Құрылтай

Жас Абайдың абайсызда сөзден тосылуы

9

0

Ел аузындағы бір әңгімеде Абайдың жастау кезінде Орта жүздегі нағашыларының еліне барғаны айтылады. Абай аттанар күні әкесі Құнанбай: «Балам, Шаншарлардың алдында байқап сөйле, атақты Қаз дауысты Қазыбектің ұрпақтары шетінен ойға жүйрік, тілге шешен. Абайсызда арандап қалып жүрмегейсің» деп ескертеді.

  Абай нағашыларына барып, аунап-қунап біраз күн жатады. Сондай күндердің бірінде нағашысы Тонтайдың намазды сүлесоқтау және асығыстау оқып аяқтағанын көріп, әзіл-шыны аралас: «Шариғаттың белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын да жолы болады екен-ау» деп қағытыпты. Сонда Тонтай: «Жаратушы ием барлыққа келтірген әлем қандай кең болса, біз ұстанған Имам Ағзам Әбу Ханифаның шариғат қағидасы да сондай кең. Ұсақ-түйек қателіктері кешірілуге жатады. Өйткені ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғындай» қатігез емес» депті.

  Жас та болса әулеттің арғы-бергі тарихынан хабары мол ескерімді Абайдың жүрегіне нағашысының бұл жауабы найзадай қадалады. Себебі, Тонтайдың «аттың жалы» дегені – Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен Тобықтының биі Кеңгірбайдың билігі, «түйенің қомы» дегені – Қодар мен Қамқаны түйеге теңдеп асып өлтірткен әкесі Құнанбайдың үкімі, ал «садақтың оғы» дегені – Қалқаман-Мамырды садақпен атып өлтірген Көкенайдың қаталдығын айтқаны.

Тонтайдың осы астарлы жауабын әкесі Құнанбайға айта отырып Абай: «Бұл сөздер Тобықтыға таңба болып басылды, нағашымның елінен еңсем түсіп аттандым» деген екен.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы