Бұл – жылда қайталана беретін үйреншікті жағдай. Көктемгі егін егу жұмыстары басталар сәтте жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Биыл да осылай болды. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Ерсін Орынбаевқа телефон шалып, түсінік беруін өтіндік.
Ол департамент тарапынан жағдайдың тұрақты түрде бақылауға алынып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жекелеген мұнай өнімдерін өндіруші бірлі – жарым компаниялардың жанармай сатуда монополиялық жағдайда бағаға үстемдік жасап отырғанын айта келе, дегенмен, аймақтағы жанармай нарығы департаменттің бақылауында екенін жеткізді. Сонымен бірге ол қазіргі күндері Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұрғанынан хабардар етті. Келесі кезекте Павлодар және Шымкент зауыттары жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жұмыстарын тоқтатады.
Иә, айтары жоқ, осындай кауырт сәтті өз мүдделеріне пайдаланып, олардың тарапынан артық пайда алғысы келетін әрекеттер орын алуда. Бірақ, бұл – уақытша құбылыс.
Әлемдік мұнай нарығы: Болжамдар қаншалықты шындыққа айналуда?
– Негізінен біздің тарапымыздан тексеру барысында жанармай бекеттерінде айтарлықтай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Бензин негізінен қалыптасқан өзіндік құнына сәйкес сатылуда, – деді департамент басшысы және бір сөзінде.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев өз кезегінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысынан мәлімет берді.
Оның атап өткеніндей, биыл облыстың ауылшаруашылық саласындағы көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін барлық жанар-жағармайдың белгіленген көлемі – 12804 тонна. Бүгінгі күні оның наурыз және сәуір айларына белгіленген 7854,3 тоннасы үшін қаржы төленген. Қазір оның цистерналарға тиелген 7694 тоннасы арнайы операторлардың базасына жеткізілген. Олар – «НефтьТранс – Кызылорда», «РК-Мұнай», «Қызылорда мұнай өнімдері» және «Жаңақорған Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бүгінгі күні келген жанар-жағармайдың 3 мың тоннадан астамы шаруашылықтарға таратылып берілген.
Басқарма басшысы дизель отынының нарықтағы бағасы 200 теңгеден асып тұрса, шаруашылықтарға жеңілдетілген бағамен, яғни 164 теңгеден босатылып жатқанын айтады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<