Ілгеріде малдың жайын күйттеген мыңғырған байлар қыста жылы, жазда шыбын-шіркейсіз, шаруаға жайлы Қызылқұмды жайлады. Құм жоталары таза, оты құнарлы, терең құдықтарының суы да тұщы әрі салқын. Құшақ жетпес тарамыс сексеуіл мен қандымы қыста да, жазда да пана. Төрт түлік малдың еті мен жүн-терісі, тұяғы мен мүйізіне дейін айналымдағы тауар ретінде бағаланды. Көпестер Сырдария өзенінің Түркістан шаһары тұсындағы Ақжар өткелі арқылы малды етке айдаса, өзге де өнімдерін көне қаланың базарына шығарып тұрды. Әрі қарай Шымқала мен Тәшкенге де жол ашық. Азық-түлік пен басқа да тұрмыстық заттар тиеген керуендер осы соқпақпен Қызылға қайта оралып, құмдағы қауымның тұрмыстық қажетін өтеп отырды.
БАҒДАРЛЫ БАҒЫТ
Өткеннің тәжірибесін зерттей келе кеңестік үкімет Қызылды игеру арқылы қоғамдық мал басын молайтуды алпысыншы жылдардың басында қайта қолға алды. Өйткені, азық-түлік бағдарламасының тірегі мен тиянағы төрт түлік малға келіп тірелгені анық. Социалистік қоғам орнаған ондаған жылдар аралығында мал басы баяғы феодал байлар дәуіріндегі кезге әлі жете қоймаған-ды. Сол уақытта атакәсіпті өркендету жолындағы бағытта құм беткейінен бірнеше ұжымдар ашылып, мал шаруашылығын дамыту жолындағы қызу еңбек өріс алды. Кешегі алай-түлей замандарда жан-жаққа шашырап кеткен байырғы малшылар қауымын осы шаруаға шоғырландыру ұйымдастырылды. Иә, малға ие болар бейімді қол күші қажет еді.
«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», дейтін байырғы атакәсіп иелері расында төрт түлікті жусатудың шын шеберлері болғаны анық. Оған құм суырған атыраптағы баяғы байлардан қалған жүздеген терең құдық пен қыстау орындары дәлел. Құдық маңындағы кішкене төмпешіктер қора-қопсы мен жеркепелердің орындары кешеге дейін жатты. Шіріндіге айналған мал көңі де құнарлы тыңайтқыш ретінде таптырмас олжа саналды. Сондай-ақ осы жердің, мал жайылымдарының кезіндегі иелерін айқындайтын атаулары да ұмытылмапты. Мәселен, Ұялы, Қыңыр, Жауғашты құдық аттылы адамға құм жиегіндегі елді мекендерден төрт-бес күндік шалғайда. Бері қарай Шотай, Мырзан, Қызтескен, Желдер, Күлік, Шыбық, т.б. аталып тізбектеліп жатады. Айдаудың тақыры аталатын үлкен жазық та осылардың ортасында көлбей сұлаған-ды.
Иә, сонымен мал шаруашылығын қайта дамыту тұрғысындағы қарқынды шаруаның бел ортасында аға буын өкілдерінің ізін ала жоғары білімді маман Тасбалта Дүйсенбиев те жүрді.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ
Ол Балтакөлдегі ағарту орта мектеп-интернатын бітірген соң араға он жыл салып, 1973 жылдың мамырында елге қайта оралды. Бұған дейін 1970 жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының зоотехника факультетін тәмамдап, аталған оқу орнының жолдамасымен Көкшетау облысы Чистополье ауданының Ялта кеңшарында өз мамандығы бойынша үш жылдан астам уақыт абыроймен қызмет атқарған еді.
Жас маманды Жаңақорған ауданына қарасты «Түркістан» қаракөл-қой кеңшарының директоры Әбсадық Әбсеметов жатырқамады, сөзге келместен зоотехник-селекционер қызметіне тағайындады. Олай етуінің бір себебі, Тасбалта директордың көз алдында өскен жас болатын.
Жағдай оқырманға түсінікті болуы үшін тағы бір шегініс жасауға тура келеді. Ескі көздердің хабарында бар, сонау алпысыншы жылдары онжылдықты бітірген жастарға кемі екі жыл шаруашылықта жұмыс істеген соң ғана қалаған оқуына баруына рұқсат берілетін-ді. Сол талап бойынша 1963 жылы мектеп бітірген Дүйсенбиев комсомолдық жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Куйбышев кеңшарына барды. Кеңшар басшылығы үлкен өмірге енді қадам басқан жасты Майдамталдағы Ленин атындағы бөлімшенің аға шопаны Бахрадин Қыдырбаевқа көмекші етіп бекітті. «Ленин» орденді аға шопанның қарамағында үш жыл көмекші болған елгезек жас жігітке ұжым 1967 жылы жоғары оқу орнына жолдама-кепілдеме береді. Сол кезде Куйбышевтің директоры да осы Әбсеметов болатын. Бір кезде өзі оқуға жіберген азамат жоғары білімді дипломын қолға ұстап, алдына келіп тұрса, қалайша меселін қайтарсын. Міне, гәп қайда?!
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қызылқұмдағы қым-қуыт шаруаның қызған кезіне тап келген жас маман Тасбалта сонау Көкшетаудағы отбасын іле-шала көшіріп әкеліп, қайнаған жұмыстың ортасына топ ете қалды. Көктемгі қой қырқымының кезі екен, қырқымшы тапшы, техника, электрлі қайшы да кем. Алайда жоқ деп аспанға алақан жаю мүмкін емес. Қара қойдың жабағы жүнін тездетіп алып, шөбі шүйгін құмға шығаруы керек. Қыстан қысылып шыққан жануарлар көкке емін-еркін тойынып, шел байлауы қажет. Малшылардың «Шелді мал – төлді мал» деуі бекер емес. Малды түнетіп бағар бірер айдан соң мал қашырымы деген аласапыран науқан келе қалады. Сондықтан шайын жүре ішкен мал мамандары Қызылдың құмында күн демей, түн демей жортады да жүреді. Бұл қарбалас әлгі шаруаның қамы ғой. Тәкең де құмдағы малшылар мен олардың алдағы қонар жайылымдарын белгілеп, арасында қойды қырқымға айдауын қамтамасыз етіп жүргенде Көкшетаудың салқын ауасына үйренген әдемі жүзі қара қошқылдана тотығып, түз адамына ұқсап қалғандай екен. Онысын келіншегі Сараның сынай қараған кейпі мен әдемі күлкісінен аңғарды:
– Елім, жерім деп аңсағының, мына шаңы бораған желің екен ғой, –дейді ол еріне әзілдей.
– Сабыр ет! Бұ жел – қасиетті жел! Бір шаңды ұшырады, бір шаңды қондырады, – дейді ілгеріде үлкендерден естігенін астарлай жеткізіп. Ерінбейтін, елгезек, малшылар қауымымен тез тіл табысқан Дүйсенбиев көп ұзамай басқа ауданға қызмет ауыстырған Әзім Полатбековтың орнына кеңшардың бас зоотехнигі қызметіне тағайындалды. Жиырма жеті жастағы жас маманның кандидатурасын Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, талабы күшті Зұлпыхар Мұсаханов та қолдады. Бұл зор жауапкершілік еді. Баяғы баяғы ма, енді тіпті кеңшар орталығындағы отбасын, зілсіз әзілдейтін Сараны, кішкентай бүлдіршіндерін аптасына бірер рет көретін күн келді. Онда да кеш келеді, таң сыз бере жол үстінде жүргені. Ауылда балаларын сағына күтіп жүрген әкесі Дүйсенбі мен анасы Күлжамал кейде орталыққа қыстауларынан келе немерелеріне дорбадағы құрт-майын, тәттілерін таратып жатып: «Тасбалта Көкшетауда жүргенде хат жазып тұрушы еді, ауылға келгелі хаты да жоқ, өзін де көрмейтін болдық-ау» деп күлетін-ді. Өйткені, адамның тіршілігінде дамыл таптырмайтын мал шаруашылығы олай-былай мойын бұруға мұрша бермес.
ҚОШ БОЛ, ЯЛТА!
Дегенде, құм арасындағы бұралаң жолмен сапарлап келе жатып зоотехник кейде ойға шомады.
…Алматыдағы студенттік шақ керемет кез еді-ау! Сол ару қалада Тараздың көріктісімен танысты. Біртіндеп көңілдері жарасты. Институтты бітіретін 1967 жылы үйленді. Тойлары «Ласточка» кафесінде өтті. Өзінің бірге оқыған жолдастары, Сараның құрбылары араласып, қызықты думан болғаны кеше ғана секілді еді. Шамадандарын көтеріп, Көкшетау асты. Бұлар барып орныққан Ялта селосының тұрғындарының басымы еуропа нәсілділер, мұнда бар болғаны 15 үй ғана қазақ отбасы қоныстанған. Олар бір-бірімен тығыз араласты. Кей кездері кештете шай үстінде домбыра шертіп, бәрі қосыла ән салады. Ана тілінде сөйлеп, ана тілінде түсініскен де бір бақыт екен ғой!
Осындайда өзі орта білім алған Балтакөлдегі ағарту мектеп-интернатын, туып-өскен жері шағын Ақтөбе ауылын сағынатын-ды. Салқын ауа, салулы төсекке қарамай, елге кеткісі келгені сонан екен-ау! Бірде, ауданға іссапармен келген Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Еңбек Ері Еркін Әуелбеков жас маманмен тілдесіп, оның өз ісіне жетік екенін жоғары бағалады. «Міне осындай жастарды өсіруіміз керек, дереу партия қатарына қабылдаңдар!» деп тапсырма берді Чистополье ауданының бірінші хатшысы Баян Жанғабыловқа.
Осылай коммунист атанды. Ауылдағы әке-шешесінің «Сыртта жүріп тіптен жат болып кетуге айналдың, елге оралсаң оңды болар еді», деген тілегін аудан басшысына айтқанында бірінші хатшы: «Номенклатурада есепте тұрсың, сен жөнінде арнайы тапсырма берген Еркін Нұржанұлына енді не деймін?» деп қатты қынжылды.
Бәрінен де күнде аралас-құралас болған көршілерінің қимастығын айтсаңызшы. «Аз елдің азасы бір» демекші, қазақы туыстық жақындығына келгенде үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көп орыстың арасындағы аз қандас Тасбалта мен Сараны орталарынан тіптен жібергісі келмеп еді-ау, сонда. Айтпақшы, елге оралғаннан соң үш-төрт жыл шамасында сонау Көкшетаудан Ялта селосындағы байырғы көршісі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ташмат Тұрмановтың соңынан іздеп келіп, үш күн қонақ болғаны бар. Дастарқан үстінде ауыл басшыларына «жас маманның әлеуметтік жағдайын жасамапсыздар» деп, ептеп өкпе-назын да білдіргені ше. Бұл Тәкеңдердің ортасына сыйлы, айналасына шарапатты болғанының белгісі ғой.
БОРАНДЫ КҮНГІ ОҚИҒА
Иә, «еңбек ет те, міндет ет» дейді қазақы тәмсіл. Хал-қадірінше қызмет жасады. Біршама уақыт № 2 ферманың меңгерушісі қызметін де атқарды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүйіндік Молдалиев, орденді шопан Алдаш Қарабалаев, Сапар Дүйсенбеков, Бөкейхан Құттыбаев, Сейдіғали Кенжеариев, Жәлел, Әмзе Пармановтар және тағы басқалармен қатар мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Сондай-ақ өкшелес қызмет жасаған жас мамандар Балтабай Байботаев, Қасымхан Құттыбаев, Батырхан Байкенжеев, Қантемір Тұтқабаев, Қалдар Жангіров, Пернебек Тасболатовқа өз білгенін үйретті, мол тәжірибесін бөлісті. Қоғамдық мал басын реттеп отыру үшін зоотехникалық-ветеринарлық шаралар өз мерзімінде сапалы жүргізілуі керек. Кәрі қойдың қоңын көтеріп етке өткізу, тұсақ малды тиянақты шопанға тапсыру, отарлардың жыл мезгіліне сай көшіп-қонын реттеумен қатар, қиырдағы малшыларға азық-түлік жеткізу, ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық пен мәдени шараларды өткізу сынды шаруалар кимелеп үсті-үстіне келеді де тұрады. Мұның бәрі де жүйелі жұмыстың нәтижесімен үйлесімін табады. Әрине, ол үшін ғылыми негізде ойлану, жоспарлау қажет. Абырой болғанда жоғары білімді маман осының бәріне үлгеріп жүрді.
Мал шаруашылығының қауырт та қиын кезеңінен өзі мына бір оқиғаны есіне алды. «Бірде қатты қыс ауасында малшылардың жағдайын білу әрі жем тарату мақсатымен құмдағы отарларды аралап жүрміз. Күн суық. Кештетіп, Сәуле қыстауындағы малшыға жем түсіріп, ауылға қарай беттедік. Алайда Құрбантай деген жерге жеткен кезде бензин таусылып, жолда қалдық. Жаяу борасын ұлып тұр. Содан машинаның суын төгіп, шопыр Мақсұт екеуміз жақын маңдағы қыстауды бетке алдық. Қар тобықтан, қара түнек. Шамамен осы тұс деп Қызылшалға қарай жүріп келеміз. Біраз жүрген соң шопыр «менің енді әлім жоқ, өкпем ауырады. Балаларымның алды үйленді, немере сүйдім, бір балам науқас еді, соған алаңдамасам басқасына шүкіршілік етемін. Мені осында қалдырып, өзің кете бер» дейді қинала. Жолдасын жолда қалдырғаннан асқан оңбағандық болмас. «Қойыңыз», деймін оған. «Шыдаңыз, шамалы жүрсек, алдағы қыстауға жетеміз» деп жігерлендіріп, алға қарай ілби бердік. Не керек, түн ортасында бірімізді біріміз демеп жүріп, сүйретіліп, Қызылшалдағы шопан Төлен Жұмашевтің қыстауына жетіп жығылдық. Ертеңіне Ақшоқатта РАПО бастығы Скендиров пен кеңшар директоры Жәнібековке ұшырасып, жағдайды айтып едік, «бір ажалдан аман қалған екенсіздер», деп олар да көңілімізді жұбатты».
ПАРТКОМ ХАТШЫСЫ
1982 жылы Тасбалта Дүйсенбиевті бастауыш партия ұйымының партком хатшылығына сайлады. Бұл саяси жұмысты да өз дәрежесінде атқара білген ол халықтың ынтымағы мен бірлігін сақтап, ортақ қоғамдық жұмыстарға жұмылдырып отырды. Еңбек озаттарын насихаттап, қатардағы жұмысшылардың оларға теңелуіне ықпал еткендігі өзіндік бір саяси шешім. Осылайша еңбек өнімділігі артуына үлес қосты. Ардагерлерге құрмет жасап, жас отбасылардың қамқорлығына көңіл бөлді. Бір-біріне өкпелегендерді татуластырды, ажырасқандарды қосты.
Сол жылдары бас мал дәрігері Ә.Бекжігітов, бас бухгалтер С.Исмағанбетов, бас экономист Ж.Жұмашев, бас инженер К.Қасқабаев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Қарабаев, ауылдық кеңес төрайымы Е.Аманжолова, ферма меңгерушілері Қ.Әбуов, А.Ерімбетов, С.Арынов кейінін кеңшар директоры болған Қален Жәнібеков және жас мамандар Б.Әбуов, С.Төлегеновпен түсіністікте жұмыс жүргізе білді. Бірлік бар жерде тірлік те өнімді.
Тоқсаныншы жылдардың басында партия тарап, кеңшар ыдыраған тұста да ол өз мамандығынан алыстамады. Шаруашылық басшысының орынбасары, кәсіподақ төрағасы қызметтерін ықыласымен атқарды. Қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмады. Ауыл ардагерлерінің төрағалығын атқарды. Атқарушы орындарға тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жастарды жұмыспен қамту тұрғысындағы ұсыныс-пікірлерін жеткізіп жүрді. 31 жыл бойы сайлау учаскесінің төрағасы болды. Жоғары орындар тарапынан бірнеше марапат пен алғыс хаттарды иеленді.
ӨМІР – КӨШКЕН КЕРУЕН
Иә, тіршіліктің жолы әрдайым тегіс бола бермейді. Өмір – көшкен керуен. Тағдырдың қызығы мен шыжығы аралас өрбиді. Өкінішке қарай, 2014 жылы ұзаққа созылған науқастан сүйікті әйелі Сара Әлиева бақилық болды. Көңіл қалтарысы жоқ, ақкөңіл, барынша көпшіл жан еді. Тас түскен жеріне ауыр. Сонда да қайсар қария қайғыға берілмей, балаларына, немерелеріне бас-көз болды. Ұл-қыздары Ләззат, Айгүл, Меруерт, Өркен, Өскен, Ғалымжан, Нұргүл, Айнұр өмірден өз орындарын тауып, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Асқар тау әкелеріне «Біздің ауыл жаққа қыдырыңыз», деп кезек-кезек телефон соғып жатқаны. Барыс-келістері үзілген емес. Құдалары құшақ жая қарсы алады, немерелері аталап алдынан шығады. Мұның өзі пендеге зор олжа! Сексен жастың төріне көтерілген атакәсіпті елге нәсіп еткен ауыл ақсақалы өз тағдырына шүкіршілік айтып, алдағы болашақтың мұнан да жарқын болуына сенім артады. Лайым, айналасы түгел, ойындағысы орындалсын!
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі.
Жаңақорған ауданы





