Адамға қуаныш сыйлаған

4

0

Тілеуберген Шегенбаев Жаңақорған ауданындағы №194 Сунақата орта мектебін 1969 жылы аяқтасымен, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы балалар хирургі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Содан Қызылорда облыстық ауруханасында бір жыл интернатурадан өтті, 1976 жылы арнайы жолдамамен қала іргесіндегі Сырдария аудандық ауруханасына жіберілді.

Сыналу мен шыңдалу

Сол кезеңдегі Сырдария ау­дандық денсаулық сақтау бөлі­мінің бас дәрігері Нұрылда Сү­лейменов жылы шыраймен қарсы алып, қадамына сәттілік тілеп, ба­лалар бөлімшесіне балалар хи­рургі етіп қабылдайды. Ең қызығы, жас маманды келген бетте Сарысу өңіріндегі Сырдария ауданы мал­шыларының слеті өтуіне бай­ланысты бірден іссапарға жібер­ді. Ол кезде біздің облыстың шо­пан­дары қырға ерте көктемде көк­теуге шығып, шөбі шүйгін ай­маққа жайлауға қоныс тебетін. Кеңес тұсында шопандарға ай сайын әр саладан мамандар жи­нақтап, арнайы бригада құрып, өз қызметтерін көрсетіп отыратын. Аудандық шопандар слетінің өтуіне байланысты бригада құра­мына еніп, осылай алғашқы еңбек жолын бастады.

Шопандар тойында ат бәй­ге­сі, түрлі спорттық ойындар ұйым­дастырылатыны белгілі. Жұрт­тың делебесі қозып, айқайға ба­сып жатқан тұста шауып келе жатқан аттың бірі сүрініп кетіп, үстіндегі бала мұрттай ұшып түс­ті. Құлаған баланы ортадан зор­ға алып шықты. Бәйгенің аты – бәйге, аттар зулап ағып бара­ды. Осы кезде әлгі баланың жа­нына жас маман, хирург-дәрі­гер Ті­леу­берген Дүйсенұлы сөм­ке­сін ұс­тай жетті. Баланың жан­ашыр­лары жиналып қоршап алды. Де­реу қараша үйге көтеріп кір­гізіп, ауырғанды басатын укол салып, тексеріп көре бастады. Қол-аяғы шыққан, сынғаннан аман екеніне көзі жетті.

Уқалай отырып орнына түсі­ріп, бинттің арасына жыңғылдың қатты шыбығын салып орап, ба­ланы жайлы төсекке жатқызды. Сол кезде бала жаны жай тауып дә­рігерге жымия қарап: «Ағай, ая­ғым ешқандай ауырып тұрған жоқ, атқа шапсам бола ма?» деп, ор­ны­нан тұрмақшы болды.

Ертеңіне той түске дейін спорт­тық ойындармен жалғасып, жүл­дегерлер марапатталды. Топ құрамындағы бригада мүшелері қайтуға асығып жинала бастады. Бәрі де ауылға жетуге асыққандай. Сарысудың ақ тақырынан шыға берген тұста, сауын сиырды көлік қағып ішін ақтарып тастапты. Малдың жанында егесі тұр екен. Бұларды тоқтатып көмек сұрады. Жас маман Тілеуберген малдың егесі екеуі ішек-қарнын ішіне ұқыптап жинастырып салып, сөм­кедегі құралдарымен бір сағат­тың ішінде тігіп бітірді. Екі са­ғат­тан аса уақыт жағдайына қа­рап, барлығы жабылып орны­нан тұр­ғызып жіберді. Сиыр тең­селе ба­сып, жүріп кетті. Оны көрген көп­шілік шексіз қуанып, Тілеу­бер­генге алғыс білдіріп жатты, көпке дейін жыр ғып айтып жүрді.

Тілеуберген ағаны іздеп барып танысып, жарты ғасырдан бері ағалы-інідей болып сыйласып кет­тік. Жылы жүзді, сабырлы, сырбаз, ұстамды мінезінен айнығанын көрмеппін. Өз мамандығын сүйіп, тыңғылықты атқарған азамат­тың тындырымды ісі аудан бас­шы­­лығының құлағына да жетсе керек. Сол кездегі Сыр­дария ау­дан­дық атқару кеңесі төраға­сының құрылыс жөніндегі орын­басары Қирабай Жәрімбетов Ті­­леубергенді шақырып алып, ба­­лалар арасында аурудың төмен­дегеніне ризалығын білдіріп, ке­зектен тыс үй берілетінін жет­кі­зеді. Міне, еңбектің еленуі деген осы болар. Алдында ғана үйіне келген Дүйсен әкесінің «Ба­лам, қызметіңді адал атқар, еңбек етсең ерінбе, түбінде содан жұлдызың жанады» деп айтқан өсиет сөзі есіне түсіп, іштей ол кісіні әулие санаған-ды.

Жоқтан бар жасауды үйрендім

1989 жылы Сырдария аудан­дық денсаулық сақтау бөлімінің бас дәрігері болып Рая Көзденова келісімен өзіне емдеу ісі жөніндегі орынбасары етіп Тілеуберген Ше­генбаевты тағайындады. Жаңа басшы оның іскерлігін, білікті­лі­гін, ұйымдастыру қабіле­ті­нің жоғары екенін сырттай жақсы білген. Содан 1991 жылы Сырдария ауданының бас­шы­сы Нәлқожа Ергешбаев Ті­леу­­берген Шегенбаевтың көп жылғы еңбегін ескере отырып, оны аудандық денсаулық сақтау бөлі­міне басшы етіп таға­йын­дайды. Ол Ақтөбе рентген зауы­тынан 4 көшпелі ав­токө­лік­ке орнатылған рентген тех­ни­ка­сын аудан басшысының қол­да­уымен алдырды. Бұл тех­ни­ка ау­данда атымен жоқ еді. 1991 жылғы тоқырауға кез келген кә­сіпорындар мен өндірістік ме­ке­мелердің қыры кетіп, шаруа­лары біртіндеп шалқайған шақта ауруханаларды ұстап тұру оңай болмағаны анық. Дәрі-дәрмек тап­шылығы, жылу, ауызсу, жарық проблемасы жағадан ала түскен шақ. Тілеуберген ағамыз ол жыл­дарды былай еске алды:

– 1991 жылы аурухананың жы­лу жүйесін будан суға көшірдім. Сөне беретін жарығын жолға қой­дым. Тамақпен қамтамасыз ету­дің көзін таптым. Осы жылдар жоқ­тан бар жасауды үйретті. Мі­не, осындай тынымсыз еңбектің ар­қасында аурухананы аяғынан жайлап тұрғыза бастадым. Аудан орталығынан жаңа аурухана сал­мақ болып қазығын қаққан тұста, 1997 жылы Сырдария ауданы та­ратылып үшке бөлініп кете барды, – деп сөзін байыппен аяқтады.

Санаторийдің қабырғасын қалаған

1997 жылы қалаға қараған ау­дан орталығындағы аурухана №2 қалалық ауруханаға айналып, оның бас дәрігері болып Тілеу­бер­ген ағамыз қызметін атқара берді. 1999 жылы қаражат тапшылығына байланысты №4 емханаға ай­налды. Сол жылы облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бас­шылығы шақырып, Шалқия кентіндегі ересектерге арналған облыстық туберкулезге қарсы санаторийдің бас дәрігері қыз­метіне тағайындады. Ізі жоқ ме­кемені құру жүгін мойнына артып Тәкеңді Шалқия кентіне жіберді. Келген бойда бос тұрған лагерь ғимаратын таңдап, соны күрделі жөндеуден өткізіп, 85 орындық санаторийдің қабырғасын қала­ды. Айналасын қоршатып абат­тан­­дыруды қолға алды. Ем алу­шылардың алғашқы легін қа­был­дай бастады. Бір жыл ішінде жұ­мысты жолға қойды. Жылдар өте келе бес қабатты жаңа ғима­рат салдырып, емделушілер са­нын жылына 500-550-ге дейін арт­тырды. Міне, Шегенбаевтың жоқ­тан бар жасап, денсаулық са­ла­сына қос­қан үлесі. Оны 15 жыл­дан астам басқарып, 2014 жылы зор абы­роймен зейнетке шықты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. КСРО және ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үз­дігі» төсбелгісінің, «Еңбек арда­гері» медалінің иегері. Ұл-қыз­да­рының бәрі жоғары білімді, үй­лі-баранды. Бүгінде шаңырағын шаттыққа кенелткен немерелердің қадірменді атасы. Әлі қатардан қалмаған. Тасбөгеттегі №4 қала­лық емхана басшылығының өтіні­ші бойынша балалар хирургі бо­­лып қызмет атқарып келеді. Адам өміріне қуаныш сыйлаған Ті­леу­берген Шегенбаев бүгінде 75 жас­­қа келіп отыр. Біз сала ар­дагеріне зор денсау­лық тілейміз!

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі