Сырдың төменгі ағысын жайлаған жұрттың тұрмыс-тіршілігі де, арман-мұраты да, қуанышы мен мұңы да ғасырлар бойы ән мен жыр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткені мәлім. Балықшының әні, теңізшінің толғауы, ананың әлдиі мен ақынның жыры – барлығы да осы өлкенің рухани келбетін айшықтайды. Жақында аудандық мәдениет үйінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнерпаздарға шығармашылық серпіліс әкелген «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауының қорытынды гала-концерті өтті.
Ұлттың болмысы оның тілінде, әуелеген әнінде жатады. Дана халқымыз: «Ән – адам жанының айнасы» дейді. Ал қазақтың әні – біздің тарихымыз, тағдырымыз, мұңымыз бен қуанышымыз. Әнмен тербеліп ес жидық, әнмен рухтанып шекарамызды шегендедік. Ел басына күн туғанда да қазақты өнер алға сүйреді.
Байқаудың мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, Арал өңірінің тарихы мен табиғатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті жаңа музыкалық туындылар арқылы насихаттау. Осы мақсатта ұйымдастырылған өнер бәйгесіне еліміздің әр өңірінен кәсіби және әуесқой композиторлар мен ақындар қатысып, 40-тан астам жаңа шығарма ұсынылды.
Кеште Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы сөз сөйледі.
– Арал тақырыбы – біздің ұлттық намысымыз, табиғатпен үндестігіміздің символы, сағынышымыз бен үмітіміз. Бүгінгі байқауға келген әндерден біз Аралдың қайта түлеген айбынды рухын көрдік. Мазмұны мен әуездік көркемдігі жоғары бағаланған бұл туындылар қазылар алқасының лайықты бағасына ие болды, – деді ол.
Байқауға қатысқан әрбір туынды өзіндік бояуымен, жүрек қылын шертер әуенімен дараланды. Десе де, ең озығын анықтау қазыларға оңайға соққан жоқ. Көпшілік көңілін серпілткен қорытынды кеш барысында Арал өңірінің бай мәдени мұрасы, ән мен жыр өнері кеңінен насихатталып, жергілікті және республикалық деңгейдегі өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бір жылға созылған республикалық жабық ән байқауының бас жүлдесі композитор, ақын, танымал әндердің авторы, әнші Елена Әбдіхалықованың «Ақ бесігім – Аралым» атты әніне бұйырды. Байқаудың бас жүлдесіне тігілген сыйақы мен арнайы дипломды аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев табыстап, жүлдегерді жеңісімен құттықтады.
Қазылар алқасы мазмұндық тереңдігімен, әуездік ерекшелігімен және көркемдік шешімімен дараланған «Аралым – махаббатым» әніне жүлделі І орынды берді. Сөзін Еркебұлан Кенехан, әнін Бекнұр Әбдіжәли жазған.
«Аралым» шығармасы байқаудың ІІ орнына лайық деп танылды. Әннің авторлары – астаналық композитор Нұрлыбек Аманов, сөзі Ерқожа Тілепбергеновтікі.
Байқаудың жүлделі ІІІ орнына Аралдың жаңаруы мен жарқын болашағына деген сенімді әсем әуенмен бейнелеген «Үмітті Аралым» әні лайық деп танылды. Ақын Айдар Сайлауовтың сөзіне жазылған Дінмұхаммед Шораевтың бұл әні шығармашылық кеште көпшіліктің ерекше ілтипатына ие болды.

Ал Арал өңірінің келбеті мен рухын көркем әуенмен бедерлеген «Аралым» шығармасы аудан әкімдігінің арнайы жүлдесін алды. Туындының сөзі мен әнінің авторы Үкітай Ерниязовқа қаржылай сыйақы мен арнайы диплом табысталды.
Аудан әкімі өз сөзінде бүгінге дейін Арал тақырыбында жүзден аса ән жазылғанын, белгілі композитор Төлепберген Тоқжанов сол шығармаларды нотаға түсіріп, жуық арада үнтаспа жарыққа шығатынын айтты.
Гала-концертте жүлделі әндер жанды дауыста шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсем сазбен әуелеген туындылар тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Бас жүлде иегері Елена Әбдіхалықова топ жарған туындыны өзі орындап, жұртшылықты тәнті етсе, кеш соңында көрермен көзайымына айналған жерлесіміз, әнші-сазгер Үкітай Ерниязов та халыққа ән-жырдан шашу шашып, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Осынау тағылымды кештің куәсі болған Арал қаласының тұрғыны, зейнеткер Сәуле Қайырханова:
– Туған жер туралы ән тыңдап, бір жасап қалдық. Әсіресе, жас сазгерлер мен ақындардың Аралға деген махаббаты, ертеңгі күнге деген үміті сезіліп тұрды. Осындай деңгейлі жобалар арқылы Аралымыздың аты тек жақсы қырынан шыға берсе екен. Әндердің ғұмыры ұзақ болсын! – деп ақжарма тілегін білдірді.
Осылайша, «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауы ұлттық музыка қорын жаңа шығармалармен толықтырып қана қоймай, туған жердің тарихы мен тағдырын өнер арқылы ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Арал аспанында туған жаңа әндер елдің аузында жүретін, ғасырларға жалғасатын ғұмырлы туындыларға айналмақ.
Гүлмарал САҚТАПОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





