Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжановпен кездесті. Кездесуде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды.
«Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін станция іске қосылды. Оның 176 мегаватт электр энергиясын өндіру қуаты пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ алдын ала құны шамамен 2 млрд АҚШ долларына бағаланған, қуаттылығы 1100 мегаватт жаңа бу-газ қондырғылары мен 500 киловольттық электр желілерінің құрылысын жоспарлауда.
Өңірді электрмен жабдықтауда сенімділік пен тұрақтылық болу үшін «KEGOC» АҚ тарапынан бірқатар іс-шараны жүзеге асыру қажеттігі туындады. Атап айтқанда, «Қызылорда» қосалқы станциясындағы қуаты 40 МВА екі, «Жалағаш» қосалқы станциясындағы қуаты 20 МВА екі күштік трансформаторды алмастыру қажет.
Өңірге электр энергиясы негізінен солтүстіктен ескірген бірінші және екінші басты төмендеткіш қосалқы станциялар арқылы жеткізілетінін ескеріп, «Байқоңыр» қосалқы станциясының құрылысын бастау қажет. Осы аталған жобаларды «KEGOC» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасына енгізуді ұсынамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, соңғы жылдары қала аумағының кеңеюіне және жаңа нысандардың пайдалануға берілуіне байланысты электр энергиясын тұтыну шамамен 28 пайызға артқан.
Қазіргі уақытта аймақта 10 мың шақырымнан асатын электр желілері мен 2 мыңнан астам қосалқы станция бар, осы инфрақұрылым нысандарының тозу деңгейі 60,8 пайыз.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






