Басықараның балығы

23

0

Бес жыл бұрын ел Үкіметі 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. Оның басым бағыттарының бірі – табиғи су айдындарындағы ресурстарға түсетін жүктемені азайту. Сондай-ақ олардың тұрақты түрде көбеюін қамтитын аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту еді.

Сол құжатта 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін әр жыл сайын 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы айтылған. Сон­дай-ақ ішкі нарықтағы балық өнімдерін тұтынуды жылына 67 мыңнан 134 мың тоннаға дейін арттыру бар. Ал таби­ғи балық попу­ля­циясын 7%-ға көбейтіп, 237 мың тоннаға жеткізу жоспарланған еді.

Бүгінде республикада 700-ден астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Бағдарламаға сәйкес, Сыр елінде де 2030 жылға дейін балық өсіру көлемі 16 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Сондай-ақ тауарлы балық өсіретін шаруашылық санын 55-ке жеткізу жоспары бар.

Басықараның балығы

Кейінгі жылдары мұндай шаруашылық құру облыстағы әр ауданда жанданып келеді. Айталық, екі жыл бұрын Қазалыдағы Басықара ауылында «Арал Рыбторг» ЖШС жалпы көлемі 464 гектар жерді құрайтын балық тоғаны шаруашылығы құрылысын бастады. Ал былтыр аталған серіктестік өз тоғандарына су жіберіп, 360 мың түрлі шабақ салған.

– Басықара елді мекені тұсынан бұрын кеңестік кезеңдегі тоған орындарын қайта жаңғырту жолымен өндірістік қуаттылығы үш жыл ішінде 1000 тоннаны құрайтын тоған шаруашылығын құру жобасы іске асырылды. Шаруашылық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы аумағы – 464 гектар, оның 362 гектарына тауарлы балық өсірілсе, 102 гектары балық шабақтарына арналған. Сонымен қатар, тоған жанынан инкубациялық цех ғимаратын салу жоспарланып отыр. Шаруашылықта тұқы тектес балық түрлері өсіріліп, арнайы бағымнан соң нарыққа шығарылады, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.

Ал «Арал Рыбторг» ЖШС-ның жетекшісі Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, алдағы күзде тоғандардан 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – өсірілген тауарлы балықты сауда сөрелерінде қолжетімді бағамен халыққа ұсыну.

Қазір шаруашылықта 4 жаздық тоған болса, оның екеуіне балық жіберілген. Кәсіпкер 2027 жылға қарай шаруашылықта тағы да балық тоғандарын іске қосып, жергілікті халықтан 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтитынын айтып қалды.

Жалпы «Арал Рыбторг» серіктестігінің құны 650 млн теңге болатын тауарлы балық өсіру жобасы өңірде саланы дамытуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін күшейтуге бағытталған. Жобаның 308 млн теңге қаржысы кәсіпкердің өз есебінен болса, қалған 342 млн теңгесін несиелеуге «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы құжаттары ұсынылған.

Сондай-ақ осы шаруашылықтың құрыл­тай­шы­лары бұған дейін Арал ауданының Аманөткел ауыл­дық округінде тоған шаруашылығын іске қосқан болатын. Тоған 5,3 гектар аумақты алып жатыр, оған қоса шаруашылық жанынан қуаттылығы жылына 12 миллион шабаққа арналған инкубациялық цех құрылысы басталған еді. Аталған уылдырық цехы келер жылы іске қосылатын болады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»