Ардагерлердің алқалы жиыны

4

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оған алқа, тұрақты комиссия мүшелері, белсенді ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізіп, бастауыш ұйымдардың жүйелік құрылымдарын жетілдіру, олардың бірлігін арттыру, қоғамдық-саяси шараларға қатысуын қамтамасыз ету жайын қозғады.

Алқада  «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің XI съезінде қабылданған шешімдер мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қозғалысты дамыту, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және ардагерлердің әлеуметтік-құқықтық мүд­делерін қорғау бағытындағы негізгі міндеттер сөз болды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Байқоңыр қалалық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Скендір  Жарекесов жыл басынан атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы хабарлама жасады. Баяндамада Байқоңыр қалалық   ардагерлер кеңесінің    саяси тұрақ­ты­лықты сақтау, елдің ауызбір­шілігін, тыныштығын қамтамасыз ету,  ұлттық құндылықтарды насихаттау, бастауыш ұйымдар рөлін арттырудағы   жұмыс­тары айтылды.

–  Байқоңыр қалалық ардагерлер ұйы­мы жаңа құрылымда былтыр өз жұ­мысын  жүйелі жүргізе бастады.  Жыл сайын  ұрпақтар сабақтастығын ны­ғай­ту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе бастауыш ұйым­дар  белсенділігі артып, олардың қоғамдық өмірдегі ықпалы күшейіп отыр.

Бастауыш ұйымдар – қоғам мен халықтың арасын байланыстыратын маңызды құрылымдардың бірі. Олар тұрғындармен тікелей жұмыс жасап, халықтың әлеуметтік көңіл-күйін ба­қылауға, ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосуда. Әрбір мекеме мен ұйым жанындағы ардагерлер кеңестері жастармен кез­десулер өткізіп, еңбек адамдарының өнегелі жолын насихаттап, ұлттық тәрбиені дәріптеуде. Осыған орай айта кететін бір жайт, Байқоңыр қаласында бастауыш ұйымдар  құру түбегейлі қолға алынып, былтыр 6 ұйым болса, қазір олардың саны 12-ге жетіп, тағы 2 мекемеде тіркелуге дайындық жүріп жатыр.  Қалалық ардагерлер ұйымына тіркелгендер саны да 124-тен 2620-ға өсті. Әр бастауыш ұйымға тәжіри­белі, беделді төраға бекітілді, – дейді ол.

Жиында Серік Дүйсенбаев алдағы 20-21 маусым күндері Арал ауданында өткізілетін облыстық семинар-кеңестің маңызы мен бағдарламасы туралы айтып өтті.

Облыстық кеңес ардагер­лерге құр­мет көрсетуді, олардың ең­бегін наси­хаттауды және әлеуметтік қол­дауды тұрақты назарда ұстап келеді.

Алқа мәжілісінде Медицина қыз­мет­керлері күніне орай сала арда­гер­леріне құрмет көрсетілді. Олардың қатарында  Раиса Көзденова, Рыскүл Серғазиева, Қанымкүл Шаханова бар. Арал ау­данының  құрметті азаматы, ар­да­­герлер қозғалысының белсенді өкілі Еділ Талапбаевтың 75 жас мерейтойы да лайықты деңгейде атап өтілді. Арда­герлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Қоғамдық жұмыстарға бел­сене қатысып, өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына елеулі үлес қос­қандар «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен мара­патталды. Сондай-ақ бірқатар комиссия мүшесіне куәлік тапсырылды.

Ардагерлерге көрсетілген  құрмет – олардың қоғам алдындағы еңбегіне деген шынайы алғыс пен сыйластықтың көрінісі. Ұрпақ сабақтастығын ны­ғай­тып, үлкенді құрметтеу дәстүрін дәріп­теу бағытындағы игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»