Аймақтың сәулетін айшықтап, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын әрбір ғимараттың артында құрылысшылардың қажырлы еңбегі жатыр. Олар уақытпен санаспай ел игілігі үшін аянбай еңбек етеді.
Құрылысшы күніне орай отыз жылдан астам уақытын осы салаға арнаған, бүгінде «СМП-Қызылорда» ЖШС-да тас қалаушы болып еңбек етіп жүрген Сағынбай Қалмағанбетовпен сұхбаттастық.
– Құрылыс саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға кім әсер етті?
– Менің құрылыс саласына келуіме бірден-бір себепкер – әкем. Ол кісі өмір бойы құрылысшы болып еңбек етті. Бала күнімнен оның қасында жүріп, құрылыс жұмысының қалай жүретінін көріп өстім. Демалыс күндері немесе қолым қалт еткенде әкеме көмектесіп, қарапайым жұмысты істеуден бастап үйрендім. Сол кезде құрылысшы мамандығының тек ауыр еңбек емес, үлкен жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететін кәсіп екенін түсіне бастадым. Әкем әрдайым: «Қалаған әр кірпішің берік болса, адамдардың саған деген алғысы да мәңгі болады» деп айтып отыратын. Осы сөздер менің жадымда сақталып қалды. Оның еңбекқорлығы, ісіне адалдығы мен үшін үлгі.
– Осы уақытқа дейін шамамен қанша нысанның құрылысына қатыстыңыз? «Мен осы ғимаратты салдым» деп қайсысын мақтанышпен көрсете аласыз?
– Осы жылдар ішінде талай әріптеспен бірге еліміздің дамуына үлес қосатын тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалардың және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалыстым. Мысалы, Шиелі ауданында аурухана, Оқушылар үйі, Руханият орталығы, ипотекалық тұрғын үйлер мен ауыл мектебін салдық. Ал Қызылорда қаласында Өнер орталығында, сол жағалаудағы ипотекалық баспаналарда қолтаңбамыз қалды. Одан бөлек Қазалы ауданында балабақша, аурухана, спорт кешенінің, Арал ауданында аурухана құрылысына атсалыстық. Құрылысшы болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, шыдамдылық пен адал еңбекті талап ететін өмірлік жол. Мен үшін әрбір қаланған кірпіш – болашақ ұрпаққа қалатын мұра.
– Құрылысшы мамандығының көпшілік біле бермейтін қандай қиындықтары бар? Жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязы жұмысыңызға қаншалықты әсер етеді?
– Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, әр бөлшекке мұқият болу өте маңызды. Бір ғана қателік үлкен мәселеге әкеп соғуы мүмкін. Ашық аспан астында жұмыс істейтіндіктен ауа райына тәуелдіміз. Бірақ құрылыс ешқашан тоқтамайды. Жазда ыстыққа, қыста аязға қарамастан еңбек етеміз. Мұндай жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтап, жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыру маңызды.
– Құрылысы аяқталған нысанды алғаш көргенде қандай сезімде боласыз? Құрылыс кезінде сіз үшін ең жауапты кезең қайсы?
– Аяқталған нысанды көргенде бойымда ерекше қуаныш пен мақтаныш сезімі пайда болады. Ол жерде өз еңбегіңнің ізі қалғанын сезінесің. Ал құрылыс кезіндегі ең жауапты кезең – нысанның іргетасын қалау және негізгі көтергіш конструкцияларды орнату. Өйткені бүкіл ғимараттың беріктігі соған байланысты.
– Үй немесе ғимарат салуда бұрын мен бүгіннің арасында қандай айырмашылық бар? Болашақта құрылыс саласы қалай өзгереді деп ойлайсыз?
– Бұрын көптеген жұмыс қол күшімен атқарылатын. Қазір заманауи техника, жаңа материалдар мен цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Болашақта автоматтандыру жүйесі күшейіп, энергияны үнемдейтін әрі экологиялық таза ғимараттар көбейеді деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша, қоғам құрылысшылардың еңбегін жеткілікті бағалап жүр ме?
– Кейде құрылысшылардың еңбегі көзге көріне бермейді. Бірақ әрбір үйдің, мектептің, аурухананың артында құрылысшылардың маңдай тері бар. Сондықтан бұл мамандыққа құрмет одан әрі арта түссе деймін.
– Құрылыс алаңында ешқашан ұмытпайтын оқиғаңыз бар ма?
– Әр нысанның өз тарихы болады. Әсіресе, қиын жағдайда жұмысты уақытында аяқтап, тапсырыс берушінің алғысын алған сәттер мәңгі есте қалады. Сондай кездері бүкіл ұжымның бірлігі мен еңбегі ерекше сезіледі.
– Жас мамандар бұл салаға неге көп келмейді деп ойлайсыз? Болашақ құрылысшыларға ақыл-кеңесіңіз…
– Бұл жұмыс оңай емес, физикалық және моральдық төзімділікті талап етеді. Сондықтан кейбір жастар жеңілдеу мамандықтарды таңдайды. Бірақ құрылыс – болашағы бар сала. Ең бастысы – жауапкершілікпен жұмыс істеп, үнемі білім мен тәжірибені жетілдіру.
– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Ізіңізді қуғандар бар ма?
– Отбасымда жұбайым екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үш қызым, бір ұлым бар. Екі қызым жоғары оқу орнын тәмамдап, бүгінде мұғалім болып еңбек етіп жүр. Бір қызым университетте білім алып жатыр. Ұлым мектепте оқиды. Балаларымның ешқайсысы құрылыс саласын таңдаған жоқ. Әрқайсысы өз қызығушылығы мен қалауы бойынша мамандық таңдады. Мен олардың таңдауын әрқашан қолдаймын. Ең бастысы – өз ісін сүйіп, адал еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізетін маман болу.
– Қарбаласы көп жұмыс арасында уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





