Әлемдік мұнай нарығы: Болжамдар қаншалықты шындыққа айналуда?

324

1

Әлемдік сарапшылар 2020 жылғы коронавирус салдарынан болған жаһандық экономиканың құлдырауын 2021 жылы біршама деңгейде қалыпқа келеді деген болжам жасаған болатын. Болжамдар қазір шындыққа айнала бастады. 2020 жылдың соңынан басталған мұнай нарығындағы баға едәуір көтеріліп, ол барреліне 70 долларға дейін өсті. Кейін біршама төмендегені болмаса, баға өндірушілер үшін тиімді болып қалыптасты. Бірақ асығыстық жасауға әлі ерте, әлемдегі жағдай тағы күрделі сипатқа ене бастады. Коронавирустың үшінші толқыны Еуропаның бірқатар елдерінде карантин шектеулерін қабылдауға мәжбүрледі.

Өткен жылы әлемдегі мұ­най өндіруші және оған ен­бейтін елдер ұйымы (ОПЕК) өзара мәмілеге келіп, нарық­тағы «қара алтын» өндірісін төмендетуге ке­ліскен болатын. Әртүрлі пі­кірлердің қалып­тасқанына қа­ра­мастан, аталған шешім ти­істі нәтижеге жеткізді. Қазір на­рықта қолайлы жағдай қалып­тасты. Бұл – Қазақстанға да ти­імді.

Сәл шегініс жасайық. 2020 жылы әлемдік мұнай нары­ғын­да құлдыраудың бірнеше толқыны болды. Оған бірнеше фактор әсер етті. Олар сұ­раныстың күрт төмендеуі ке­зін­де шикізаттың шамадан тыс өндірілуі, пандемия және оған қатысты шектеулер еді. Бір ғана наурыз айында мұнай ба­ғасы екі есе арзандады. Баға барреліне 20-25 долларға де­­йін төмендеді. Бұл – әрине, мұ­най өндіруші елдер үшін алаң­датарлық жағдай.

Алайда, күздің соңында на­рықта қуатты серпін пайда болды. Батыстық вакциналардың сәтті сынақтары туралы оңды жаңалықтар, АҚШ президенті сайлауының нәтижелері мен Джо Байденнің жасыл тех­но­логиялардың жақтаушысы ретінде америкалық мұнайшы­ларды қолдамайтыны туралы мәлімдеме жалпы дәстүрлі энергияның бағасы көтерілуіне оңды ықпал жасады. Алдағы уақыттан не күтуге болады?

Өткен жылдың желтоқсан айының басында ОПЕК+ альян­сының елдері қаңтардағы өн­дірісті тәулігіне 500 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдады. Әрі қарай жоспар министрлердің ай сайынғы кез­­десуінің нәтижелері бо­йын­ша нақтыланатын болып ше­шілді. Алайда, жаңа келісім­дер­дің әрекет ету мерзімі бел­гіленген жоқ.

Brent барреліне 50 долларға сенімді түрде жақындады. Ке­йінгі айларда ол тіпті 65-70 дол­ларға дейін өсті. Соңғы оқи­ғаларға тоқталайық. Суэц каналындағы мұнай тасушы танкерлердің қайраңға тұрып қалуы салдарынан әлем экономикасы өзіне тиісті «қара алтын» сұранысынан айырылды. Бұл өз кезеңінде нарықтағы ба­ғаға әсер етпей қалған жоқ. Еуропалық сарапшылардың атап көрсеткеніндей, қазір қай­раңда тоқтаған баржалар­дың зияны аптасына 10 млрд доллар көлемінде бағаланып отыр. Осының өзі алдағы уа­қытта мұнайға деген бағаның төмендемейтінінен хабар бер­гендей. Қазір каналдағы қоз­ғалыс қалпына келтірілді.

Сарапшылар қазір панде­мияның екінші толқыны аяқ­талмай жатып, тіпті, үшінші толқыны басталғанын айтуда. Еуропа елдері карантин жариялап экономика өсімін баяу­латуда. Олардың қатарында Португалия, Бельгия, Чехия тағы басқа елдер бар. Демек, мұнай нарығындағы сұраныс қалпына келтірілгенімен әлі айқындылық байқалмайтын сы­ңайлы.               

Бірқатар сарапшылар АҚШ-тың соңғы айларда өндірісті миллион баррельге артты­руына байланысты бірінші тоқ­­санда мұнай бағасы 40-42 долларға дейін төмендеуі мүм­­кін. Содан кейінгі жағдай әлемдік державалардың пандемиядан қалай шығуына байланысты болады деген пікір айтуда. Бірақ әзірге бұл болжамдар расқа айналмады.

Бұл орайда америкалық же­текші банктердің мұнай ба­ғасының 60 долларға де­йін артуын болжағанын еске алғанымыз абзал. Атап айт­қанда, Bank of America (BofA) 2021 жылдың бірінші жар­ты­жылдығының соңында Brent 60 доллар деңгейінде қалып­тасатынын болжайды.

Жалпы экономикада алдын ала болжам жасау күткен­дегідей нәтижелерге жеткізе бермейтінін өмірдің өзі дәлел­деп отыр. Коронавирус дерті басталғанда бірқатар сарапшылар енді «дәстүрлі отынның күні бітті» деген сәуегейлік айтқан еді. Бүкіл әлем бо­йынша ендігі жерде «жасыл экономиканың» қадамы бас­талды деген пікірлер жаппай айтыла бастады. Қазір жағдай өзгерді. Әлем технологиялық жағынан түбегейлі өзгеріске дайын болмай шықты. Себебі дәстүрлі емес отынның өзіндік құны қымбат. Ол өзін-өзі ақтамайды. Әңгіме бұл тұрғыда әлем жұртшылығын алдап, сая­си мәлімдемелерден әріге аспай отыр. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, АҚШ әкімшілігі де әзірге бұл идеяны қолдайтын сыңайы байқалмайды. Себе­бі саясатты қанша алға тарт­қанмен, бұл жобаның тым қым­батқа түсетіні күн өткен сайын айқындала түсуде.

Қорыта айтқанда, әзірге Қа­зақстан мен Ресей сияқты дәстүрлі отынға бай елдердің жағдайы бөтен болмайтын сы­ңайлы. Бұл – әлбетте, жақ­сылықтың нышаны.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз