Осы жылдың 14 мамыры күні Сенат депутаты Руслан Рүстемов пленарлық отырыста Үкіметке Сырдағы су каналдары жағдайының сын көтермейтіндігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутаттық сауалға Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің атынан келген ресми жауаптың мәтіні оқырман назарына ұсынылады.
«Құрметті Руслан Рүстемұлы!
Сіздің Қызылорда облысының су шаруашылығы саласындағы жекелеген мәселелерге қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.
Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қатысты Қызылорда облысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сырдария бассейнінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Осыған байланысты, 2024 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, су шығындарын азайтуға және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға бағытталған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.
Сонымен қатар, Ислам даму банкінің «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы (1-фаза, 1-транш) шеңберінде Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 105,3 шақырым, суармалы жер көлемі 7426 гектар болатын каналдарды күрделі жөндеу бойынша жалпы сомасы 4,2 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда.
Бұдан басқа, су ресурстарының көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кепілді сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл Қараөзек тармағында көлемі 775 млн текше метр су болатын қойма құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда облысының Арал ауданындағы «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің дельтасын қалпына келтіру» жобасы аяқталу сатысына жетті.
Республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер шеңберінде 2026 жылы Қызылорда облысының әкімдігіне жалпы құны 6,6 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыруға 2,1 млрд теңге бөлінді. Аталған жобалар Қызылжарма науалы каналын салуды және Қазалы ауданының сол жағалау массивіндегі 1-ГЖ, 2-ГЖ, К-3-2 коллекторлар жүйесін реконструкциялауды қамтиды.
Қазіргі уақытта, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет «Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасын (бұдан әрі – Жоба) іске асыру үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінің (бұдан әрі – ХҚДБ) қаржыландыруын тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
Жоба шеңберінде «Көкарал» бөгетін 2 метрге биіктету арқылы реконструкциялау, Қазалы ауданының сол жағалау массивінің коллекторлық-дренаждық жүйесін дамыту, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстары аумағындағы Сырдария бассейнінің ирригациялық жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялау бойынша 180-нен астам жобаны іске асыру көзделген.
Жобаның ауқымдылығын ескере отырып, оны іске асыру екі кезеңге жоспарланған. Қазіргі таңда, бірінші кезең бойынша инвестициялық ұсыныс әзірленіп, оған Ұлттық экономика министрлігінің оң экономикалық қорытындысы алынды. Ағымдағы жылдың соңына дейін мемлекеттік кепілдік алу рәсімдерін аяқтау және ХҚДБ-мен кредиттік келісімге қол қою жоспарлануда.
Коммуналдық меншіктегі 15 каналды бетондау бойынша ЖСҚ-ны қаржыландыруға қатысты Қызылорда облысының коммуналдық меншігіндегі 15 каналды бетондау мәселесі жоғарыда аталған Жоба шеңберінде қарастырылуда. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, ұсынылған 15 жобаның жалпы құны 22,7 млрд теңгені құрайды.
ХҚДБ қарызының бірінші кезеңі шеңберінде жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құрайтын 8 жобаны іске асыру көзделген. Қалған 18,8 млрд теңге сомасындағы 7 жобаны Жобаның екінші кезеңі шеңберінде қарастыру жоспарлануда. Осылайша каналдарды бетондау жұмыстарын қаржыландыру жөніндегі мәселе Үкіметтің бақылауында және жобалық құжаттаманың дайын болуына, тартылатын несие талаптарына, сондай-ақ бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Қосымша 33 канал бойынша ЖСҚ әзірлеуді мемлекеттік бюджетте көздеуге қатысты.
Жобаның екінші кезеңі шеңберінде жыл сайынғы көлемі 2 млрд текше метрге дейінгі су ресурстары шығынына жол бермеу мақсатында болжамды құны 56,8 млрд теңгені құрайтын қосымша 33 канал бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу көзделуде.
Жобаның екінші кезеңін іске асыру шарттары келісілгеннен кейін көрсетілген объектілердің тізбесі, жобалық құжаттаманы әзірлеу мерзімдері және қаржыландыру көздері Қызылорда облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп нақтыланатын болады.
Аталған іс-шараларды іске асыру Солтүстік Арал теңізінің көлемін 34 км³-ге дейін ұлғайтуға, 501,6 шақырым ирригациялық желіні реконструкциялауға, сондай-ақ 1159 шақырым ирригациялық желіні автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл су шығындарын азайтуға және өңірдің сумен қамтамасыз етілуін тұрақтандыруға ықпал етеді.
12,5 мың шақырым шаруашылықішілік каналдарды республикалық меншікке қабылдауға қатысты.
«Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, 3-фаза» жобасына (бұдан әрі – ИДЖЖ-3) енгізілген 12,5 мың шақырым шаруашылықішілік каналды республикалық меншікке қабылдау мәселесі бойынша аталған ирригациялық желілерді түгендеу жүргізілгеннен, олардың техникалық жай-күйі, құқықтық мәртебесі және қаржыландыруға қажеттілігі нақтыланғаннан кейін «Қазсушар» РМК балансына кезең-кезеңімен қабылдау жоспарланып отырғанын хабарлаймыз.
2018-2020 жылдары облыстық бюджет қаражаты есебінен 796 млн теңге сомасына дайындалып, уәкілетті органға жолданған құжаттаманы Су ресурстары және ирригация министрлігі Қызылорда облысының әкімдігімен және «Қазсушар» РМК-мен бірлесіп, оның өзектілігі, толықтығы және жұмыстардың кейінгі кезеңдерін қалыптастыру кезінде одан әрі пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан қосымша қарайтын болады.
Үкімет ИДЖЖ-3 жобасын іске асыруды өзекті әрі қажетті деп санайды.
Сонымен бірге, іске асырылып жатқан іс-шаралардың басымдығы мен ауқымдылығын ескере отырып, оны практикалық іске асыруға «Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасы бойынша негізгі рәсімдер аяқталғаннан кейін кірісу мүмкін деп пайымдаймыз.
Бұл ретте түгендеу, құжаттаманы нақтылау және объектілер тізбесін қалыптастыру бойынша дайындық жұмыстары қатар жалғастырылатын болады.
Қосымша, Сіздің сауалыңызда баяндалған ұсыныстар Қызылорда облысының ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін одан әрі пысықтау кезінде ескерілетінін хабарлаймыз.
Сырдария бассейні мен Арал өңірінің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жұмысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында».





