Қызылорда – Шымкент –«Набат» операциясы

1036

0

– Шымкенттен ұшпаймыз, Қызылордадан ұшамыз! – дейді Глухов жоспарын күрт өзгертіп.

– Сендер қатты қателе­сесіңдер, Қызылорда – кіш­кентай қала. Оның әуежайы тар. Транспорттық ұшақтар ұша алмайды, – деді полковник үзілді-кесілді қарсы болып.

– Онда Байқоңырға тарт.

– Байқоңырды білесің бе, сен, Глухов?! – деп қат­тырақ сөйледі Михаил Юну­сович бұл жолы. – Бай­қоңыр – деген космодром! Космосқа корабль ұшатын жер. Сондықтан тұтастай әске­риленген. Оның үстіне Байқоңыр Ресейдің билігінде. Онда барсақ, Москвадан көзді ашып-жұмғанша «Аль­фа» ұшып келеді. «Альфа» сенімен біз сияқты сөй­леспейді. Заложниктер де керек емес оларға. Тас-талқаныңды шығарады. Атып үлгермейсің. Білесің бе, сен, оны?!

Осылай деген соң ғана, «Икарус» кері бұрылды.

Жолда Шымкент облыс­тық ІІБ бастығы, генерал Темірхан Дуабекұлы Дуа­беков рация­мен «әуе­жайдың дарбазасынан кірген бойда, бірден қатты жүріп кетіңдер» деп нұсқау бере бастады. Ол қай дарбаза екенін біле алмаған Бапан Әубәкіровтің «иә, иә, түсіндім, қақпадан кірген бойда қатты жүріп кетеміз» демеске амалы қалмады. Бағана Қызылордада қалған орынбасары подполковник Сейілхан Аяпбергенұлы Бай­жановқа хабарласқанда ол капитан Әмірбек Бердібекұлы Шаймағанбетов екеуі МАИ-дың кезекші бөлімінде отыр екен. Оларға Шымкенттің автоинспекция бастығымен байланысуын, сөйтіп олардың қалаға кірер жерде МАИ-дың машинасымен күтіп алуын тапсырған. Демек, Шымкент қаласының шекарасына дейін шыдау керек.

***

Шымкент облыстық ҰҚК басқармасының басты­ғы, ге­нерал Есенгелді Муста­фетовке қарулы қылмыс­керлер кепілге алған «Ика­рустың» Шымкентке қарай келе жатқаны хабарланған-тұғын. «Егер транспорттық самолет дайындалмаса, за­­лож­никтерді біртіндеп ата бастаймыз. Біз өлім жазасына кесілген адам­дармыз, бізге бәрібір!» деген қос қылмыскердің «сә­лем­­демесін» де қоса жет­кіз­ген. Осыдан соң Муста­фетов те қалайда «Набат» операциясына тәуе­кел ету керек деген қорытын­дыға келеді. Автобус пердесінің қалай бекітілгенін білу осы кезде қажет болған.

– Егер перделер зауыт бекіткен күйінде тұрса, онда штыкпен тесе алмай­сың. Сонда қалай шабуыл жасамақсыңдар? – деп әс­кери ұшқыштар полкінің коман­дирі көңілге күмән салып қойды. Мұны естіген республикалық ҰҚК бас­тығының орынбасары Леонид Сергеевич Дагаевтың «Мұн­дай жағдайда «Набат» арнаулы операциясына кірісу асығыстық» деген пікірі Есенгелді Мустафетовті то­сылдырып тастады.

Расында бұндай опе­ра­цияғы бұйрық беру – барлық жауапкершілікті өз мойныңа алумен тең. Басыңмен жауап беру деген сөз. Қылмыскерлердің негізгі талабын орындап, оларды ұшақпен ұшырып жіберуі – әлсіздігіңді мойындағаның. Онда сен генерал емессің. Генерал формасын киген біреусің. Генерал екеніңді дәлелдеудің жалғыз жолы – террористердің жолын кесу. Қолға түсіру. Атып тастау. Әрі оны кепіл адамдар мен сарбаздарды сақтай отырып орындау. Басқа жол жоқ. Иә, басқа жол бар, бірақ ол – абыройсыз жол. Өмір бойы бетіңе шіркеу салар жол. Ол – қанішерлерді кепіл адамдар түгел опат болған соң ғана қолға түсіру. Оның, әрине, мағынасы аз.

Шабуыл барысында кепіл­дегілер мен сарбаздардың кейбірі шығын боп жеткен жеңіс те толыққанды жеңіс емес, ол да тексерусіз қал­майды. Осыған дейін Кавказда,  Кеңес Одағының басқа да жерлерінде болған осыған ұқсас бес-алты оқиғадан жақ­сы хабардар. Олардың бәрі діттеген мақсатқа шығынмен ғана қол жеткізді. Сол үшін бұйрық берген лауазымды тұлғалар қызметі мен шенінен, тіпті осыған дейін алған мара­паттарынан айырылды. Тіпті біреуінің зейнет демалысына шығуына бірер ай ғана уақыт қалған екен. Кей жағдайда қызметтік тексеру, қылмыстық қудалау да болуы мүмкін. Өзі де офицер ретінде жас емес, келер жыл көктемде елуге толады. Алайда шеннен де, қызметтен де абырой артық, ол бәрінен биік тұрады. Генералдық пагонсыз да өмір сүруге болатын шығар. «Өлімнен ұят күшті» деген баяғының шалдарынан қалған сөз бар.

Есенгелді бұл ойларын Леонид Сергеевичке ежіктеп айтып жатпады.

– Сонда, сіз, менің ше­ші­міме қарсысыз ба? – деп сұрақты төтесінен қойды.

– Жоқ, қарсы емеспін – деді Догаев. – Залож­ник­термен бірге отырған бан­диттерге оқ атуға бәрібір про­курордың санкциясы керек.

– Ал, сіз, санкция бересіз бе? – деп Есенгелді сол арада отырған Бас прокурордың орын­басары Александр Эма­­н­уи­лович Буксманға бұ­рылды.

– Ол үшін Бас прокурорға рапорт жаз!

– Осы жеті қараңғы түнде ме?

– Заңдылық солай. Оны менен несіне сұрайсың? – деп қашқақтады ол. – Айтпақшы, өзіңнің облыстық прокурорың жаныңда ғой.

Мәселенің мәнісін онсыз да түсініп отырған облыс прокуроры Владимир Шве­дюк сөзге келтірген жоқ:

– Бұлар онсыз да өлім жазасына кесілген бандиттер! Сондықтан оларға қаратып оқ атуға бола ма, болмай ма деген сөз, сөз емес. Қол қою ешқайда қашпайды, ертең қойып берем. Сондықтан бере бер бұйрығыңды! – деп бір-ақ кесті.

Әскери дабыл сонан соң ғана қағылды.

Әуежайға жылдамдатып дәл сондай «Икарус» авто­бусын әкелдіріп, жаттығуға кірісуіне бұйрық берді. Мето­дикасы алдын ала тал­қыланып, алдын ала жа­сақ­талған ол жаттығуды Ал­матыдан  Шиелі  арқылы ұшып келген Аманғали Баталовтың сарбаздары сол жерде бірнеше рет пы­сық­тады. Шабуылды қай жерде бастайды? Қалай бастайды? Қашан бастайды? Кім қай жерде тұрады? Кімнің қи­мылы қалай болмақ? Бәрін-бәрін, ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай түп-түгел қай­талап жасап көрді.

Автобустың терезе шыны­лары баспен бір пергеннен қалмай күйреп түсу үшін сарбаздардың шлеміне қо­сымша темір байланды.

Мергенді жақын тұрған ғимарат үстіне орналастырды. «А» тобының сарбазы Сергей Яшенко ұшақтың бор­тин­женері болып киі­ніп, ұшқыштар қатарына барып тұрды. Кім біледі, қылмыс­керлерді ұшақ­қа отырғызатындай да жағдай боп қала ма? О да мүмкін ғой. Ал ұшақтың өзі автобуспен келгенде көзге анық көрініп тұратындай ашық жерге қойылды. Бірақ Глухов талап еткендей «Ил-76» емес, «Ан-24» болатын. Бір жақсы жері ол екі ұшақ, «Ан-24»-тің көлемі сәл кішілеу демесең, бір-біріне ұқсайды. Жалғыз айырмашылық «Ил-76»-да төрт мотор, «Ан-24»-те екі матор. Алайда сценарий бойынша, жолдан шаршап әрі жүйкесі құрып келген қылмыскерлер оны аңғарып үлгере алмайды деп есептелген.

***

Басқа жол жоқ!

Осы сөз «А» арнаулы жасағының сарбаздарын бас­қарып келген Аманғали Бата­ловты тәуекелге жетеледі.

Францияда автобусты басып алған терроршыны мерген атып түсірген болатын. Онда да ол ашық терезеден анық көрініп қалған. Мерген сол кезде қалпағын қайырып үлгерген. Әрі ол көлікте жалғыз терроршы еді. Мынау сияқты екеу емес. Ал мерген бір мезгілде екеуін бірдей құрта алмайды. Сондықтан… тек шабуыл.

Таңертең сағат тоғыз шамасында автобус әуежайға келіп кірді. Сырт көзге күдік тудырарлықтай дәнеңе жоқ. Сол баяғы бейғам  Шымкент. Дала жап-жарық. Қызыл «Икарустың» алдында жол бастап келе жатқан МАИ-дың көк жолақты көлігі ұшу алаңының қақпасына енген бойда, ұшаққа қарай зымырай жөнелді. Оның соңында автобус. Қазір солға бұрылуы тиіс. Жолдың сол жақ бетінде елеусіз ғана, халық «таблетка» атандырып жіберген қыз­ғылт сары «УАЗ» тұр. Соны жанап өте бергенде… кенет автобустың оң жақ бетінен естілген тарсыл-гүрсіл жарылыс жер-дүниені сілкінтіп жіберді. Жарқ-жұрқ етіп маңайға от шашырады. Қара түтін бұрқ-бұрқ көкке жайылды. Сол сәт алдыңғы жақтан ызғып келе қалған, қар күрейтін ауыр «ЗиЛ» автобусты сүзіп кеп қалсын. Оның рөлінде автоматты мылтықпен қаруланған «А» арнаулы жасағының сарбазы отырғанын ешкім білген жоқ. Осы замат «УАЗ»-дың тасасынан әлекедей жаланған сарбаздар ыршып шығып, автобусқа лап қойды. Тарс етіп соғысқан дыбыспен қатар, сау етіп терезе шынысы күйрей төгілді. Күйреп түскен терезеден сарбаздар ішке сүңгіп-сүңгіп кетісті. Тарс-тұрс оқ атылды. Усов сол сәтте сеспей қатты. Глуховқа да оқ тиді. Сонан соң, бір сәт тым-тырыс бола қалды. Тапсырма өте-мөте тез, көзді ашып-жұмғанша орындалғаны сонша, сол маңда, талға қонақтап отырған қара қарға қанатын қағып үлгермеді.

***

Соңғы сәтке дейін күдік пен үмітке кезек ерік берген Глухов Шымкентке кіріп, әуежайға қол созым жер қалғанда оқшау тұрған ұшақты көзі шалып қалған-тұғын. Қуанып үлгермеді, гүрс-гүрс еткен құлақ тұндырар оқыс дауыстан есі шығып кетті. Не болғанын түсінсе бұйырмасын. Осы жаңа ғана ұшқындап қоя берген үмітінің быт-шыт боп күйрегені ме? Шопырға кезеніп тұрған пистолеттің шүріппесін еріксіз басып қалғаны сол, тарс еткен дауыспен бірге өзі де жалп етіп, құлап түсті. Одан әрі не болғанын аңдай алмады, алапат бір дүлей күш үйіріп соққаны сондай, жерге жапсырып тастапты. Көзі қарауытып бара жатты. 

***

Жарылыс болған беттен біреу автобусты айдап келген Александр Шехонинді демеп, сыртқа алып шықты. Оны полковник Бапан Әубәкіров пен капитан Абдолла Нұрға­лиев дайын тұрған «Жедел жәрдем» көлігіне мінгізіп жіберді. Оқ оның шекесін жалап өткен екен. Қан білініп тұр.

Соның артынша үш сарбаз әлдекімді әспәлт бетімен дырылдата сүйрей-мүйрей жүгіре шығып, үстіне қона кетісті. Арттағы машинадан түсе сала жедел жеткен Михаил Дәуенов оның Глухов екенін бірден таныды. Кәпір неме көзі алайып, қырылдап өлгелі жатыр. Қанжарын қолынан тастамапты. Сау­сақ­тары қарысып қалған. «Кешеден бергі азарың ба… атаңа нәлет!» Дәуенов оны маңдайдан тарс еткізіп атып салмақ боп пистолетін суырып алғаны сол екен, біреу сабырға шақырып, былай қарай жетелей берді. Қараса, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Қуанышбек (Ахан) Жаңабергенов. Михаил сонда ғана қатты қалжырағанын сезінді. Тілі аузына сыймай шөлдеп бара жатты.

***

ӘҢГІМЕГЕ ҚОСЫМША:

Глухов автобусты айдап келе жатқан Александр Шехо­ниннің желкесіне пис­толет тақап тұрған. «ЗиЛ»-мен соғысқан кезде атып үлгергенімен, қолы тайып кетіп, оқ оның шеке терісін ғана сыдырып өтеді. Оқиға басылған соң МАИ қызметкері, капитан Абдолла Нұрғалиев «Жедел жәрдем» әкеткен Шехонинді Шымкенттің бір аурухана­сынан тауып алып, кері қайтады. Қызылордаға келген соң, «Александр Шехонин – Самара қаласының тұрғыны. Ол Қызылорда облысында автобусты кепілге алған қылмыскерден жолаушыларды аман-сау алып қалған батыр» деп жазып, МАИ-дың мөрін басып, қолына арнайы хат ұстатады. Капитан жазып берген осы хатпен ол Қазақстан жолдарында бір жыл бойы кедергісіз жүріп-тұрады.

Кейін оның осы ерлігі үшін жұмыс орнына алғыс хат жолданған, бағалы сыйлық – бейнемагнитофон сыйға тартылған және Қазақ­стан Республикасы Пре­­зидентінің Құрмет грамотасымен, «Ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету­дегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Глухов ауыр жараланып, артынша өледі.

Екінші қылмыскер – автобустың арт жағында тұрған Сергей Усов шекесіне оқ тиіп, сеспей қатқан.

Автобустағы кепіл адамдар да, шабуылдаған сарбаздар да дін аман. Жараланбаған. 80 жастағы жолаушы ақсақалдың ғана сол өкшесін оқ жалап өткен.

Дүние жүзі бойынша тұң­ғыш рет ешқандай шығын­сыз атқарылған осы операция туралы шетел баспасөзі таңғала жазып, теле­арна­лардан көрсеткен.

Қазақстанның Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің акаде­миясы мен Ресейдің федерал­дық қауіпсіздік қызметі ака­демиясы қазақстандық «Набат» операциясының мето­дикасын оқу құралы ретінде әлі күнге дейін оқып келеді.

«Набат» ­операциясы ­ша­­б­уы­лына 13 сарбаз қатыс­қан.

Шабуылға қатысқан сар­баздарды (А.Баталов, А.Аб­лақов, В.Василенко, В.Во­лосников, А.Головкин, С.Жұ­ма­беков, В.Калиновский, И.Ко­чергин. В.Кузнецов, А.Ме­детов, С.Семенов, И.Со­ловьев, В.Хохлов) сол кездегі Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев қабылдап, Құрмет грамо­тасымен марапат­таған. Қазақ­стан тәуелсіздігін енді алған кезде бұдан басқа марапат түрі болмаған. Кейін олар «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Осы операцияның сәтті өтуіне Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның арнаулы «А» жаса­ғынан басқа, Қызылорда облыс­тық ішкі істер басқар­масының, оның ішінде МАИ қызметкерлерінің еңбегі ора­сан зор болды.

(Соңы.

Басы өткен сандарда)

АВТОРЛАРҒА АНЫҚТАМА

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыс­тық телерадио­компаниясында, «Хабар» телеар­насында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде, «Жұлдыз» әдеби журналында бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

Әмірбек Шайма­ғамбетов 

Өскемен жол құ­рылысы инс­ти­туты мен Қа­зақ құқық­тану және халық­аралық  қаты­нас­­тар инсти­ту­тын бітірген. Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қы­­зыл­орда қа­лалық ішкі істер басқармасының бастығы, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қыз­меттерін атқарған. Полиция полковнигі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<