Қазір ол қалада тұрады. Жақсы, жайлы мекен іздеп барған жоқ, жолдасының денсаулығына байланысты қам-қаракеті ғой. Әйтпесе, Жаңақорған – жердің жәннаты ғой. Өзінің жаратылысы томаша құстай демесең, тірлігі Толағайдың табысындай. Еңбекке әлі епті, қолды-аяққа тұрмай, әулеттің шаруасын тыңғылықты тындырып отыр. Сонысына қарап, үлкендігін үлгі ете алатын, жарқын жолынан өнеге өрілетін тағылым иесі дерсің.
Жалпы, адам – әрқашанда жасаған жақсы ісімен көрікті емес пе, сонда ғана жақсылық еселене түсіп, одан шарапат сезінеді. Әйтпесе, бес саусақ секілді бәрі бірдей болмайды ғой. «Мың қарға тең келмейді бір сұңқарға, мың жылқы тең келмейді бір тұлпарға» дейтіндей, адамның адамнан айырмасы болмас еді.
Біздің сөз етіп отырғанымыз – Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Зөрекүл (Зөреш) Сапабекова биыл 80 жасқа толған мерейтой иесі. Саналы ғұмырын білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол Жаңақорған ауданындағы алғашқы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі екенін екінің бірі біле бермейді. 1966 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, туған жерге оралып, Жайылма мектебінен бастаған Зөрекүлдің еңбек жолына да 60 жыл толды. Қос тойы қабат келген ол үшін өмірдің әрбір белесі қымбат, білімге қосқан үлесі береке, ұрпақ үшін аянбаған еңбегі ерекше.
Ол кезде қазақы тәрбие қалыптасқан ауылда қыз баласына тыйым көп, қаладағы жоғары оқу орнына жібере бермейді. Білімі мектеп деңгейімен шектелетін дәстүрге берік уақыт. Осындай қысылтаяң шақтың қасаң қалыбын бұзған – Зөрекүл десе болады. Ол институтқа оқуға түскен ауылдағы алғашқы ару. Бұған лауазымды қызмет жасайтын әкесінің де ықпалы бар. Әкесі: «Шырағым, заман – оқығандыкі. Білімді адамның басында бақ басым тұрады. Елге серпіліс әкелем десең оқимын деген талабыңды құптаймын» деген. «Бұрынғының адамы бұрыс кетпейді» деген осы ғой, есті сөз қаршадай қызды қанаттандырды.
Зөреш – әкесінің сүйікті қызы. Әкесі Сапабек Мұсылманқұлов КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның Үкімет басшылары (И.Сталин, Г.Трумэн, У.Черчилль) қатысқан Потсдам конференциясында (1945 жыл) Құрметті күзетте тұрған тарихи тұлға. Ол соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», І дәрежелі Отан соғысы, Ленин ордендерімен және «За отвагу», бірнеше медальмен марапатталған. Бейбіт заманда ел басқару жүйесінде лауазымды, жауапты қызметтер атқарған кісі. Көзі ашық, көкірегі ояу кісінің бала болашағына бейжай қарамайтыны белгілі, ақылман әкенің қолдауы зерек Зөрешті кемелдену кезеңіне көтерді.
Уақыт неткен жылдам десеңші, жылдар ағысы жылжып, Зөреш апайға қос ғасырдың (ХХ-ХХІ) жүзін көру бақыты бұйырыпты. Өмір өткелдері адамды шыңдайды, жетістікке жетелейді, еңбегіңе қарай өсіреді. Бұл бұл ма, үлкеннің батасын, елдің алғысын алып, мыңдаған шәкіртке маңдайалды мұғалім болған мерейін қайда қоясыз? «Зөреш апай» деп оқушылар ортаға алып, қамқоршысындай қаумалап, анасындай еркелейтін. Олардың нәзік сыйластығы мен суымайтын сүйіспеншілігінен асқан ұстаз үшін мәртебе бар ма? Пах шіркін-ай, бұл да бір ғанибет ғұмыр ғибраты емес пе?
Қазір өткінші жаңбырға ұқсас бәрі қас-қағым сәт секілді, бірақ әр кезеңнің салмағы зіл батпан тартатын, жауапкершілігі зор жауапты міндеттемесі болды. Оны аянбай арқалай білген апайдың абыройы асқақ екен.
Осы арада бір шегініс. Зөрекүл Сапабекқызы оқушы кезінде үш мектептің тәлімін алды. Алдымен, Жайылмада бастауыш сыныпты бітіріп, аудан орталығындағы №51 орта мектепте жалғастырды. Кейін Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте жоғары сыныптарда оқыды. Осы 1962 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ағылшын тілі факультетіне оқуға түсті. Төрт жыл бойы белсенді әрі өнерлі студент болып, оқу орнын үздік аяқтаған ол туған жері – Жаңақорғанға оралды. Жас маманды жылы қабақпен қарсы алған аудандық білім бөліміндегілер жаңадан ашылған Жайылма орталау мектебіне жіберуді ұйғарды.
– Алдымен әкеммен ақылдасып көрейін, нақты жауабын ертең айтамын, – деді қыз келісімін бермес бұрын.
– Жарайды қалқам, оның да жөн.
Бұған әкесі жүрегі жарылардай қуанды. Қызының көз алдында жүріп, үйден кіріп-шыққанын қай әке жек көрсін, ауылға келгеніне көңілденіп кетті.
Ол кезде аудан мектептерінде шет тілі ретінде француз тілін оқытады екен, ағылшын тілі маманы үшін бұл оқыту процесі ешбір кедергі бола алмады. Өйткені ол Жайылма орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісіне тағайындалып, әрі қарай өз мамандығы бойынша пәндік жұмысын қоса атқару жүктелді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсұт Ибрагимовтың көмегімен ауылда интернат ашылып, оған жыл он екі ай елден жырақ жүретін шопандардың балалары орналастырылды. Бұл да оңай шаруа болған жоқ, елді мекеннен шалғай отырған қойшы ауылдарды аяғынан тозып аралап жүріп, ата-аналардың келісімін алып, жаңа интернаттың оқушылармен қамтылуын қамтамасыз етті.
Мектептің педагогикалық құрамы да жинақталды. Тәжірибесі мол Нұржан апай, Молдаш ағай, өзі бар, 9 жас мұғалім сол балалардың сапалы білімі мен тәлімді тәрбиесіне жауапты болып бекітілді. Жұдырықтай жұмылып жасаған педагогикалық жұмыстың арқасында бірінші жылы-ақ орталау мектептер арасынан аудан бойынша суырылып шығып, үшінші орынға көтерілді. Бұл балалар талабын ұштаған ұстаздардың үйлескен ісінің бағасы болатын.
Осы орайда кейіпкеріміз де кестелі ой қосты. «Жаспыз, шаршау дегенді білмейміз. Қасымдағы екі мұғалім қыз біздің үйде жатып, жұмыс істейді. Үй мен мектептің арасы таяқ тастам жер. Бірақ түскі тамаққа баруға үлгермейміз. Анам тасып тұрды. Кешкілік те балалармен қосымша жұмыс жүргіземіз. Сабақ үлгерімін пысықтаймыз. Осылай таң атқаннан түннің жарымына дейін тынымсыз жұмыс жасадық» дейді Зөрекүл Сапабекқызы өткен күндердің өнегесін еске алып.
1967 жыл келді. Басқа жылдардай емес, бұл жылдың жаңалығы әсерлі әрі жағымды еді.
Аты аңызға айналған «Сыр сұлу» ансамблі жаңадан құрылып, Жаңақорғанда жұмыс жасап жатқан ұстаз Зөрекүлге шақырту келді. Онда Алматыда өтетін Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерінің он күндігінде өнер көрсетуі керек делінген. Күтпеген хабар көңілге қуаныш иірімдерін қондырды. Шаттық сезімі шабыттандырып жіберді.
Студент кезінде-ақ би өнеріне бейім қыздың таланты талайды тамсандырған еді. Түрлі мәдени шаралардың сәні мен мәні болған Зөрекүлге зейін ауатындай бар. Біріншіден, жеке орындау мәнерімен қоса ансамбльдің сүйемелдеуіне үйлескен ұжымдық топпен өнер көрсету шеберлігі ерекше болатын. Екіншіден, биші репертуары бай. Міне, осындай озық қырымен оның өнері бағаланды.
Алматыда ансамбльдің мерейі үстем болды. Жанрлық ерекшелігімен қатар ән-би бағдарламасы жұрт жүрегін жаулайтындай жоғары талғаммен жасалған. Сондықтан «Сыр сұлуының» бәсі биіктеді. Енді осы құрамнан іріктеліп, шектеулі топ одақтың астанасы – Мәскеуде өтетін Қазақстанның он күндік декадасына қатысатын болды. Ансамбльдің таңдаулы өкілі Зөрекүл Сапабекова негізгі құрамда. Оған ілтипат басым. Мәскеудің жайлы қонақүйінен орын берілді. Декаданың дүбірге толы кештері көптің көңілінен шықты. Қаншама жүздеген көрермен ұлттық өнердің көпқырлы кереметіне тамсанды, тоқтаусыз қол соқты. Бұл жолғы өнер жетістігі одақтың баспасөз беттерінде үстін-үстін жарияланды.
Зөреш апай Мәскеудегі мәдени ірі шарадан рухани күш алып, елге келді, еңбек майданына қайта араласып кетті. Енді оны елде тағы бір тамаша оқиға күтіп тұр еді.
Қазақ айтқандай, «Жігіт қыздан іздейді, қыз түзден іздейді» деген рас сөз екен, жүрек қалауындағы жігіт – Зинабдин әскерден оралып, жігіт жағы құда түсіп келді. Сөйтіп Зөрекүл Кеңес ауылына келін болып түсті.
Біреулер «Екі жақсы қосылмайды» деп жатады. Сол сөз жалған-ау, ғашықтық ғаламаты екі жақсыны біріктіремін десе түк те емес екен. Құданы құдай қосады дегендей, олардың да тілегін тәңір қолдаған дейміз.
Зөрештің келін болған ортасы тау беткейіне танымал, ошағынан оты, шаңырағынан берекесі кетпеген бақуатты ел болатын. Атасы Шермағамбет ақсақал ел қадірлісі, бес уақыт намазын қаза қылмаған ауылдың айтулы молдасы еді. Алдын ешкім кесіп өтпеген, бетіне ешкім жел болып тимеген кісі. Ондай абыройлы адамға келін болу – біріншіден бақ, екіншіден, сыни көзқарасы көп сынақ болатын. Оның үстіне, оңтүстікке тән ұлттық салт-дәстүр де қатаң сақталатыны тағы бар. Мұны мөлшерлеп, қызының бақытты болғанына тілекші әкесі: «Жүрек мейірім мен жұмсақтықтың мекені болуы керек. Адамның адамдығын айшықтайтын қаталдық емес, мейірім ғана. Ең алдымен, сен, барған жеріңде мейірімді бол! Екіншіден, қазақ «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Сондықтан ата-енеңді, үлкенді құрметте. Ол – қазына, ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» деп үлкендік тәлімін аманат етіп тапсырды.
Терең сөз Зөреш апайдың санасында тұнып қалды. Текті әулеттен көрген тағылымы талдырмаш қыз үшін сыралғы салтқа сергек қараудың сырын ұқтырды.
Мына өлең Зөрекүл Сапабекқызының 75 жас мерейтойында өмірлік серігі Зинабдин көкенің арнауы екен. Онда жігіттің махаббаты да, құрметі де бар.
Қашық та емес іргеміз,
Бір елде өмір сүреміз.
Қызылорда атты шаһарда,
Жерлестер болып танысып,
Бірге оқып, бірге жүргеміз.
Сол кезде мұны айтқанда,
«Бір-бірімізді шын сүйгенбіз».
Жарастырып өзі жаратқан
Жарты ғасырдан аса біргеміз!
Студент кезден жолы боп,
Жақсы ортада жүрген қыз.
«Сыр сұлуында» би билеп,
Мәскеуді барып көрген қыз.
Ағылшын тілін ауданға,
Алғаш алып келген қыз.
Әскерге кеткен жігітін,
Аулына келіп күткен қыз.
Уәдесін солай орындап,
Кеңес ауылына келін боп,
Көп кешікпей жеткен қыз, – деп дәріптеп, сүйіктісіне сырын ақтарады.
Олар қасиетті Қаратаудың етегінде қоныс тепкен Кеңес ауылында тұрып, Зөреш апай №54 мектепте ағылшын тілінен дәріс оқып жүрді. Жолдасы Зинабдин Шермағамбетов мектеп директоры, оның қолы босай бермейді, көп уақыты аудан мен ауыл арасында өтеді. Үйде үлкендер бар, екі ауылдың арасында жаяу шапқылап екі-үш рет қатынауға тура келеді. Жұмыс – міндетің, шаңырақ – келін шаруасының қайнаған қазаны. Бәрін де тең ұстау, тұрақты көңіл бөлу – өмірдің ажырамас бөлігі, қызығы да, шыжығы да қабат тіршілік түйткілі. Қызық, сол күндер қазір қиял әлеміндей, естелік болып, еске түсіп қояды. Сол 1973 жылы Кеңес ауылынан орталау мектеп ашылып, Зөреш апайдың жұмысы жеңілдегендей болды. Сөйтіп осы №239 орталау мектебінде (кейін орта) 20 жылдай жемісті еңбек етті.
– Менің өмірім өте әсерге бай, бақытқа толы. Тәңір тілеуімді берді десем, жаңылмаймын. Шыққан тегім де, барған елім де алақанына салды, ардақтай білді. Ендігі кезекте, мұғалім болғаныма мақтанамын. Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Сондықтан ұлағатты ұстазға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Жалпы, мұғалім болу бір мерей, әрбір үйдің бөбегіне әріп үйретіп, тілін сындыруы бір ерлік. Сондықтан ұстаз ардақты есімге ие, – дейді Зөрекүл Сапабекқызы.
Шынында, өмірдегі ең асыл адам – анаң шығар, ол тоғыз ай толғатып, жарық дүниеге әкелді. Екінші анаң – алғашқы әріп үйреткен, жарық дүние танымын ашқан ұстазың екен. Осы екі кісінің орны әрбір перзентке үнемі биік және ұлы есім.
Қасиетті мамандықтың туын түсірмей, тұғырын тіктеп, тәлімін сіңіріп, тағылымын оздырып, жыл сайын жыл құсындай жас түлекті ұшырып, жаңа буынды бауырға басып, жетілдіру ұзақ та ұлағатты жол екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «…Ұстаздың бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Әр оқушының тұлға болып қалыптасуында мұғалімдер маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз педагогтерді әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында!» деп ұстаз мәртебесін ұлықтап берді.
Расында, ұстаз – бұл тек білім беруші ғана емес, рухани жетекші, тәрбиеші. Ол адамның ішкі әлемін дамытып, өмірге деген көзқарасына, адамгершілік қасиеттеріне ықпал етеді, рухани өсуіне жол көрсетеді.
Қысқаша айтқанда, әрбір ұстаз – мұғалім, бірақ әр мұғалім ұстаз бола бермейді. Бұл ретте, Зөреш апайдың ұстаздық мерейі әрдайым үстем деп ойлаймын. Оған өзінің ұзақ жылғы іс-тәжірибесі, ерен еңбегі лайықты.
Биыл Зөрекүл Сапабекқызына берекелі жыл, қос мерейтойдың қуанышы орны бөлек. Бір кездері жалындаған жас мұғалима бүгінде білім беру саласының ардагері дәрежесіне көтеріліп, осы жолға, бала болашағы үшін 60 жыл уақытты арнады. Кеудесінде маңдай тер мен үздіксіз еңбектің жаршысындай Ы.Алтынсарин медалі, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісі жарқырайды. Мұнымен қоса «Еңбек ардагер» медалі мен Оқу-ағарту министрлігінің түрлі марапатын қосыңыз. Мүмкін, мұғалім мерейі тек марапатпен өлшенбейтін шығар, ол үшін үздік шәкірттері мақтаныш. Бүгінде бір оқушысы мұхиттың арғы бетіндегі Америкадан, бірі республикадағы ең үлкен банктен хабарласады. Толассыз келген хаттар, шәкірттің ыстық лебіздері жанын жадыратып, көңілін көтеріп тастайды. Бұл сексеннің сеңгірін бағындырған бақытты жанның баянды жолы.
Саналы ғұмырын бір ауданның дамуына арнаған жолдасы Зәкең, Зинабдин Шермағамбетов – бүгінде өңірге белгілі тұлға, қайраткер, зиялы қауым өкілі. Үш мектепте директор, аудандық білім бөлімін басқарып, аудан әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, зейнетке шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған қызметтік жолы үлкен құрметке ие құтты қадамдары еді. Ноғай халқында жұбайды «жан дос» дейді. Сол айтпақшы, олар жұбын жазбаған жан дос ретінде алпыс жылға таяу бірге ғұмыр кешіп келеді.
1992 жылы Жаңақорған кентіне көшіп келіп, аудан орталығында тұру бақыты бұйырды. Бұл үй өте ыстық, қазір киелі шаңырақ саналады. Нағыз бақыт бесігі десе болады. Осында перзенттері ержетті, ата-ананың үміті ақталды.
Зөреш апай 5 ұл-қыз өсірген ардақты ана, бүгінде балалары мемлекет дамуына атсалысқан айтулы азаматтарға айналды. Ұлағатты ұрпақтарынан 15 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі





