Жолдау дамуға тың серпін береді

257

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы елдің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен актив жиынында да өңір экономикасының даму стратегиясы айқындалып, Жолдаудан туындайтын міндеттер талқыланды. Басқосуға әкім орынбасарлары, депутаттар, басқарма, салалық департамент басшылары мен селекторлық режимде қала және аудан әкімдері қатысты.

Алдымен аймақ басшысы Мемлекет басшысы маңыз берген саяси жаңғыртуға, азаматтық қоғамды дамытуға, жаңа әлеуметтік стандарттарды қолданысқа енгізуге, отандық бизнесті қолдап, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңашылдықтарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалып отыр. Алдағы уақытта Жолдауда көтерілген бар­лық бағыт бойынша облыста нақты шаралар қабылданып, іске асырылатын болады, – деді облыс әкімі.

Президент «Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндеті» деп атап өткен болатын. Бұл орайда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады.

– Жолдауда адам құқықтары саласына ерекше көңіл бөлінді. Өйткені адам құқықтарын, соның ішінде конституциялық құқықтардың ролін жоғары көтеру маңызға ие. Президент Қазақстандағы адам құқықтары Біріккен Ұлттар ұйымының индикаторларына сәйкес келу керектігін айтты және құқықтық салада талайдан бері айтылып жүргенімен, қолдау таппай жүрген маңызды бастамалар осы Жолдаудан көрініс тапты, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Ал, Мемлекет басшысының Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сай жаңарту және бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны азайту, цифрлық тәсілдерді қолдана отырып бөлшектенген бюджетті енгізу тапсырмасына сәйкес, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай сөз сөйледі. Басқарма басшысы бөлінген қаржыдан ша­шау шығармай, оның мақсатты жұмсалып, уақытылы игерілуі бақылауда екенін жеткізді.

– Атқарылған жұмыс аз емес, нәтиже бар. Биыл облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында 214,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңір экономикасына 55,7 млрд теңге инвестиция салынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,1 процентке артық. 155,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 18,2 млрд теңгені құрап, 2,7 процентке өсім қамтамасыз етілді. 12114 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал, жарияланған Президент Жолдауы өңір экономикасының дамуына одан әрі септеседі деп білеміз. Мәселен, келер жылдан бастап елдегі ең төменгі жалақы 17 мың теңгеге артады, яғни 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ, 2022 жылы 600 мыңға жуық отандасымыздың айлығы 20 процентке көбеймек. Ол жалпы ішкі өнімнің 1,5 есеге артуына ықпал етеді, – деді басқарма басшысы.

Келесі кезекте өңірдің алдағы инвестициялық мүмкіндіктерін облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев тарқатып берді. Мәліметке сүйенсек, облыста негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1993 жылы 310 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 292,3 млрд теңгеге дейін жеткен. 1991 және 1992 жылдары негізгі капиталға салынған инвестицияларды есепке алу рубльмен жүргізілгенін ескерсек, 1991 жылы ол 1,3 миллион рубль, 1992 жылы 17 миллион рубльді құраған. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 1999 жылы 378 млн теңгеден 2019 жылы 18,0 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл – ауқымды жұмыстардың жемісі, ел Тәуелсіздігінің жетістігі екені анық.

«Өңірде өнім өндірудің барлық саласында даму бар. Экономиканы әртараптандыра отырып, шикізат шылауынан шығуға индустрияландырудың бесжылдықтарында жүзеге асып келе жатқан жобалар дем беруде. Биыл іске асқан бастама көп. Ал, келер жылы түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ зауыты, құс фабрикасы, тауық етін қайта өңдеуге бағытталған құс фермасы, ет өңдеу комбинаты мен балық қалдықтарынан ұн өндірісі секілді 5 жоба іске қосылады. Сонымен қатар Жолдауда көтерілген геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу мәселесі бойынша ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету күн тәртібінде» деді ол. Бұл ретте аймақ басшысы жеделдетіп, тиісті министрлікпен жұмысты қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.

Жиында еліміздегі ауыл шаруашылығының әлеуеті зор бола тұра агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблеманың аз еместігі айтылды. Мәселенің туындауы азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу, оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуімен байланысты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев бұл ретте «Өңірдегі агросектордың әлеуеті қандай?» деген сауалға жауап беріп, саланы дамытудағы басты басымдықтармен бөлісті. Атқарылған іс пен межелі жоспарды ортаға салды. Мәселен, қазір ауыл шаруашылығы дақылдарының егін көлеміне ғарыштық бақылау жүргізу қолға алынған. Бүгінде «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 2025 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін 15 магистральді шаруашылықаралық каналдарды цифрландыру іске асады деген жоспар бар. Облыс әкімі аталған жұмыстарды жалғастыруды тапсырды және басқармаға бірқатар тапсырма жүктеді.

– Азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептей отырып, ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру шараларын қабылдау қажет. Мал шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде болғандықтан, олардың қажетті жайылымдық жермен қам­тылуын заңдастыруды ұйымдастырып, ауылдық елді мекендерде коо­перациялау жұмысын дамыту аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға тартуды жандандыру міндеті қойылады. «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасының іске асырылуы бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеп, өңірге енгізу шараларын қабылдауды және суармалы сумен қамтамасыз ету үшін үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көтерме-тарату орталығын қалыптастыратын инвестор тауып, арнайы орталық ашуды, қыркүйек айының соңына дейін субсидиялау қағидаларын толықтай қарастырып, тиісті ұсыныстарды орталық атқарушы органдарға жолдауды, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының мамандандырылған мекемесі арқылы уақытылы сатып алу интервенцияларын жүргізуді жүктеді.

Актив отырысында экономиканың драйверіне айналған кәсіпкерлік саласы шет қалған жоқ. Мемлекет басшысы да саланы үздіксіз қолдауды жалғастыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын. Сонымен бірге Жолдауда еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың түсінікті әрі қарапайым болу қажеттілігі тапсырылды. Бұл, әсіресе, шағын кәсіпкерлік саласында сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34-тен 25 процентке төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу тапсырылды. Тақырып турасында облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Ғалымбек Жақсылықов пікір білдіріп, осы мін­деттерді жүзеге асыру барысын баяндады.

Басқосуда «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының төрайымы Анар Ізден әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз ету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өзектендіру және бұл бағыттағы жобаларды іске асыруда азаматтық қоғам өкілдерін тартуға қатысты ұсынысын айтты.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президент қысқа мерзімде Үкіметке Ұлттық Жос­парды әзірлеп бекітуді тапсыр­ғанын, құжат аясында облыстың өңірлік даму жоспары әзірленуі керектігін алға тартты. «Қазан айына дейін аталған құжат қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының және аудан әкімдерінің жекелей жаңадан даму бағдарламалары қабылдануы қажет. Жолдау негізінде қабылданатын өңірлік даму бағдарламасы арқылы алдағы міндеттерді айқындап, нақты жоспарды іске асыруға жұмыламыз» деп қорытындылады облыс әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз