«Шиелі құс» һәм жұмыртқа бағасы

771

0

Күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қатарында жұмыртқа да бар. Себебі оның құрамындағы ақуыз бен белок, мамандардың айтуынша, еттің орнын алмастыра алады. Сондықтан да болар сіңімді әрі жылдам дайындалатын ас ретінде оны тұтынушы көп. Одан бөлек жұмыртқаны кондитерлік өнімдердің құрамындағы негізгі компоненттердің бірі  ретінде пайдаланатынын да білеміз. Демек,  ас мәзіріндегі көп нәрсе онсыз жүзеге аспайды.

Қазір жаз мезгілі болған­дықтан, жұмыртқа бағасы қыс­тағымен салыстырғанда бір­шама түсті. Мәселен, Ұлттық ста­тистика бюросының облыстағы департаментінің мәліметінше, мамыр айында  8,2%-ке, мау­сымда 30,1%-ке төмендеген. Алайда, жұмыртқа өндірушілер қауым­дастығының өкілдері бұл тек маусымдық өзгеріс деп отыр. Өйткені, аптап ыстықта тез бұзы­латындықтан, оны фермалар мен жеке құс өсірушілер арзанға сатуға мәжбүр. Жұмыртқа бағасының төмендегені қарапайым жұрт­шы­лықты қуантқанымен,  осы шаура­шылықпен айналыса­тындардың көңілін түсірген.

«Шиелі құс»  фермасы 20 мың бас жұмыртқа бағытындағы тауық және 12 мың бас жас балапан өсіреді. Күнделікті жергілікті дүкендерге 12-13 мың жұмыртқа өткізеді.

– Жұмыртқа бағасының маусымдық арзандауы бізге тиімсіз болып тұр, – дейді ферма басшысы Насыр Мырзабеков. – Себебі жем-шөп қымбат. Дәрумендердің бәрі сырттан келеді. Құрама жемге қосылатын бидайдың, жүгерінің, пісте май, соя, күнбағыс сығындысының бағасы 60-70 процентке дейін қымбаттады. Негізі құрама жемде 19 түрлі қоспа болады. Бұлар тауыққа қуат береді. Міне, соның бәрі қымбаттады. Біз айына 35 тонна жем аламыз. Құрама жемнің бір тоннасы 220 мың теңге. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Бүгінде жұмыртқаның бір данасын 30 теңгеден сатып жатырмыз. Күзге қарай  7-8 тоннадай тауық етін халыққа ұсынамыз ба деген ойдамыз. Жұмыртқа бағасының өзгеріп отыруы жыл сайынғы құбылыс. «Маусымдық өзгеріс» дейміз. Сұранысқа да байланысты. Мені қынжылтатын бір нәрсе, жұртшылықтың отандық өнім­ді емес, сырттан келетін арзан, сапасы төмен дүниеге ұмты­латыны. Дүкенде өнімнің бағасы 1-2 теңге арзан тұрса, халық соны алады. Алайда оның сырттан келгенін, неше күн тұрғанын, көле­мінің үлкен-кішілігін, сапасын ескермейді. Жергілікті жұрт отандық өнімді тұтынып, оның өтіміне аз да болса үлес қосса, сырттан келетін импортта азаяр еді. Есесіне, балғын әрі сапалы тауарды тұтынатын болады.

Қыс мезгілінде дүкен сөре­лерінде бір дана жұмыртқаның 50-60 теңгеге дейін бағасы аспандап кеткенін көпшілік әлі ұмытқан жоқ. Алдын ала болжам бойынша, күзде жұмыртқа бағасы қайта қымбаттайды. Алайда бұған қарамастан өндіріс көлемі қысқармақ. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 1,8 млрд тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл бір жыл бұрынғы көр­сеткішпен салыстырғанда 13,4% аз. Сондай-ақ, ауыл шаруа­­шылығы кәсіпкерліктері 1,4 млрд, жеке кәсіпкер, шаруа және фермерлер жалпы 10,4 млн жұмыртқа алды.

Қазақстандық жұмыртқа өн­дірушілер қауымдастығының прези­денті Максим Божко әлеу­меттік парақшасында отандық құс өсіру проблемалары туралы айтыпты. Ол мемлекеттік қол­даудың төмендеуі, өңдеудің дамы­мауына байланысты маусымдағы сұраныстың аздығы мен қыс айындағы құс тұмауының өршуін қысқа түрде «құс жұмыртқасына тиген үш соққы» деп сипаттады.

– Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығы мем­лекеттік қолдаудың азаюы жұмыртқа өндірісінің төмендеуіне әкелетінін айтып дабыл қақты. Ал біздің республикамыз оларды қайтадан көршілес елдерден импорттай бастады. Бұл ақыр соңында осы әлеуметтік маңызы бар өнімге бағаның өсуіне әкеледі деп мәлімдеді. Айт­қанымыздай, дәл солай болды. Бұл 15 жыл ішіндегі өндірістің алғаш рет құлдырауы еді! Жұмыртқа өндірушілер қауым­дастығы аграрлық бөліммен құс шаруашылығын жандандыру бойынша қажетті шаралар туралы пікірталастар өткізуді жос­парлап отыр, сонымен қатар 2022 – 2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуге қатысады, онда саланы қолдаудың ұзақ мерзімді стратегиясын құру қажет, – деп жазады Максим Божко өз хабарламасында.

Ал өңірдегі қалыптасқан жағдай бойынша біз облыс­тық ауылшаруашылық басқар­масы­ның азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаевпен сөйлескен едік. Оның айтуынша, республика нарығында импорттық тауық жұмыртқасының бағасы дем­пинг­теу (тауарды сыртқы на­рық­та өзіндік құнынан төмен ба­­ға­мен сату) үдерiсiне және отан­дық құс фабрикаларының рен­та­бель­дiктерiнiң төмендеуіне байланысты.

– Облыстың табиғи-климат­тық жағдайы мал азығына қажетті дәнді, бұршақты дақыл­дарды егуге қолайсыз болғандықтан, құс шаруашылығы қарқынды дамымаған. Дегенмен,  аймақта қуаттылығы жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіретін және алдағы уақытта оны 7,5 млн данаға дейiн өсіруге жұмыс жасап жатқан «Мөлдip и Ka» TC-ның құс фермасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар Жаңақорған ауданында 3,5 мың басқа арналған  «Абдулла» ЖШС және Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» ЖШС-ның ет бағытындағы 1,5 мың бас  құс фабрикаларының құрылысы жүргізілуде.

Алайда бұл жергілікті халықтың қажеттiлiгiн қамтамасыз етуге жеткіліксіз болғандықтан, облыс толығымен елiмiздiң құс өндiрушi өңірлеріне және өзге де көршiлеc мемлекеттерге тәуелді болып келеді.    Өткен жылы республиканың солтүстiк өңірлерiнiң фабрикаларында құс тұмауы тарағанға дейін негiзгi көтерме тасымалдаушылар жылдар бойы қалыптасқан схема бойынша еліміздің солтүстік аймақтарынан, оның iшiнде Қостанай өңiрiнiң «Жас-Қанат 2006», СКО «Ай Құс» ЖШС-нан көтерме түрде алып, облыс нарығын тауық  жұмыртқасымен қамтамасыз етті.

Күз айларында құс тұмауы салдарынан бірнеше фабрика өз шығындарын қалпына келтіру үшін осыған дейін бірге жұмыс істеп келген өңірлердің тарихи жұмыртқа тасымалдаушыларына өндірген жұмыртқа көлемдерін өткізбей, залал шеккен шығын­дарын өндіріп жатқан жұмыртқа бағасына қосып, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап респуб­ликаның ірі қалаларының және облыс орталықтарының базарлары мен сауда үйлеріне тікелей өткізе бастаған. Осы орайда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында көтерме баға 48-49 теңгеге, бөлшек сауда бағасы 50-60 теңгеге дейін жетті.

Облыстың көтерме тасы­мал­даушылары сауда кәсіп­орын­дарының алдындағы өз міндет­те­месін орындау үшін балама қолданыс ре­тінде жұмыртқаны Ресей (Санкт-Петербург, Барнаул, Екатеринбург) құс фабрика­ларынан ала бастаған.

2021 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімдігінің көршілес Ақтөбе облысы әкімдігімен біріге отырып, жұмыртқаны «Ақтөбе құс» ЖШС құс фабрикасынан жөнелту мәселелері жолға қойылды.

Өңірде тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру және жасанды түрде жетіспеушілігіне жол бермеу мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен тауық жұмыртқасын көтерме тасы­­малдаушы жеке кәсіпкер «Омароваға» айналым схемасы бойынша қайтарымды заем бері­ліп, 31 әлеуметтік дүкеннің әрқай­сысына күніне төмен үстемемен 720 дана және келісім бойынша 3 супермаркетте ашылған әлеуметтік бұрыштарды күніне кемінде 320 дана жұмыртқамен қамтамасыз етіп келеді, – дейді бөлім басшысы.

Қорыта келгенде, отандық құс фабрикаларының жұмысын бір ізге түсіру үшін мемлекет тарапынан субсидия керек. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан орталықтандырылған түрде өндірісті, тұтыну, импорт, экспорт үлесін есептей отырып, үйлесімді жүйе қалыптастыру, тұрақтылыққа негіз болар еді. Ал қазіргі жүйеде шашыраңқылық шаң беріп тұр.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<