Тұрақты сөз тіркестерінің төркінін білеміз бе?

1169

0

Қазақтың әдеби көркем тілінен бөлек, қарапайым сөз қолданысының да өзіндік ерекшелігі бар. Айталық, халқымыз негізгі айтар ойын бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып, мақал-мәтелмен түйіндеп отыратын болған. Осынау бөліп-жаруға келмейтін тұ­рақ­ты сөз тіркестерінің астарына үңілсек, ауқымды ойды аңғарамыз.

Қазақта «…құлағына ал­тын сырға» деген сөз бар. Мұның түп-төркіні «есті­меген бол», «мән бермей-ақ қой» дегенді білдіреді. Неге дейсіз бе? Айталық, ежелден ауызбірлік пен татулықты сақтай білген ата-баба дәстүріне сай әр отбасында кейде абысын-ажын жиналып асарлатып, көрпе көктеп, кілем тоқып, киіз басатыны бар. Ондай басқосуларда әйелдер алаңсыз әңгіме-дүкен құрып, шер тарқатады. Арасында «Дедім-ай-ау» деп ән де салады. Иә, күнде мұн­дай басқосу бола бермейді, сондықтан жаңа түскен жас келіндерге абысындары ақыл-кеңесін айтып, шаңырақтың берекесін сақтаудағы өз тәжі­рибелерін бөліседі. Сон­дай-ақ, отбасы, ошақ қа­сында орын алатын кейбір жайт­тардың түп-төркінін тал­дап, көптің көзінше айтыла бермейтін ішкі сырларын ақтарады. Осындай кезде сол үйдің бойжеткен қызына «құлағыңа алтын сырға» деп жеңгелері наз қылатын болған. Оның мәнісін жоғарыда айтып өттік, «айтылған сөз осы жерде қалсын, ешкім есті­месін, өзің ғана біл» дегенді біл­діреді. Ал қазір «әкімдердің құлағына алтын сырға» деп қолданатындарды көріп жүр­міз. Біріншіден, әкім деп отыр­ғаны ер адамдар, құла­ғына сырға тақпайды. Екін­шіден, сөздің түп-төркіні (естімесін) бұзылып тұр.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейтін тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл сөздің де байыбына бармай, оңды-солды қолдана беретін болдық. Айта кетейік, сөздің түп нұсқасы ауысып кеткен. Мысалы, қазір «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» деп айтылып жүр. Дұрысы – Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Өйткені арқар тауды мекендейтін жан­уар. Ал тау баурайында қыста суық, жазда қоңыр салқын ауа райы сақталады. Сондықтан арқарды «жылы жер іздеп ауды» деген жаңсақ пікір.

Тағы бір мысал, бүгінде көп жасаған, өсіп-өнген адам жайлы айтқанда көп қолданылатын сөздің бірі – «саялы бәйтерек» сөзі. Бұл сөзді бүгінде көп жерде «мәуелі бәйтерек» деп кездестіріп жатамыз. Ал шынтуайтына келсек, бәйтерек – биік әрі саялы ағаш. Бірақ мәуе салмайды. Мәуе салатын жеміс ағашы. Тіпті мәуе сөзі де қазір қолданыстан шығып, орнын жиде сөзі алмастырып алды. Негізінде, мәуе жемісі жидеден гөрі ірі болып келеді. Бұл сөздерге қатысты бала кезден жадымызда қалған «Үргенші мәуе», «Бұқар жидесі» деген таныс атаулар бар.

Айта берсек, мұндай мысалдар көп, солардың ішінен бірлі-жарымына ғана тоқталып отырмыз.

«Айтылған сөз – атылған оқ», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» дейміз. Олай болса, әрбір сөзді қолданғанда мән-мағынасына үңіліп, астарында қандай салмақ барын білуіміз керек. Әйтпесе, бірте-бірте сөздің құны бөздің құнынан төмендеп кетуі әбден мүмкін.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<