«Отбасының цифрлық картасы» – электронды жаршы
2024 жылдың басынан бастап «Отбасының цифрлық картасының» көмегімен 785 азамат SMS-ке келісім берген. Нәтижесінде олар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алатын мүмкіндікке ие болды. Оның ішінде 765 адам жұмысынан айырылуы және 20 адам бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем алған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
«Отбасының цифрлық картасы» азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электрондық жаршы» қызметін атқарады.
«Қазіргі уақытта ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдердің мынадай 3 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді: еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер», – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері 40 мың неке тіркелген
Өткен 10 айда 103 мыңнан астам неке тіркелген, ал 2024 жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы құрылды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ мәлімдеді.
Неке саны бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалалары көш бастап тұр.
Сондай-ақ 2023 жылдың шілдесінен бастап елімізде 328 мың сәби дүниеге келген.
«Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» Астанада, Қарағандыда, Алматыда және Қостанайда некені салтанатты түрде тіркейді және бұл қызметті басқа қалаларда енгізуді жоспарлап отыр» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, баланың өмірге келуіне байланысты тіркеу рәсімін салтанатты түрде өткізуді енгізу жоспарланып отыр. 2023 жылғы 1 шілдеде «Азаматтарға арналған үкіметке» азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары берілген болатын.
Уақыт тағы өзгере ме?
Биыл еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Өзгеріске қарсы шыққан қазақстандықтар бұрын қолданыста болған уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция жариялады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев петицияға қатысты түсінік берді.
«Петиция биыл 19 сәуірде басталды. Қазір 1 мыңнан астам адам дауыс берген, біз ескертулерді мұқият бақылаймыз. Регламент бойынша біз алдымен петицияның нәтижесін күтеміз, содан кейін оны қарастырамыз. Әзірге уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты айтуға ерте. Қазір министрліктің ұстанымын айту мүмкін емес. Біз басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп алқалы түрде қабылдаған ресми ұстанымды ұстанамыз» деді Қайрат Төребаев Мәжілістегі брифингте. Оның айтуынша, петицияға дауыс беру нәтижесі белгілі болған соң мәселе қайта қаралады.
Ақпарат көздерінен
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<