Құрылтай

«Тораңғының түбіне демалуға болмайды»

6

0

«Тораңғының түбін де демалуға болмайды. Отқа жағуға, кесуге және тораңғы тоғайына мал жаюға болмайды». Үлкендердің осы сияқты тыйымдарының астарына үңіліп көрдік пе? Этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» атты кітабында келтірілген деректерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тораңғы – теректер туысына жататын ағаш. Сыр өңірінде тораңғыл деп атайды. Тұзды және құмды сусыз шөлдерде табиғи жағдайда өсуге қабілетті бірден-бір биік діңгекті, жапырағы мол ағаш. Ол ауаның жылылығына, желдің күші мен ылғалдың тапшылығына қарамай тіршілік етеді. Құм тоқтататын қасиетке ие. Халықтың тораңғы ағашын қасиетті, киелі санауымен байланысты бірнеше аңыз желісі қалыптасып, ел ішінде «адам-ағаш» танымына ие.

Аңыз бойынша тораңғы қыз бен жігіт екен. Ертеде бір қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болып, ата-анасының қарсылығымен қосыла алмай, шөл далаға қашып, ағашқа айналып қосылыпты-мыс. Тораңғы діңінен көз жасап, ішін қызыл сөлге толтырады. Аңызға сәйкес сол қызыл сөл – тораңғының көз жасы. Оны еркек, ұрғашы деп бөліп қараған. Адам сияқты дем алады деп түбінде ұйықтауға тыйым салған.

Халық арасында тараған тағы бір аңыз бойынша, ертеде жаугершілік заманда тораңғыдан жасалған бесікке баланы жатқызып, қатты таңып байлап, Сырдария өзенімен ағызып жіберген. Тораңғы бесік жеңіл болады, суға батпай бетімен қалқып баланы келесі елді мекенге аман-есен жеткізеді. Тораңғының қасиеті мен баланың періштесі бірге үйлеседі. Осылайша аман қалып ұрпағын сақтаған-мыс.

Тағы бір аңыз желісінде Қорқыттың қобызы тораңғыдан шабылған. Асан қайғының саяғы, асатаяғы тораңғыдан болған, түйеге мініп жерұйықты іздерде жерге асасын шаншып кетеді, содан Сырдың бойында тораңғы көбейеді.

Бұл ағаштың ерте кезден өсетінін қариялар ғұндар заманынан бар, ал қалжыңмен жауап берсе «атамның бала күнінде болған», «мыстан кемпірмен құрдас» деп түсіндіреді.

Қасиетті саналуының тағы бір қыры – тораңғы мен құс арасындағы байланыста. Тораңғы ұя – тораңғы басына өзінің майда бұтақтарынан салынған құс ұясы. Сыр қазақтары арасында «тораңғының басына құс ұя салмайды» деген сөз тараған, бұл тораңғының басына құстар басқа ағаш, тал-шыбықтан ұя салмайды дегенді білдіреді. Екеуі бейнебір бір-бірімен сөйлесіп, басына мекендеуге келетін құсқа тек өз бұтағының сынығынан ұя салуға рұқсат беретіндей.

Халық тораңғыны қанайтын ағаш деп сипаттайды. Белгілі бір түрлері өзінің бойынан қуыс орын жасап, сонда қызыл сөл жинайды. Оны тамырынан шыққан қан деп танып, отынға жаққызбайды. Қан-сөлі қасиетті, шипалы саналған. Осындай сөл бөлетін ағашты кеспеген, себебі қуысқа жиналған суды құстар ішіп, таңдайын жібіткен. Күннің аптап ыстығында тораңғы сөлі мұздай болады, қыста қатпайды. Сөлдің түсі қызыл болғанымен, тұзды келеді.

Тораңғы ағашының кейбірі белгілі бір жасқа жеткенде өз діңінің ішінен қуыс жасаған. Сыр өңірінің Қызылқайың елді мекенінде бас­қа ағаш түрінің тапшылығына байла­нысты тораңғыл ағашын тұрмысқа, шаруашылыққа пайдалану үшін кесу қалыптасқан. Ақпан айында суықтан қатып тұрған кезінде қажетіне жарататынын ғана Құран оқып кескен. Алладан тораңғыны кесуге рұқсат сұраған.

Тұрмыста, шаруашылықта қол­да­нысына қарай тораңғыл шаңы­рақ, тораңғыл келі, тораңғыл күбі, тораңғыл ер, тораңғыл бесік, тораң­ғыл астау, тораңғыл аса, тораңғыл тез, тораңғыл қада, тораңғыл қора, тораңғыл қос, тораңғыл қоршау, тораңғыл құдық, тораңғыл ұя, тораң­ғыл қайық, тораңғыл қан, тораңғыл су, тораңғыл белағаш, тораңғыл кесеқап сөздері қалыптасқан.

Тораңғыл ағашын шабарда балғамен ұрып көрген, даусы тыңқылдап шықса, демек діңі тығыз. Ал күңгірлеген дауыс шықса, онда іші қуыс, оны айран пісетін, май шайқайтын күбі, ет тартатын ағаш астау жасауға кескен. Шабылған тораңғы діңінің қабығын аршып алып, жер суық кезде құмға кемі алты ай көміп тастаған. Бұл әдісті құмға пісіру дейді. Қабығы аршылған тораңғы одан сайын берік болып, діңі қатып, қабығы ар­шылған соң құрт-құмырсқа да түс­пеген.

Діңінен дән түйетін келі, киіз үй шаңырағының шеңберін, күлдіреуішін жасап, ер қосқан. Одан шабылған ер мен тораңғыдан қосылған бесік жеңіл болған.

Тораңғы ердің екі түрі кездеседі, бірі – жас балалар мен жас жігіттерге арналған шағын қазақы түрі, екіншісі – денесі ірі, салмақты ер адамға арналған құранды ер түрі.

Жуан діңінен келі жасау әдісі басқа ағаш келілермен бірдей.

Жеңіл болғандықтан ертеде қа­зақы қайық жасауға да қол­да­нылған. Қызылқайың өткелі ерте­ден Сырдария үстіндегі көш-керуен жолын жалғап жатты. Тораңғы қайықпен өткелден адам мен жүк өткізуді кәсіп еткен қа­йық­шылар, ескекшілер болған. Жүк қайықтарының ағаштарын тораң­ғыдан кесу осы өңірдегі табиғатты дәстүрлі игерудің аймақтық ерек­шелігін көрсетеді. Себебі Қызыл­қайың өңірінде ағаштың басқа түрі тапшы.

Ортасы қуыс тораңғы діңін екіге жарып, ет тартатын астау жасап өңдеген. Тораңғы астау да жеңіл болған.

Айран пісетін күбіні ортасы табиғи қуыс тораңғыдан жасап, те­мір­мен құрсаулаған. Ортасында та­биғи қуысы барын қабығын аршып, құмға пісіріп алған соң ішкі ойығын екі жақ қуысынан алма-кезек сүр­гілеп, жонып-тегістеп түбінің ішкі ойығы көлемін өлшеп, бүтін ке­сіндісін салып, темірмен қат­ты етіп қысып құрсаулап тастайды. Піспегінің басын ауыр тарту үшін жиде бұтағынан жасаған. Тал, жиде шыбықтарынан құрастырған кү­бімен салыстырғанда жеңілдеу келеді.

Жергілікті ағашшылар діңін киіз үйдің шаңырағын жасауға қолданған, ал уығы мен керегелеріне тал бұтақтарын қолданған. Бұл өңірде тораңғылдың тек шаңыраққа таңдалуы оның беріктігімен және қасиетті саналуымен байланысты. Бұтақтары түзу, ұзын болмайды, қысқа әрі ирелеңдеп өскендіктен шаңырақтың шеңбері мен күл­діреуішіне кесуге ыңғайлы, ал уық, кереге жасауға қолайсыз, сондықтан Қызылқайыңда тораңғыдан киіз үйдің шаңырағын ғана соққан.

Кесілген тораңғыл ағашы бұ­тақ­­тарының ірілерін қабығын аршып, кесіп мал қораға қада-баған қа­ғуға, жертөле, жеркепе үйлерінің ұстынын қағуға, итарқасын жабуға пайдаланған.

Ертеде Қызылқұмда қыстауда отырған қазақтар құмтөбеден дауыл тұрғанда құмның сусылдап көшуінің алдын алу, құмды тоқтату үшін тораңғыл мен сексеуіл бұтақтарын кіріктіре отырып, қоршау жасаған.

Желден өздігінен сынып түс­кен немесе тұрмыстық қажет үшін кесілген тораңғы ағашының бұ­та­ғын өңдеп, емші-бақсылар аса ретінде қолданған. Дертке шал­дық­қан адамдардың ауруын көшірген, арқа қаққан, тамыр нүктесін бас­қан. Асаны сермеп, зікір салуға қол­данған. Жергілікті ахун, мақсым, ишандар Аллаға мадақ айтып, зікір салғанда да тораңғыл асаны қол­данған деген дерек халық арасында әлі кездеседі.

Тораңғы белағаш кесене, зират­тардың ұстынына, іргетасына са­­лын­ған, күйдірілген қышпен не­месе шикі кірпішпен қоса өріл­ген. Құрылысқа бел­ағаш ретінде таң­далған діңді де қабығынан аршып, құмға пісіріп, қатырып алғаннан кейін салған. Пісірілген тораңғы кесенемен бірге ұзақ жыл тұрған.

Бүгінде бұл ағаш қорғауға алынып, тоғай мен жеке-дара өсетін тораңғыларды кесу тоқтағанымен, басқа ағаштың тапшылығына орай қада-баған үшін діңін емес, бұтағын кесіп алу немесе жас тораңғының діңін рұқсат алып кесу кездеседі. Оны «құмға пісіріп» өңдеп, тұрмыс­тық бұйым жасау әдісін меңгерген шеберлер бүгінде қалмаған.