Зейнетақы қоры: қызылордалықтардың үлесі қандай?

1239

0

Кейінгі уақытта халықтың жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты қызығушылығы артты. Президенттің пәрменімен оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және басқа шараларға пайдалануға болатыны жөніндегі хабар жер-жерде қауырт жағдай туғызды.

Зейнетақы қорындағы жинақты кім қанша мөлшерде пайдаланды? Қордың бүгінгі жағдайы қандай? Зейнетақы қорында нендей өзгеріс бар? Осы және басқа да сауалдарға жауап беруін өтініп біз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалына қатынас жолдаған болатынбыз. Жауапта төмендегі мәселелер қамтылды.          

2021 жылдың 1 сәуірінен бас­тап БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемді есептеуді жүзеге асыру Әдістемесі өзгерді.

БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2013 жыл­ғы 2 қазандағы № 1042 қаулы­сы­­ның ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% кем емес мөлшерде жүзеге асырылады. (Бұрын БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% кем емес мөлшерде жүзеге асырылған болатын).

Зейнетақы төлемдерінің мөл­шерін есептеуді жүзеге асыру Әдістемесіне сәйкес 2021 жылдың 1 сәуірінен бас­тап зейнетақы төлем­дерін жүзеге асы­рудың бірін­ші жылындағы зейнет­­ақы төлем­дерінің жылдық сомасы зей­нет­­­­ақы жинақтары сомасының зейнет­­ақы жинақтары төлемдерінің мөл­шерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болады – 6,5 %.

Одан кейінгі жылдары ай сайын­ғы зейнетақы төлемінің мөл­шері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнет­ақы төлемдерін индекстеу мөл­шер­лемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады – 5%.

Мысал келтірейік:

ЗЖ сомасы = 6 000 000 теңге

Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге;

Бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай =32 500 теңге;

Екінші жылға арналған ай сайын­ғы зейнетақы төлемінің мөл­шері: 32 500+ 32 500*5%=34 125 теңге.

Бұдан басқа, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру Әдістемесінде белгілі бір санаттарға жататын, яғни мерзімсіз уақытқа белгі­ленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ, жинақтары міндетті кә­сіптік зейнетақы жарналары есе­бінен кемінде алпыс ай жинақ­та­латын зиянды және қауіпті өн­діріс­терде жұмыс істеген алушылар үшін түзетілетін арттыру коэффициенттері көзделген. Бұл ретте, жоғарыда көрсетілген шарт­тардың біреуін ғана емес, одан да көбін қанағаттандыратын тұлғалар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

Айта кету керек, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың аталған Әдістемесі 2021 жылдың 1 сәуірінен бас­тап туындаған қатынастарға қол­да­нылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

Зейнетақы төлемдерінің мөл­шерін есептеуді жүзеге асыру­дың жаңа Әдістемесіне сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайты­латын болады, ол кейіннен жыл са­йын индекстеліп отырады.

Осылайша зейнетақы төлем­дерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа Әдістемесі алушы­лардың еңбек жағ­дайлары мен денсау­лығының ерек­ше­лік­терін ес­кереді, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан берілетін жыл сайынғы төлемдер мөл­шерін ұлғайтуға ықпал ететін болады.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

Түсіндірме бере кетейік. Қазақ­стандағы зейнетақы жинақ қорының барлық түрі бойынша жиналған қаржы 12,3 трлн теңге құрайды. Оның ішінде Қызылорда облысының үлесі 384 млрд теңгеге жуық. Соңғы салыстырулар бойынша жағдайдың біршама оңды сипат ала бастағанын байқадық. Қы­зылорда облысы бойынша барлық салымшылардың саны 413 мың адамға жуықтайды. Бұл, демек, облыс халқының тең жарымының зейнетақы қорындағы есебі бар деген ұғымды білдіреді. Қорыта айтқанда, қазір халықтың көпшілігі зейнетақы қорына қаржы жинаудың тиімді екенін түсіне бастаған сыңайлы. Әлбетте, мұны жақсылықтың белгісі ретінде бағалауға болады.

Жинақтаушы зейнетақы қорына жолданған сұраудың бірінде салым қаржысының облыста жүзеге асыру барысы сұралған еді. Облыс бойынша осы кезеңде барлығы 6 мыңға жуық өтініш түсіпті. Сұрау бойынша 4046 адамның өтініші қанағаттандырылып, оларға тиісті қаржы берілген. Ол шамамен 15,3 млрд теңгені құрайды. Қорыта айтқанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы осыншама қаржы негізінен тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланылды.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<