаш­тарға іліп қояды екен.

Бақтағы ағаш жапырағы бір айдай кеш шыққан.

– Алла тағаланың құдіреті ғой. Одан бөлек, ағаштың да қасиеті бар ма деймін?! Байқап қарасақ, қарға қонған ағашта жапырақ болмайды екен. Сол ағашқа жапырағын төсеп, ұя салады, қоректенеді. Айналасы екі-үш жылдың ішінде ағаш қурай бастайды. Сол сияқты бір жыл жапырағын алып едік, ағаш ренішін білдірді, – дейді белгілі азамат.

Келер жылы әлгі алматылық зоотехник тағы келген. Қолында сол баяғы қос дорба. Алайда, Мәкең мән-жайды түсіндіріп, бақтың ағашына тиісуге болмайтынын айтқан. Қанша үгіттегенімен, киелі топырақта өсетін Сыр талының тіршілік тіні екенін ескерткен. Кейіннен бақтың ағашы бұрынғыдай жайқалғанда Мәкең «Көңілім содан барып жайланды» дейді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<