Алқабилер асуы биік

1028

0

Кейінгі кездері «Алқабилер соты» деген мәселе айтылып жүр. Жалпы, алқаби деген кім, оның міндеті не, құқы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын қарапайым жұрт жете біле бермейді.

Осыған орай газет тілшісі Қызылорда облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Мейрамбек Шамауұлы Ибрашевпен сұхбат құрған болатын.

– Мейрамбек Шамауұлы, 2007 жылдан бастап Алқабилер сотының қолданысқа енгізілгені туралы заң қабылданғанынан хабардармыз. Осы заңның түпкі мақсаты нені көздейді?

– Қазақ халқының тұрмысындағы жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымта деген нәрселерді баяғыдан билер шешіп келген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін мақалдың өзі – осының айғағы. Ел ішіндегі тентектік пен текетірестерге билер үкім айтып, ағайын арасының бірлігін бұзбай сақтаған. Істі насырға шаптырмай, татулықпен шегендеген. Дау-жанжалға жалғасатындай болса, жұрт төбе биге жүгінген.  Үш жүздің төбе биі Төле би болған.

«Хан – қазық, би – тоқпақ» дейді қазақ. Осы мақалдың мәнінде бидің хан алдында үстем екені көрінеді. Демек, бидің құқы да, құны да қай кезде де биік.

Дәл осы билер институтын жаңғырту мақсатында 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде алқабилер соты қолданысқа енгізілді. Заңның түпкі мақсаты – соттың ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның қылмыстық сот өндірісіне белсенді қатысуына жол ашу, ұрпақты халықтың түпсанасына бойлату.

Алқабилер соты арқылы жас ұрпақ біздің халқымыздың әділ болмысын, өмір сүру дәстүрін бағамдайды. Өз халқының тарихын танып, тағдырын түсінген ұрпақтың діңгегі мықты, ділі берік болады.

Міне, түпкі мақсат дегенде осы нәрселерді ойға түюге болады.

– Алқабилер сотының ерекшелігі неде?

– Алқабилер – қарапайым халықтың өкілі. Сондықтан халық атынан сотқа қатысып отырғандықтан олардың жауапкершіліктері аса жоғары болу шарт.

Ерекшелігі – сот төрелігін жүзеге асыруға кәсіби судьямен бірге арнайы құқықтық білімі жоқ, заңда белгіленген шектеулерден өтіп арнайы таңдап алынған қоғам өкілдерінің  қатысуы.

олардың қатысуымен сот процестері, қаралған істер, тәжірибе көрсеткендей өте жоғары деңгейде өтеді. Жұртшылық кешегі өткен Бишімбаевтың сотынан да мұны жақсы байқап, білді.

Құрамындағы қарапайым адамдардың көзін жеткізу үшін мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының уәждері, дәлелдері өте сауатты әрі нанымды болуы қажет.

Алқабилер – заңды басшылыққа алып сотталушы адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін ерікті азамат және әділ адам ретінде өзінің ішкі нанымы мен ар-ожданы бойынша шешім шығаратын қоғам өкілдері.

Одан басқа қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау мәнісі: ол – сот ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету. Түсініктірек айтқанда, сот жұмысына қатысушы қарапайым халық өкілі заң талаптарын білуге ұмтылады, әр адамның құқығын сыйлау деңгейіндегі көзқарасы өзгереді.

– Алқабилер сотының тәртібін түсіндіре кетсеңіз?

– Елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттарда алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді.

Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, соның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.

Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.

Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды. Бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.

Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.

Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.

– Алқабилер қалай іріктеледі? Олардың таңдауы бар ма?

– Азаматтар алқабиге кандидаттар тізіміне іріктелгенде шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен: қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқаби мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, алпыс бес жастан асқандар, сондай-ақ өздерi жазбаша өтiніш жасаған діни қызметшілер алып тасталады.

Алқабиге іріктелген кандидат егер жұмыс істейтін болса оның жұмыс орнына сот талқылауы болатын күнге босату жөнінде хабарлама жолданады. Алқаби сот отырыстарына қатысқан күндеріне еңбекақы алады. Ал аудандардан келетін кіслерге жолпұлы мен жатын орнының шығындары төленеді. 

– Алқабиге таңдалған кісілердің сотқа қатысуы, белсенділігі қандай? Бас тартушылар мен қарсылық білдірушілер бола ма?

– Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 639-бабының талаптары орындалғаннан кейiн, төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы, өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу, қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу, алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.

Қарапайым сөзбен айтқанда қатыса алмаймын десе, қарсылық білдірілмейді.

Шын мәнінде халық белсенділігі жоғары деп айту қиын. Алқабилердің соңғы кездегі сотқа қатысуы соны көрсетеді.

Кейде көктен періште түсті десе көшедегі адам мойын бұрып қарамайтын хәлге келе жатырмыз ба деп қорқасың. Кез келген немқұрайлылық қайғыға соқтыруы мүмкін. Адамдарды селт етпейтін салғырттықтан қалай арылта аламыз.  Жалпы, әр адам қоғамға, айналасына бей-жай қарамауы керек. Тіпті әр адам өзін бір мезет соттың орнында отырмын деп ойласын. Өйткені, адам тағдыры шешіліп жатқан сол сәттегі оның пікірі шешуші рөл атқаруы да мүмкін.

Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың саны жиырма бестен кем болса, төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын бірыңғай және қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге бірыңғай және қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.

Жалпы тәртіп осындай.

– Алқабилер қандай істерді қарауға қатысады? Олардың құқықтары мен міндеттері қандай?

– 2022 жылы алқабилердің қатысуымен қаралатын істер 14 санатты құраса, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сан артып, 32 санатты құрады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санаты 32 істен 45 іске дейін көбейді.

Алқабилер істің мән-жайын ішкі нанымы бойынша өз бетінше бағалауға және алқа алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкіндігін алу үшін сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатыса алады. Сонымен қатар, процеске қатысушыларға төрағалық етуші арқылы сұрақтар қойып, заттай дәлелдемелерді, құжаттарды, жергілікті жерді және үй-жайларды тексеріп қарауды жүргізуге, төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты өзіне түсініксіз басқа мәселелерді түсіндіруді сұрап, өтініш жасауға, сот отырысы кезінде жазбалар жасауға құқылы.

Сонымен бірге сот отырысында тәртіп сақтауға, төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға, үзіліс жарияланса немесе істі тыңдау кейінге қалдырылса, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге, мүмкіндігі болмаған жағдайда, төрағалық етушіге келмеу себептері туралы алдын ала құлағдар етуге тиіс.

Бұған қосымша айта кететін нәрсе, хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.

Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.

Тұлға бір жылдың ішінде алқаби ретінде бір рет бір қылмыстық іс бойынша ғана қатысуға құқы бар.

– Көпшілікке қажетті әңгіме қозғағаныңыз үшін көп рақмет.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<