Қазақстанда күзет қызметімен айналысу саласына өзгерістер енгізілді

436

0

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасына ҚР Парламенті депутаттарының бір тобы бастамашылық етті. Оның негізгі мақсаты – күзет қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Қазақстандағы жеке күзет ұйымдары азаматтар мен заңды тұлғалардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау жөнінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға белсенді көмек көрсету бойынша маңызды миссияны орындайды. Қазіргі кезде Қазақстанда 5127 жеке күзет ұйымы бар. Бұл ретте күзету және қаруды алып жүру құқына лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адамға жетті. Өткен жылы жеке күзет күштері тарапынан 605 қылмыстық құқықбұзушылық, 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 11,5 мың құқық бұзушы ұсталып, полицияға берілді. Сонымен қатар, 1200-ге жуық ұрлықтың алдын алды», – деді Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов

Заң жобасында күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге әрі осы саладағы қолданыстағы заңнама нормаларының жекелеген сәйкессіздіктерін жоюға бағытталған бірқатар түзетулер көзделеді.

Заң жобасында ҚР Еңбек кодексіне және «Күзет қызметі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.

«Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабына жұмыскер заңнамада белгіленген, кәсіптік қызметке қойылатын қосымша арнайы талаптарға сай келмеген жағдайда жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу негіздерін нақтылауға қатысты түзету енгізу ұсынылып отыр. Бұдан басқа, «Күзет қызметі туралы» ҚР Заңынан бұрын теріс себептермен жұмыстан шыққан адамдарға күзетші лауазымында жұмыс істеуге тыйым салу туралы нормаларды алып тастау ұсынылады, өткені заңнамада «теріс себептермен жұмыстан шығару» деген ұғым жоқ және Еңбек кодексінде осы негіздер бойынша еңбек шарттарын бұзу көзделмейді», – деп түсіндірді депутат.Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінде және «Күзет қызметі туралы» Заңында әртүрлі түсіндірілетін «арнаулы киім» ұғымының анықтамасындағы түрлі түсінікті жою мақсатында кейбір түзетулер енгізу ұсынылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<