Қазақстанда нарықтың ашықтығын арттыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған өнеркәсіпті цифрлық жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап СТ-KZ сертификаттары мен индустриялық сертификаттардың орнына қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі жұмыс істей бастады.
Жаңа жүйе рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, адал емес тәжірибелердің алдын алуға және мемлекеттік қолдау шараларын отандық өндірушілерге неғұрлым нақты әрі тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Саланы цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі – жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесін енгізу. Міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу 2026 жылғы 1 желтоқсаннан басталып, тоқыма және тігін өнеркәсібінің кең ауқымды өнімдерін қамтиды. Бірінші кезең – 2026 жылғы 1 желтоқсан, екінші кезең – 2027 жылғы 1 наурыз, үшінші кезең – 2027 жылғы 1 қазаннан бастап жүзеге асырылады.
Әрбір өнім бірлігіне оның айналымының барлық кезеңдерін бақылауға мүмкіндік беретін бірегей цифрлық код беріледі. Сонымен қатар, тұтынушылардың қолайлылығы үшін Бірыңғай таңбалау операторы NAQTY ONIM тегін мобильді қосымшасын әзірледі.
Бұл қосымша арқылы әрбір сатып алушы дүкеннің өзінде тауардағы таңбалау кодын сканерлеп, өнім туралы толық ақпаратты жедел ала алады және қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шағым жолдай алады.
Аталған шаралар көлеңкелі нарық үлесін қысқартуға, тауар айналымының ашықтығын арттыруға, адал өндірушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.





