Жолға ақы төлеуге дайынсыз ба?

506

0

Үкімет қаулысымен бекітілген инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарламаға сәйкес 4 жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожолды ақылы жүйеге ауыстыру жоспарланған. Оның ішінде биыл ақылы жолға айналуы тиіс автобандардың қатарында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің  «Қарабұтақ-Қызылорда» және «Қызылорда-Шымкент» жол учаскелері де бар.

Осыған байланысты жыл басында төлем қабылдау жүйесін енгізу туралы қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, аудандарда, облыс орталығында ұсыныс-пікірлер жинақталды. Мұндай тыңдаулар барлық облыстарда өтті. Қоғамдық тыңдаулар барысында ақылы жүйені енгізудің мақсаты мен артықшылықтары, төлем қабылдау жүйесінің жұмысы және төлем жасаудың түрлері, төлем мөлшерлемелері, төленетін сома мөлшерін есептеу және ақылы автомобиль жолдары туралы қолданыстағы заңнама нормалары талқыланды.

Алайда, бәрі ойдағыдай бола қалған жоқ. Алыс жолға жүк көлігін айдайтын жүргізушілер ақылы жолдардың енгізілуіне қарсылық танытып, наразылық білдірді. Олар «әуелі жолдарды сапалы етіп төсеп, интернет жүргізіп, жолдың екі жақ бетінен үй жануарларынан қорғайтын қоршаулар орнатып, сосын барып ақша талап етсін» деген пікірлерін алға тартты. Жүргізушілерді ашындырған Қазақ жол қатынастары ғылыми-зерттеу институтының «жүк көліктерінен бірінші санаттағы жолдың әрбір шақырымы үшін 37 теңгеден төлеу керек» деген ұсынысы болды. Алайда министрлік өкілдері Үкімет 2013 жылы бекіткен бірінші санаттағы әрбір шақырым жол үшін  25 теңге тариф өзгермейтінін мәлімдеді. Ал екінші санатты жол үшін бекітілетін тариф мөлшері одан төмен болмақ.

Осы орайда бұл мәселеге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың дәлелдемелерін келтірейік. «Еуропадағы халық, автомобиль ағынының тығыздығына қараңыздар, кірісі өте жоғары. Бізде 500 шақырым жолда бірнеше шағын елді мекен бар, қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету өте қиын. Қыста қар басады, техника ондаған шақырым жерге барады. Климаттық жағдай әртүрлі, еліміздің жолдары өте ұзақ, елді мекендер аз және машиналар саны, тығыздығы көптеген елдерге қарағанда әлдеқайда төмен. Сондықтан бұл жағдайлар жолдың табыстылығына өте қатты әсер етеді».

Осы ретте «Жолдар салық төлеушілер есебінен салынған, сол себепті олар неліктен ақы төлеуге тиіс?» деген сұрақ жиі туындайтынын еске салып кеткіміз келеді. Бұған мамандар төмендегідей дәлелдемелер келтіруде: «Еліміз бойынша автомобиль жолдарына жұмсалатын жыл сайынғы шығын көлемі шамамен 400 млрд теңгені құрайды. Ал автожолдардың барлық желісін нормативтік жағдайға келтіру үшін 4,4 трлн теңге қажет екен. Осы орайда ең әділ шешім – төлем жүйесін енгізу. Бұл жүйе «жақсы жолмен жүрген адам ол үшін ақы төлейді» деген ұстанымның дұрыс екенін көрсетеді. Осылайша ең дұрыс шешім ақылы жолдарды енгізу болып отыр».

Дегенмен, министрлік биылғы жылға ақылы жол енгізудің белгіленген мерзімін кейін шегеруге мәжбүр болды. Атап айтқанда, 1 маусымға белгіленген мерзім қараша айына шегерілді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы мамандарының айтуы бойынша жақын күндері 1 санаттағы жолдар ақылы жолға айналады. Демек, Қызылорда мен Шымкент аралығында жол жүретіндер төлем жасай бастайтын күндер алыс емес. Ал бұған дейін жоспарланған Қызылорда қаласынан батыс аймаққа шығатын 2 санаттағы жол учаскесін ақылы жолға айналдыру жыл соңына дейін жүзеге асып қалуы ықтимал.

Сөз жоқ, жол құрылысына көп қаржы жұмсалады. Оны күтіп-ұстау да оңай емес. Сол себепті бюджеттен қаржы шығынын азайтудың бір тәсілі – жолды ақылы ету. Дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибеден Қазақстан да тыс қала алмайды. Осылайша 2013 жылдың мамыр айынан бастап ұзындығы 224 шақырымдық «Астана-Щучинск» автобаны ақылы жолға айналып, бір жылда 800 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Бүгінгі таңда елімізде «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» аралығында барлығы 682 шақырым болатын жол ақылы жүйеде жұмыс істейді. Өткен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Бұл қаржы жол учаскелерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға, басқа да игіліктерді жасауға жұмсалады.

Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, инфрақұрылымның дамуына ықпал ететін болады. Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал, мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі. Жол қызметтері жолдың жай-күйін тексереді, жиегін тазалайды және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетеді. Міне, өткізіліп жатқан қоғамдық тыңдауларда ақылы жол енгізудің осындай артықшылықтары мен қажеттіліктері жеткізілуде.

Ақылы жолдардың төлем жүйесіне қатысты тағы бір жаңалықты айта кеткен жөн. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бірлесіп төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдады. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне бірқатар әдістер арқылы жасалады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді жапсыру да көзделген.

«Ашық жүйенің» басты артықшылығы – шлагбаумдар болмайды, яғни, төлем жасау үшін пайда болатын кептелістер орын алмайды. Бұл учаскедегі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, ашық жүйе адамдардың жауапкершілігін де қажет етеді.

Егер ақылы жолмен жүріп өткені үшін қарыз жиналып, ол ұзақ уақыт төленбеген болса, көлік жүргізушілеріне ескертпе хаттар жолданады. Ескертпелер еленбеген жағдайда айыппұл салынады. Уақытылы төлем мен ақылы жолмен жүріп өткеннен кейінгі жасалған төлем мөлшерлемесінде де айырмашылықтар бар. Бұл – жүргізушілерді алдын ала немесе уақытылы төлем жасауға талпындыру мақсатында қолданылатын әдіс.

Қазіргі таңда төлемді уақытылы жасамай, қарыздарын өтемеген азаматтарға байланысты қолданылатын шаралар мәселесі талқылануда. Жауапты министрлікте мұндай жүргізушілерге автокөлікті сату-сатып алуда, есепшоттарына шектеу қою, шетелге шығуға рұқсат бермеу іспетті шара қолдану ойластырылуда. Осы арқылы азаматтардың жауапкершілігіне, қоғамдық санаға әсер ету көзделген.

Сонымен қатар, қолданылатын жеңілдіктердің қатарын толықтыру мәселесі де назарға алынған. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды төлемақыдан босату туралы өзгерістер қайта қарастырылады.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<