Адам өмірі – тұнып тұрған шежіре. Әр адамның ғұмыр жолында елге өнеге боларлық сәттер, кейінгі ұрпаққа үлгі етерлік істер болады. Осындай азаматтардың өмір жолын қағазға түсіру – жай ғана естелік жазу емес, уақыт алдындағы бір парыз деп білемін.
Сыр өңірі – қазақтың тарихы мен тағдыры тоғысқан, талай тарлан тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекен. Дарияның бойын қоныс еткен ел ежелден еңбекті де, ерлікті де қатар ұстаған. Бұл өңірде туған ұлдың бойына адалдық пен еңбекқорлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет бесіктен дариды. Осындай киелі топырақта, Жалағаш ауданы Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозда, бүгінгі Мырзабай ахун ауылында 1956 жылдың 12 тамызында дүниеге келген сәбиге ата-анасы үлкен үмітпен Ахметжан деген есім береді. Қазақ үшін есім – жай ғана атау емес. Ол – баланың болашағына бағытталған ақ тілек. «Ахмет» – «мақтаулы», «ардақты», «құрметке лайық» деген мағынаны білдірсе, «жан» – адамның рухани болмысын, жүрегінің тазалығын меңзейді. Уақыт өте келе сол есім иесінің өмір жолына қараған сайын, ата-ананың тілегі қабыл болғандай әсерде қаласың.
Адамды тек аты ғана емес, өскен ортасы мен алған тәрбиесі де биікке жетелейді. Ахметжанның азамат болып қалыптасуының негізінде өнегелі әулеттің тәлімі, еңбекпен шыңдалған отбасының тағылымы жатты.
Әкесі Нұратаев Тұрабай 1920 жылы дүниеге келген. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында, 1942 жылы еңбек майданына алынып, үш жыл бойы тылдағы ауыр жұмыстарға қатысып, 1945 жылы туған жеріне аман-есен оралады. Соғыс жылдарының ауыртпалығы оны қажытқан жоқ, қайта қайраттандырып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетті.
Елге келген соң ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. Алдымен колхоз төрағасының орынбасары, кейін ферма меңгерушісі болып қызмет атқарып, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ел-жұрттың құрметіне бөленді. Адал еңбек пен қарапайымдылықты өмірлік ұстаным еткен Тұрабай ақсақал балаларына да осы қасиеттерді мирас етіп қалдырды. Ал Патыма апамыз мейірімі мен сабыры мол, үлкен әулеттің берекесін келтірген аяулы ана еді. Дүниеге әкелген он перзентін тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, 1963 жылы небәрі отыз сегіз жасында ауыр науқастан дүние салды. Тағдырдың бұл ауыр сынағынан кейін Ахметжанның тәрбиесін екінші анасы Базаркүл өз мойнына алды. Оның аналық мейірімі мен тәрбиесі Ахметжанның өмірге деген көзқарасының қалыптасуына, адамдық қасиеттерінің беки түсуіне ерекше ықпал етті.
Ахметжанның балалық шағы Сыр бойындағы қарапайым ауыл тіршілігімен астасып өтті. Ол кезде ауыл баласының ең үлкен мектебі – еңбек еді. Үлкендер егін басында, мал қасында жүрсе, балалар да қолдан келгенше көмек көрсететін. Еңбекке ерте араласқан бала өмірдің де, адамның да қадірін ерте түсінеді. Расында, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаздары оның сабырлы мінезін, жауапкершілігін, көпшілдігін ерекше бағалайтын. Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастауы да оның өмірлік ұстанымын айқындай түскендей. Шаруашылыққа араласа жүріп, адал еңбек, маңдай тердің қадірін терең түсінді. Кейін қай қызметте жүрсе де, осы ауыл тәрбиесі Ахаңның бойынан бір сәт ажыраған емес.
Ахметжан ағаны дәл сол ауыл кезінен білемін. Бір ауылдың балалары болғандықтан, оның қандай ортада өскенін, үлкенге қалай сәлем беретінін, құрдастарымен қалай араласатынын көзіміз көрді. Бала күннен байқалған қарапайымдылық пен адамға жақын қасиет есейгенде де өзгерген жоқ. Қазақта: «Ағаш тамырымен, адам туған жерімен мықты» дейді. Бұл сөз Ахметжан ағаның өміріне дәл келеді. Ол қай қалада қызмет атқарса да, туған жерімен байланысын үзген емес. Ауылына деген сағынышы да, ағайынға деген құрметі де уақыт өткен сайын тереңдей түсті.
Жетпіс жылдың белесіне көтерілген Ахметжан ағаның ғұмыр жолына көз жібергенде, оның азамат болып қалыптасуына ерекше ықпал еткен кезеңнің бірі – Алматыдағы студенттік жылдары екеніне көз жеткізесің. 1974 жылы ол Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті атанды. Бұл – ауылдан шыққан талапты жастардың үлкен өмірге қанат қаққан шағы болатын. Сол кездегі Алматы – қазақ жастарының арманы, ғылым мен мәдениеттің, өнер мен білімнің ордасы еді. Мен де сол жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқыдым. Бір өңірден келген жастардың бір-біріне жақын болуы заңдылық. Біз де жиі араласып, студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бірге бөлістік.
Ахметжан аға сол кездің өзінде көпшіліктің ортасында жүретін. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, сөзі мен ісі қабысқан азамат еді. Мінезінде жасандылық жоқ болатын. Қай ортаға барса да өзін еркін ұстап, айналасына жылылық сыйлайтын. Өнерді ерекше сүйетін. Концерттер мен мәдени кештердің ұйымдастырылуына белсене қатысып, бізді де бірге ертіп жүретін. Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілет сол кездің өзінде анық байқалатын. Ол адамдарды бірлікке шақыра білетін, достықтың қадірін бағалайтын.
1979 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ветеринар дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман туған жеріне оралды. Еңбек жолын Жалағаш аудандық ветеринариялық стансасында учаске меңгерушісі болып бастады. Мал шаруашылығы қазақтың негізгі тіршілігінің бірі болғандықтан, ветеринар дәрігердің жауапкершілігі де өте жоғары еді. Соның көрінісі, көп ұзамай оның білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, Қызылорда совхоз-техникумына оқытушылық қызметке шақырылды. Бұл – оның өміріндегі жаңа белес еді.
Ұстаздық – жүрек қалауымен ғана атқарылатын мамандық. Жастарға тек мамандық үйрету аздық етеді. Оларға адамдықты, жауапкершілікті, еңбекке адалдықты да үйрету керек. Ахметжан аға осы міндетті терең түсінді. Шәкірттері де оны талапшыл болғанымен, әділ ұстаз ретінде құрметтейтін.
Білімге деген құштарлық оны ізденуден ешқашан тоқтатқан емес. Сол себепті 1988-1989 жылдары Мәскеу ветеринариялық академиясының педагогика факультетінде білімін жетілдіріп, ветеринар-дәрігер-педагог мамандығын игерді. Бұл кезең үлкен тәжірибе болды. Жаңашыл әдістерді меңгеріп, кәсіби көкжиегін кеңейтті.
1995 жылы тағдыр оны қасиетті Түркістанға алып келді. Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі. Бұл қалаға келген әр адам оның тарихи тынысын сезінеді. Осындай қасиетті өлкеде Ахаң өзінің еңбек жолын жаңа деңгейге көтерді. Алғашында ветеринариялық зертхананың меңгерушісі болып еңбек етсе, кейін Түркістан қалалық ветеринариялық қызмет мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл жылдар еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ел жаңарып, мемлекеттік жүйе қайта қалыптасып жатқан уақытта ветеринария саласына да жаңа талаптар қойылды. Осындай жауапты кезеңде Ахметжан Тұрабайұлы өз тәжірибесін, білімін, ұйымдастырушылық қабілетін толық көрсете білді.
2019 жылы Ахметжан Тұрабайұлы құрметті еңбек демалысына шықты. Алайда елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен азамат үшін зейнеткерлік – еңбектен қол үзу емес, жинаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретудің жаңа кезеңі болды. Сондықтан еңбек демалысына шыққаннан кейін де ол Түркістан қаласындағы Түркістан кәсіптік колледжінде ұстаздық қызмет атқарып, болашақ мамандарға дәріс берді. Көп жылғы өндірістік тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп, жастардың кәсіби қалыптасуына өз үлесін қосты. Оның әрбір сабағы тек мамандыққа баулу ғана емес, еңбекке адалдықты, жауапкершілікті және адамгершілікті дәріптейтін өмір мектебіне айналды.
Ахметжан Тұрабайұлының өміріндегі ерекше белестердің бірі – қасиетті Мекке мен Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеуі. Бұл – оның рухани кемелденуге, имандылық пен ізгілікке ұмтылған өмір жолының жарқын көрінісі. Қажылық сапарынан кейін де ол қарапайым қалпынан айнымай, адамға құрмет, ағайынға жанашырлық, адалдық пен сабырлылық қасиеттерін өмірлік ұстаным етіп келеді. Халқымыз «Қажы болғанның емес, қажылықтың қасиетін сақтағанның жолы бөлек» дейді. Ахаңның өнегелі ғұмыры осы сөздің мәнін айқындай түседі.
Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығын ерекше бағалаған. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің терең мағынасы да осында. Берекелі отбасы – берік мемлекеттің, тәрбиелі ұрпақ – жарқын болашақтың негізі. Ахметжан Тұрабайұлының өмір жолына қарасақ, оның ең үлкен бақытының бірі – жан жары Балкүлмен бірге құрған шаңырағы екені анық байқалады. Сонау жастық кезең, студенттік шақта басталған сыйластық пен сенім олардың бүкіл ғұмырына арқау болды. Балкүл жеңгей – отбасының ғана емес, қоғамның да сыйлы азаматы. Ол саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде талай шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жақты. Еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту саласының озық қызметкері атанды. Қай кезде де отбасы мен қызметтің жауапкершілігін қатар алып жүрген жұбайлар үш перзент тәрбиелеп өсіріп, олардың өмірден өз жолын табуына барынша көңіл бөлді. Бүгінде немерелердің бақытына бөленіп отырған жайы бар.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген еді. Осы сөздің мәнін түсінген адам ғана айналасына жылу сыйлай алады. Ахметжан аға сондай азамат. Әріптестері білікті маман, әділ басшы ретінде бағалайды. Ағайындары кең жүректі, ақ көңілді азамат деп құрметтейді. Ал отбасы үшін ол – асқар тау әке, сүйікті жар, аяулы ата. Міне, адамның өмірдегі ең үлкен жетістігі де осы емес пе?! Жетпіс жас – өткенге есеп беретін ғана емес, келешекке үмітпен қарайтын кезең. Алда әлі талай қуанышты күндер, немере қызығын көретін бақытты сәттер бар.
Қазтай ӘБДІРЕЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
құрметті профессоры





