Қызылордалықтар көшет көктете алмай ма?

876

0

Биыл көшет қымбат. Мұны тұрғындар да айтып отыр. Баға екі есе өскен. Қысқасы, «Жаңа базардағы»  көшет сататын   қатарға бардық. Бізді ең алдымен «Көшет қайдан келеді? Оны кімдер өсіріп жатыр? Бағасы неге қымбат?» деген сауал  қызықтырды.

Шағын базар ішіне енсең, ботаникалық бақ секілді. Гүлдің сан түрлі көшеті бар. Қызыл, жасыл, сары түсі анадайдан көзге түсті. Есіктің алдына сәндік үшін егілетін гүлдерді алушылардың қарасы көп. Гүл бағасы көлемі мен қанша уақыт өсіп тұруына қарай әртүрлі. Аяңдап ағаш көшетіне де келдік. Бір алманың бірнеше сорты бар. 1200 теңгеден жоғары. Шие, алмұрт, өрік, шабдалы жемістерінікі тым қымбат. Көшеттер екіге бөлінеді. Тамырдан өскен және будандас­тырылған. Сатушылардың көбі көршілес Түркістан облысынан келген. Маусымдық жұмыс мұнда жылда жалғасады.  Көшет сатуды 15 жылдан бері кәсіпке айналдырған түркістандық Насиба Асанова әңгімеге араласты. 

– Ерте көктемнен көшет отырғызып, осында әкелеміз. Жергілікті халықтың сұранысына сай жұмыс істейміз. Жеміс ағаштарын будандастырамыз. Жерсіну үшін топырағымен қоса аламыз. Алушыға да солай ұсынамыз. Базардағы жүк көліктеріндегі көшетті байқаған боларсыз. Бәрі де Түркістаннан келеді. Биыл көшет бағасы қымбат. Себебі, жол, жалға алған орын, еңбек бәрі де есепке кіреді. Біз көшеттің барынша бабын жасап өсіреміз. Ал, алушылардың көпшілігі ағаш ектім, шығады деп ойлайды. Анығында олай емес. Әр ағаштың өз күтімі бар. Сатып алушылар кейде жеміс ағашы алмай қалды деп бізге ренжіп жатады. Көшетті отырғызғанда, қалай егу керек екеніне мән бермейді. Тыңайтқыш себудің де құпиясы бар, – дейді ол.

Әр тұрғынның ауласында жеміс ағашы өссе, жақсы емес пе? Бір жағынан аула жайқалады, балалар жемісін жейді. Базардан жеміс-жидек, көкөніс сатып алынбайды. Екінші, қаланың жасыл желекке айналуына септігі тиеді. Үшіншіден, сырттан тасымалдау азаяр еді. Бізде қалай? Жемістің, көкөністің барлық түрі өзге өңірлерден әкелінеді. Содан болар, жазда да бағасы қымбат.

Жоғарыда көршілес облыс жайында сөз қозғадық. Ал, онда әрбір тұрғынның ауласында ­бау-бақша бар. Жылыжай екінің бірінде кездеседі. Оны жол түскен сайын аңғарамыз. Ал, бізде ше? Жылда көшет отырғызады. Бабына келгенде селсоқ қарайды. Содан болар еккен ағаш ерте солады. Сосын жер қатты не көшет дұрыс емес, жерсінбеді деп топшалайды. Қала тұрғыны Мұхит Сәрсенов жылда көшет базарына баруды әдетке айналдырған. Былтыр 15 түрлі жеміс ағашын егіпті. Оның 10-ы көгерген. Қалғаны қурап қалған. Биыл  10 түп көшет алды. Бұл жолы сатушыдан егжей-тегжейін сұрады. Енді оның кеңесіне құлақ аспақ. Дегенмен, ол бағаның аспандап кеткеніне аң-таң. Өткен жолы  800 теңгеден алған жеміс көшетін 1500-ден тауыпты.    

Бізде де жайқалған бау-бақша бар. Жылыжай да салынуда. Бірақ жергілікті өніммен толық қамтамасыз ете алмай келеді.

Қала тұрғыны Әлия Оразғұлова көшет егумен 10 жылдан беріп айналысып келеді. Ерте көктемнен бастап қызу еңбекке кіріспесе, уақытында саудасын жасап үлгермейді. Оның есік алдында орна­ласқан жылыжайында көкө­ністердің сан түрлі көшеті бар. Жерді өңдеп, тұқым сепкен­нен кейін оны уақытылы суарады. Тыңайт­қыштармен нәрлендіреді. Мәселен, құлпынай тұқымы он бес күн ішінде топырақтан өніп шығады. Айтуынша, құлпынай ерекше күтімді қажет етпейді екен. Топырақтың тың әрі ығал болғаны жеткілікті.

– Есіктің алды шағын бақ десем болады. Көкөніс, жеміс-жидек көшетінің барлық түрін  өсіреміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Жүзімнің екі түрі бар. Бір жастағы жүзімнің бағасы 500 теңге. Ал, екі жастағысы 1500 теңгеден саудалануда. Сонымен бірге отызжылдық жүзімнің сабақтарын 100 теңгеден сатып жатырмын.  Көпшілік гүл мен сәндік, жеміс ағаштарын қалай отырғызу керектігіне мән бере бермейді. Сондықтан әрбір алушыға  күтімі мен қалай отырғызу керектігін айтып отырамын. Тіпті, суару кезінде ескеретін жайттар бар. Дәрумендер мен тыңайтқыштың қолдану жолдарын ескертемін. Ал, сәндік ағаштар Алматы, Шымкент қалаларынан тасымалданады.  Күтіп-баптауға арналған заттар Ресейден келеді, – дейді ол.

Бау-бақша егудің сан түрлі жолын айтып, жол сілтегендердің бірі – «Жаса Агро» орталығын құрған Самалбек Қосанов. Оның айтуынша, бақша өнімінің 80-90 проценті сырттан тасымалданады. Жергілікті тұрғындардың сапасыз тұқымдардың ұрынып қал­мау­ы­на кеңес береді. Осы мақсатта жылыжай кәсібін дамыту, көшет отырғызу, күтіп-баптау тәсілін де үйретуде.

Байқағанымыз, ең бастысы – ерінбей еңбек ету.  «Көшет ексем болды, жемісін береді» деген қате пікір. Кемі 3-4 жыл күтіп, бабын жасасаң ғана жеміс береді. Еккен еңбегің ақталады екен.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<