Қызылорда – Шымкент –«Набат» операциясы

1070

0

– Полковник, мынау не вертолет? – деп бақырды Глу­хов. – Айтпады деме, ата салам! Өлігін лақтырам терезеден!

Сөзін растағаны болар, тағы да тарс-тұрс оқ атты. Оқтары бетон қабырғаға тиіп жатқаны дуалдың келесі бетте бұғып тұрған Дәуеновке айқын естіліп қалады.

– Женя! Бұлар трассада қауіпсіздікті сақтау үшін келді. Сендерді алып бара жатқан ав­тобустың қауіпсіздігін сақтауға. Түсіндің бе? Естідің бе?

– Керек емес! Қазір кетсін! Іштен адам түспесін! Бес ми­нутта жоқ болмаса, бір адам өлді дей бер! – Автобустың сын­ған терезесінен біреудің жал­быраған басын сілкілеп көр­сетті. – Міне, мынаны өлтірем.

Тікұшақ қайтадан көкке кө­теріліп кетті. Оған қыстақтың басқа жағына барып қонуға бұйрық берілген-тұғын.

– Ақылға кел. Өлтіріп еш­теңе ұтпайсың. Өзіңді ойла.

– Бізді Ташкентке… жо-жоқ Фрунзеге жеткізесің. Ол жақта самолет дайын тұрсын. Бізге транспорттық самолет керек. Ил-76! Ұқтың ба? Ил-76 күтіп тұратын болсын! Тағы айтам, автобус тоқтамасын! Бірден самолетке кіріп кетсін. Иранға ұшамыз.

– Өзбекстан да, Қырғызстан да – қазір басқа мемлекет. СССР емес. Олармен келісу қиын. Ең оңайы – Шымкент.

– Былшылдама! Одан да шопыр тап.

– Шопыр қашып кеткен. Басқа біреуін табайық.

– Сол шопырды тап. Сен­дермен салғыласып тұрмаймын! Білдің бе?!

– Иә, иә, жақсы. Табамыз.

– Начальник! – деп айқай­лады бір мезет Глухов, – Шым­кентке апарып құтылам деме! Миллион доллар да­йын­­дайсың! Екі «Калашников» таба­сың! Патрон мол болсын.

Үміт пен күдікке кезек бе­ріл­ген Михаил Юнусовичтің де, Есен Деме­сінұлының да жан­дары мұрын ұшында. Алайда талайды көріп, қиындыққа көн­діккен тәжірибелі офицерлер сыр бермеді.

– Сен оларды Шымкентте аласың, – деп үміттендіріп қой­ды. – Миллион доллар шық­пайды бұл жерден. Сон­дықтан уақыт бер бізге.

Рациядан қалмыскерлердің өзара сөйлескен дауыстары құ­лаққа еміс-еміс шалынып қа­лып жатыр. Сөздері анық емес. Өзара келісе алмай тұрған тәрізді. Сәлден соң Глуховтың қар­лыққан дауысы естілді.

– Полковник! Жақсылап тыңдап ал! Бізді Ташкентке апа­расың! Аэро­портқа… Ташкент­тің аэропортына апа­расың!

– Женя, мен саған жақсылық жа­сайын. Өзің айттың ғой КГБ-ға қарсы емеспін деп. Жаңа сөйлестік, самолет Шымкентте таң ата дайын болады.

– Бізге Ташкент керек. Он минут уақыт берем. Он минутта жүріп кетуге бұйрық бересің. Әйтпесе шүріппені баса салам.

Бұл кезде іңір қоюланып, қас қара­йып қалған болатын.

***

Өкініштен жүрегі күйіп келеді. Үнемі осы. Ешқашан жо­лы болып көрген емес. Жо-жоқ, әуелі әп-әдемі-ақ басталады. Сосын бәрі керісінше боп шы­ға келеді. Өмірі тас-талқан бол­ғаны содан. Пойыздағы ойранды да ойланбай істеп салыпты. Бі­рақ, онда аздап үміт оты жыл­тыраған-тұғын. Содан ба, тоқтай алмай қалыпты. Қойды да кетті. Бес солдаттың үшеуін үш атты. Өлді ме, жараланды ма, о жағы белгісіз. Әйтеуір қалпақтай ұшып түскенін біледі. Соған қарағанда оқ дәл тиген сияқты. Арты не болады деп ойламады. Оған мұрша қайда? Реті солай болды. Бітті, істеп тынды. Қалған екі солдатты да ата салу керек еді. «Жә, оны қойшы, автобусқа мінген соң маужырағаным не десейші. Әттең-ай, автобусты сол бойда неге кепілге алмадым екен? ГАИ тексеріп еді, сол хабарлап үлгерген шығар.  Айттым ғой, бәрі жақсы болып келе жатады да, бір сәтте тас-талқаны шыға салады. Өзімнің де тұзым жеңіл сормаңдаймын ғой».

Осылай ойлаған Глухов қо­лындағы пистолетті сығымдай ұстап, тістеніп қойды.

«Ішіңді ұрайын, Шымкентке дейін тыныш қоймайтынын ойласамшы. Тым болмағанда автостансаға жетпей түсіп қал­сақшы. Менттерді солай да сан соқтырып кетуге болатын еді. Басқа көлік ұстайтын едік. Қап, әттең-ай! Әттең-ай! – Жүй­кесі жұқарып, автобустың алдына бір, артына бір барып, дамылсыз кезе берді. – Әй, енді, тәуекел! Болса болар, болмаса бордай тозар. Бәрібір бір өлім!»

Кепіл адамдар бастарын кө­теруден қалған. Бәрі-дағы екі бүктеліп, зәрелері ұшып, өмір­ден баз кешіп отыр. Айтпақшы, екі-екіден отырған кепіл адам­дарды әр терезеге бір-бірден таратып отырғызғаным ақыл болды. КГБ-ның снайпері бо­луы мүмкін.    

Автобус соқтыртып келеді. Алда жарығын жарқылдатқан МАИ-дың көк жолақты жеңіл көлігі.

Усов жүргізуші Сейдехан­ның желкесінде тұр. Пистолетті кезеніп алған.

Глухов тағы да еріксіз ойға кетті.

Усов Россияға қашайық дейді. Бірдеңе біліп айтты ма екен? Не дегенмен өз отанымыз. Өз ұлтымыз. Сібір жаққа кетіп қалсақ, біразырақ тыныш өмір сүруге болар еді. Осы тірлі­гімізден бірдеңе шығар ма екен? Шығару керек! Соңына де­йін соғысу керек. Берілуге бол­майды. Берілсең, баратын жерің тағы да сол түрме. Түрме ғана ма, ату ғой… тек қана ату. Атады да тастайды. Бүктетіліп өлесің де қаласың.

Анау полковниктің не ойы бар екен? Уәдені үйіп тастады. Бірақ бұларға еш сенуге бол­мас. Россияда тудым дейді, жер­лес дейді. Ұрдым да, қол қойдым жерлестігіне. Қолыма кісен салған өз Россиямның менттері емес пе? Пәлен жылды мойныма қиып салған да сол өзіміздің прокурорлар мен сот­тар. Сондықтан маған енді Рос­сия жоқ. Россия мен үшін өлген.

Ал мыналар… Бұларға біз керекпіз бе? Бізді қайтеді? Олар­ға мыналар қымбат. Осыларды аман алып қалу үшін самолет тауып бере салса, ең оңайы сол ғой. Біз деген мемлекетін бұзуға келіппіз бе? Жаруға келіппіз бе? Керек еді мемлекеті? Біз деген террорист емеспіз. Біз деген қу жанымызға сауға тілеп жүрген қашақпыз. Осыдан самолетке бір мінейікші, мыналардың бір де біреуі керек болмай қалады. Барсын үйлеріне. Тастай салам. Әуелі ақша алып алу керек. Өздерінің де арттары дірілдеп жүр-ау деймін. СССР-дан кетті, күш жоқ бұларда. Айтпақшы, бағана дұрыс айттым, мемле­кетіңе қарсы емеспіз деп.

Глухов өне бойы осыны ойлап, бармағын шайнаумен болды. «Автобус неге жай жү­ріп келеді, а?» деп ойлады бір мезет.

– Водитель, бас газды! – Жанына жетіп барып, пис­толетпен оң бүйірін қойып-қо­йып қалды. – Бас деймін газды.

Автобус гүжілдеп алға ұм­тылды. Бірақ қайта тежелуге тура келген. Алдында ағараңдап бара жатқан МАИ-дың көк жо­лақты патрульдік машинасы қы­рық-елумен жылжып қана келеді.

Глухов терезеден қолын шы­ғарып, пистолетті гүрс еткізіп атып жіберді де, рациядан ай­қай салды.

– Начальник, тез жүр, тез!

«Егер алда келе жатқан МАИ машинасының шопырын атып түсірсем… – деп ойлады Глухов, – егер дәл тигізе алсам, машина ішіндегі офи­цер начальнигі де қоса өлер еді. Арттағы машинадағы пол­ковникті Усов жайратса… Са­молеті құрысын, Ташкентке қа­рай тартып кетсек…»

  ***

Не әрі емес, не бері емес, он бес, жиырма метрдей жер­де автобуспен құйрық тіс­тесіп Михаил Юнусович мін­ген машина келеді. Есен Деме­сіновтің, облыс прокуроры Сан­сызбай Үмбетәлиевтің кө­ліктері алға озып кеткен. Қызыл «Икарустың» алдында төбе шамын жарқылдатқан МАИ-дың патрульдік көлігі. Онда облыстық МАИ-дың бастығы, полковник  Бапан Әубәкіровтің өзі отыр. Глуховтың талабы солай. Автобустан ешқандай көліктің озбауын, алда кез­дес­кендерінің жапырылып жол беруін қадап айтқан. Олардың мұндай талаптарына көнбей тағы болмайды. Онсыз да ату жазасына кесілген адамның пси­хологиясы шытынап сынуға дайын тұрған жұп-жұқа қызған шыны сияқты, қит еткенді кө­тере алмайды. Осы жағын ес­кермесе, үлкен өкінішке қалуың әп-сәтте. Айтқанына жығыла берсең, талабын көбейтіп жібе­ретіні де бар. Тіпті буынсыз жерге пышақ ұруы да мүмкін. Сондықтан абайлап сөйлеспесе болмайтынын Михаил Юнусо­вич көңіліне тоқып келеді.

Қазақстан бойынша көлік­тегі адамдарды кепілге алу оқи­ғасы бірінші рет болып тұр. Бұған дейін дәл осындай ала­сапыранды бастан кешіп көрмепті. Сөйлесу құралына де­йін дұрыс емес, сөзің бірде ес­тіліп, бірде естілмейді. Оңбай тұр.

«Бағана ІІМ-нің арнаулы тобына шабуыл жасауға рұқсат бермегенім жөн болыпты» деп ойын сабақтай түсті Михаил Юнусович. Дайындықсыз-ақ шабуылды бастап кетеміз дей­ді. Оңай ма екен? Кепілге алын­ған адамдарды шабуылдап ба­­рып құтқару операциясын Ұлт­­тық Қауіпсіздік комитетінің бас­тығы ғана басқарады. Қы­зылорда облысы аумағында ондай шабуылға бұйрық бере­тін өзі ғана, басқа ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан барлық жа­уапкершілік өз мойнында. Онда да прокурор қару қол­дануға санкция берсе ғана. Ой­ланбай жасаған қимылың жазықсыз адамдардың өлімімен аяқталса, өкініш деген сол. Онда басыңмен жауап бересің. Қызметіңнен, марапатыңнан айырыласың. Жарайды, оны қой­шы, жазықсыз адамдардың тағ­дырын айт!

Кешке қарай Алматыдан «А» бөлімінің арнайы жасағын басқарып Аманғали Баталов ұшып келді. Ол өзі КСРО КГБ-сының «Альфа» арнайы жа­сағында қызмет еткен. Қа­зір Қазақстанда құрылған «А» арнаулы жасағында бас­тық­тың орынбасары. Аса тәжі­ри­белі кәсіпқой диверсант, пар­тизандық соғысқа маманданған көкжал. Иә, көкжал десе, көкжал-ау. Тікұшақты алысқа, жұрт көзі түспейтін жерге қон­дырып, сумаң етіп бір өзі жетіп келді ғой. Оның ке­луін қылмыскерлер тұрмақ, осындағы офицерлердің көбі байқамай қалған жоқ па? Ша­буылды автобус тұр­ғанда емес, жүріп бара жат­қанда жасау керек деп ол бір­ден кесіп айтты. Әрине, жай жүріп бара жатқанда. Жолдың жайын барлап келген ол, қа­зіргі жағдайда штурмның сәт­ті болатынына күмән келтірді. Трассада көліктің жылдамды­ғын баяулата алмайсың. Демек, шабуыл басқа жерде болуы қажет. Шымкентке қарай қоз­ғалғаны содан кейін ғана. Ша­руаны кідіртпей, облыс ішінде тындырып тастауды өзінің де жаны қалайды ғой. Бірақ… Кө­зің анық жетпей жасалған қимыл әттеген-аймен бітері анық.

Көлікте кепілге алынған адам­дарды шабуылдап барып құтқару операциясы «Набат» деп аталады. Методикасы әл­денеше рет жаттығумен дәлел­денген әдіс. Соны енді іс жүзінде қолданып көрмек. Бұл әдіс ке­піл адамдар мен операцияға қатысқан жауынгерлерден шы­ғын шықпай орындалса ғана сәтті болғаны. Мұнда қыл­мыс­керлер сөзсіз жер жастануы тиіс. Демек, өзіңе де, кепіл адамдарға да қауіп төнеді де­ген сөз. Жаңа республика Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің бас­тығы, генерал-майор Болат Абдрахманұлы «Набатты» ма­құлдады. Енді соған бұйрық беру ғана қалып тұр. Қызылорда облысының аумағында болса, ол бұйрықты өзі береді, ал Шымкентке кірсе, Шымкент облыстық ҰҚК басқармасының төрағасы, генерал Есенгел­ді Әбзелзаминұлы Мұстафе­товтың құзырына өтеді. Мей­лі, бұйрықты кім берсе де, опе­рацияның сәтті өткені қажет, қос қылмыскерді шығынсыз ұс­тау – бұлардың міндеті.

Михаил Юнусовичтің ойын артқы терезенің пердесін пис­­толетпен түріп ашып, ауық-ауық қарап қойып келе жат­қан Глухов бұза берді. «Қаны қарайған неме мен жақ­қа қа­ратып келе жатқан тапан­шасын басып-басып қалуы да әбден мүмкін-ау» деп сескеніп қояды Михаил Юнусович. Биыл өзі қырық тоғыз жаста екенін есі­не алды. Төртінші мүшел. Аға­лық мүшел. Қазақ мүшел жас­тан сақтанған. Мүшел жас­та бір қатер бар деп сенеді қазақ. Мынау соған көрінбесе нағылсын? Михаил Юнусович соны ойлағанда оң қолымен пәлтесінің қалтасындағы пис­толетті қысып-қысып қояды. Олай-бұлай боп кетсе, бес ба­ланың тағдыры не болмақ? 

Қауіпті қылмыскерлермен арпалысып келе жатып, нелер ой келмеді дейсің басына.

***

Михаил Юнусович жол бойы қос қылмыскер Евгений Глу­хов пен Сергей Усовты Шым­кент әуежайына баруға көндіріп бақты.

«Ташкент – басқа мемлекет, жабық мемлекет. Өзбектер жад­ный. Самолет бергісі келмейді. Шекарасынан кіргізгісі кел­мейді! Біреудің проблемасы керек емес оларға!»

Қара аспанды төндіріп бақ­ты-ау! Оған көнетін Глухов па: «Өтірік айтпа, полковник! Өтірігіңді қалтаңа салып қой. Мен білем, КГБ бірін-бірі тың­дайды! Нервіме тиме! Ма­ған бәрібір!» деп қанды қай­на­ту­мен болды.

«Женя, – дейді Михаил Юнусович бір сәт. – Керек са­молетіңді тауып тұрмыз. Саған қайдан ұшсаң да бәрібір емес пе? Шымкент деген мынау тұр­ған жер. Самолет дайын. Ұш та кет. Біз де үйімізге қайтайық. Сенде шатағымыз қанша?!»

Осыдан кейін Глухов пен Усовтың үндері өшті. Сірә, қи­сынды сөзге тоқтаса керек.

Михаил Юнусович иығынан жүк түскендей ауыр дем алға­ны сонда. Алматыдағы штаб Ташкентпен де сөйлесіп отыр ғой. Қажет болса, Өз­бекстан «Ил-76» ұшағын беруге ке­лі­сіпті. Ал Ташкент емес, Шым­кент әуежайына барудың ма­ңызы зор боп тұр. Сексе­нін­ші жылдардың өзінде ұшақ­тағы кепіл адамдарды құтқару жат­­тығулары үш әуе­жайда өткен. Соның бірі – Шым­кент әуе­жайы. Ол әуежай «А» ар­нау­лы жасағының сарбаз­дары­на жақсы таныс. Бұның өзі опе­ра­цияның сәтті өтуіне әсер етпей қоймайды. Михаил Юну­сович осы ойын айтқанда рес­публикалық штабтағылар сөзге келмей келісті. Сол себепті Шымкентте қызу дайындық жү­ріп жатыр. Расында Шым­кентте «Ил-76» ұшағы жоқ. Ша­буылды ұшаққа жетпей бастап кетеміз деген жоспар ғана бар. Дайындап қойғаны басқа ұшақ.

Шымкент әуежайына бару мәселесі шешілген соң, арнаулы сарбаздар мінген тікұшақ со­лай қарай жедел ұшып кетті. Осылайша қылмыскерлерді әрең иліктіріп келе жатқанда, ойламаған жерден тағы бір қырсық кезікпесі бар ма?

Түркістанға жете қоймаған, Шорнақ ауылының тұсы еді. Сағат түнгі он екі, әлде бірдің шамасы ма екен. Алда келе жатқан МАИ көлігінде отырған полковник Бапан Әубәкіров автобустың кідіргенін байқады. Патрульдік машинаны капи­тан Абдолла Нұрғалиев жүргі­зіп келе жатқан. Қасында «Ка­лашников» автоматты мыл­тығын ұстаған сержант отыр. Автобус алға бір, артқа бір ырғалып әрең бұрылды да, артқа қарай жөнеп берді. Со­ңынан екпіндетіп бұлар келеді. «Икарус» трассаның сол жақ бетіндегі май құю стансасына бұрылып, тоқтауға ыңғайлана берген. Сол сәтте бөтен бір фура машинасы алға түсіп кеткені. Соны көрген қылмыскерлер, сірә, шабуыл деп ойлап қалды ма, бұларға қарай оқ жаудырып жіберсін. Май құю стансасының маңайы қараңғы, жалғыз лампа жарық түсіріп, қарық қыла алмай тұрған. Әлгі фура дереу бұрылып алып, алды-артына қарамай зыта жөнелді. Михаил Дәуенов пен Бапан Әубәкіров фураның өздеріне еш қатысы жоғын, кездейсоқтық екенін рупордан айтып, жүйкелері жұ­қарып отыр еді, біреу те­резені тықылдатқаны. Қараса, «Икарустың» шопыры. Қалш-қалш етеді. Қатты қорыққан. Үш баласы барын, өзінен басқа жұмыс істейтін ешкім жоғын кекештеніп айта береді. «Оң жақ бүйірім ісіп кетті, пистолетпен ұрып келді» деп, жыларман боп тұр. Мына түрімен рөлге отырып қарық қылмасы анық.

– Полковник? Неге май құймайды? – деп қышқырды Глухов. Дауысы түнгі далада анық естілді.

– Заправщик жоқ. Сенің ат­қа­ныңнан қорқып қашып кетіпті.

Глухов орысшалап боқтап жатыр.

–  Водитель қайда?

– Автобуста емес пе?

– Заправка жасауға кетті.

– Мен көргем жоқ. Ол да қашқан шығар?!

– Давай, водитель тап! Әйт­песе бір адам өледі, – деді жынданып.

Автобустың артқы жағында тұрған МАИ көлігіне қарата жобалап екі мәрте оқ шығарды.

Жеті қараңғы түнде қайдағы водитель? Сол арада капитан Абдолла Нұрғалиев сөзге араласты.

– Тәуекел, мен айдап барам! – деді белсеніп. Михаил Дәуенов те, Бапан Әубәкіров те ұзын бойлы, батыр тұлғалы МАИ қызметкерінің батыл қимылына ырза көңілмен қарады. Алайда, екеуі де бір шешімге келе алмай тұр. Капитан формасымен бара алмасы түсінікті. Ал жәй киімді бұған қапелімде қайдан таппақ?

Глуховтың боқтап сөйлеген дауысы естілді.

– Полковник! Водитель тап!

Автобустың алдыңғы жа­ғында жас баланың желкесіне пистолет тақап тұрған сұлбасы айқын аңғарылды. – Он бес минут уақыт берем. Әйтпесе мы­на баланы атам. Давай, трас­садан алып кел!

Облыстық МАИ басты­ғы, полковник Бапан Әубәкі­ров трассаға жетуге асықты. Трассадағы жағдай қылмыс­керлерге айқын көрініп тұр. Алғаш кездескен машинаның жүргізушісі не жағдай екенін сұрамастан басын алып қаш­ты. Одан кейін ресейлік нөмір таққан КамАЗ көрінді. Онда отырған екі орыс жігіт түн ортасында тоқтатқан полков­никке үрке қарасқан. Сірә, МАИ-ға ұсталдық па деп, қор­қып қалған сыңайлы. МАИ бастығы оларға жағдайды түсін­діріп еді, ол шопыр да барғысы келмей қипақтай қалды.

– Егер сендер келіспесеңдер, заложник баланы атып тас­тайды! – деді Бапан қаңтарылып тұрған автобусты қолымен нұс­қап. – Автобусты айдауға ГАИ-дың жігіттерін жолатпай тұр.

Шопырдың жанындағы дем­белше келген, қырықтың үс­тіндегі орыс сонда ғана илікті.

– Ойланатын түгі жоқ, – деді оқыс шешімге келген ол кабинаның артқы жағында жат­қан курткасына қолын соза беріп. –  Көрейік қандай сойқан екен? Баяғыда Кавказда солдат боп жүргенде групповой төбелеске қатысам деп, мен де отырып шыққанмын түрмеге.

«Икарусқа» жақын барам дегенше өздерінің Самара қа­ласына жол тартқанын, сондағы АТП-1 мекемесі бастығының жабдықтау жөніндегі орын­ба­сары боп жұмыс істейтінін, аты-жөні Александр Шехонин екенін айтып үлгерді.  

– Сақ бол, – деді Михаил Юнусович өзінен бірер жас кіші көрінген жігітті арқаға қағып. Басқа ештеңе айта алмады. Ай­татындай да уақыт жоқ еді. 

Автобус алға жылжыды. Жүй­кені жұқартқан минуттар ақырын өтіп жатты.

«Автобус терезесіне перде қалай бекітілген? Қылмыс­кер­лер көлік ішінде қай жерде жүреді?» Штаб жақтан осындай нақты сұраққа жауап талап етілгенде Михаил Юнусович «А» арнаулы жасағының сарбаз­дары шабуылға дайындалып жатқанын түсіне қойды.

Түркістанға жете бергенде «Икарус» тағы да кері бұрылып алып, Қызылордаға қарай ағы­за жөнелсін. Соңынан қуып жеткен бұлар келіссөзге қайта кірісті.

Авторларға анықтама

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыс­тық телерадио­компаниясында, «Хабар» телеар­насында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде, «Жұлдыз» әдеби журналында бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

Әмірбек Шайма­ғамбетов 

Өскемен жол құ­рылысы инс­ти­туты мен Қа­зақ құқық­тану және халық­аралық  қаты­нас­­тар инсти­ту­тын бітірген. Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қы­­зыл­орда қа­лалық ішкі істер басқармасының бастығы, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қыз­меттерін атқарған. Полиция полковнигі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

(Басы өткен санда.

Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<