Ғалымның ғибратты жолы

6

0

Отандық археологияның дамуына сүбелі үлес қосып, білімі мен біліктілігін ғылымға арнаған белгілі ғалым, археолог, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов мерейлі 80 жасқа толып отыр.

Мадияр Елеуұлы 1946 жылы 3 мамырда Шие­лі ауданындағы Ең­бекші ауылын­да дүниеге келген. 1965 жылы Шиелідегі №147 орта мектепті бі­тірді. Жастайынан аңыз әң­гімелерді, тарихи дастандарды оқы­ған ол бала кезінен тарихшы бо­луды арман­дайды. Мектепті бітір­­ген соң еңбек жолын туған ауы­лында бастады. Одан кейін әс­кери бо­ры­шын өтеді. «Талаптыға нұр жауар» демекші, 1970 жылы С.Киров атын­дағы Қа­зақ мемле­кеттік универ­­ситетінің та­рих фа­куль­те­тіне оқуға түсті. Сту­денттік кезеңнің екін­ші жылы тарих факультетінде «Архео­логия және эт­нография» кафед­расы ашылады. Кафед­раға жан-жақтан мықты кәсіби археологтар жина­лып, студенттерге өзі жүргізіп жүрген зерттеулер, Қа­зақстан тарихына қатысты қызықты мәліметтер бойынша дәріс оқиды. Сол дәрістер Мадияр Елеуовтің «та­рихшы болсам» деген арманын әрі қарай жетелеп, болашақ мамандық бағытын археологияға бұруына алып келеді. 

Ол алғашқы зерттеу жұмысын 1973 жылы Түркістан археологиялық экспедициясының құрамында орта­ға­сырлық Түркістан қаласы орнын­да жүргізіліп жатқан қазбадан бас­тайды.

Университетті 1975 жылы үздік бітіріп, армандаған мамандығының иесі атанды. Сол жылы жолдамамен Қызылорда облыстық мәдениет бас­қармасына жұмысқа жіберіліп, об­лыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер болып қабыл­данады. Музейде жүріп археологияға деген қызығушылығы арта түседі. Сол қызығушылық, жастайынан ар­маны оны өзі оқыған оқу ордасы – ҚазҰУ-ге қайта алып келеді.  1976-1999 жылдары Әл Фараби атындағы ұлттық университетте лаборант, ас­­систент, аға оқытушы, доцент, док­­торант, ал 1999-2001 жылдары Л.Гу­­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті археология және жалпы тарих кафедрасының меңге­рушісі, 2001 жылы Қ.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті археология, этнология жә­не мұражай ісі кафедрасының мең­герушісі, 2002-2008 жылдарда осы университеттің археология ғы­лы­ми-зерттеу орталығының ди­рек­торы, 2008 жылдан бері Әл Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық ун­и­вер­си­теті археология, этнология және музео­логия кафедрасының про­фес­соры, Архео­логия және антро­пология респуб­ликалық ғылыми-зерттеу инсти­тутының бас ғылыми қызметкері, «Археолог» халық­ара­лық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры, Сарайшық ортаға­сыр­лық қаласындағы қазба жұмыс­тарына ғылыми сарапшы.

Сондай-ақ ол ортағасырлық Ақ­төбе қаласының ЮНЕСКО қорға­уына «Чанъань-Тянь-Шань  ко­ри­до­рындағы Ұлы Жібек жолы ны­сан­­дары: Қой­лық, Қарамерген, Тал­ғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қос­­тө­­бе, Өр­нек қа­лалары» атты атау­­мен енуі­не белсенді атсалысқан. 

Профессор М.Елеуов еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін есеп­ке алу, қорғау және қайта қалпы­на келтіруге Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында кең көлемде зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, 3000-нан аса түрлі тари­хи кезеңдерден сақталған археоло­гиялық ескерткіштерді ашып, ғылы­ми айналымға енгізген. Солардың қатарында ортағасырлық Ақтөбе, Қарашық, Қышқала, Үтіртөбе қала­­лары және Сауысқандық шатқалда­рындағы тасқа салынған суреттер бар. Тек Шиелі ауданынан 53 оба, 21 тасқа салынған сурет, 28  елді ме­кен, қала, Жаңақорған ауданынан 181  оба, 15  тасқа салынған сурет, 25  ел­ді мекен, қаланы ашқан.

Ғалымның жетекшілігімен «Тұ­ран археологиялық экспедиция­сы» табиғи апаттан (өзен шайып) жә­не ХХ ғасырда жүргізілген шар­уа­шылық жұмыстары кезінде бұзыл­ған және бұзылып жатқан ортаға­сырлық елді мекендер мен қала­ларда зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, оларды келешекте туристік нысан­дар қата­рына қосу үшін нақты шара­лар­ды іске асырды. «Тұран археоло­гия­лық экспедициясы» Қызылорда, Түр­кістан, Жамбыл облыстарын қам­тыды.

Профессор 400-ден аса ғылыми мақаланың, бірнеше монография мен жоғары оқу орны студенттеріне арналып жазылған оқу құралының авторы.  Сондай-ақ  «Мәдени мұ­ра» ұлттық стратегиялық бағ­дар­ла­ма­сымен жарық көрген «Қы­зылорда облысы тарих және мәде­ниет ес­керт­кіштері», «Оңтүстік Қа­зақстан тарих және мәдениет ескерт­кіш­тері», «Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштері», «Мыр­за­шөл тарих және мәдениет ескерт­кіштері» жинағының тең авторы.

М.Елеуовтің жетекшілігімен жүр­гізілген Қызылорда облысының көр­некті ескерткіші Қышқала қала­сын­дағы сегіз қырлы медресе ор­ны, Түркістан облысы, Қарашық орта­­ға­сырлық қаласынан Орта Азия­дағы ең үлкен қыш күйдіретін пеш, қонақүй орындарының, қыш құ­дық­­тың ашылуы Қазақстан архео­логия­сында үлкен жаңалық болды. Қазба жұ­мыстарынан алынған ар­тефактілер ҚР Ұлттық музейі, Қы­зылорда, Жамбыл, Түркістан облысы музейлері, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, «Археология» оқу музейі қорына табысталған. Ортағасырлық Ақтөбе қаласынан алынған артефак­тілер Тараз қаласындағы музей­лер­дің негізгі археологиялық қорын құрайды.

М.Елеуов 2013 жылы облыс əкімдігі жанынан құрылған тари­хи-мəдени мұраларды қорғау жəне пай­далану жөніндегі ғылыми əдіс­темелік кеңес төрағасының орын­басары жəне кеңес жанынан құ­­рыл­ған далалық комиссия төра­ға­сы ретінде Шірік Рабат, Жан­кент, Сы­ғанақ және Сортөбе-1 қалашық­та­рында жүргізілген археологиялық қаз­ба жұмыстарына үлес қосты.

Археолог-ғалым туған жері Шие­лі ауда­ны­ның тарихи-өлкетану му­зейінің ашы­луына мұрындық болған. Осы му­зейде ғалымға арналған ар­найы экс­позиция бар. 2016 жылы М.Еле­уовке Шиелі ауданының құр­метті азаматы атағы берілді.

Жалпы, М.Елеуовтің табанды әрі  табысты еңбегі лайықты бағаланып жүр. Атап айтқанда, 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, 2009 жы­лы жоғары оқу орнының үздік оқы­тушысы атанса, 2010 жылы «Қа­­­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері» құрметті атағы  берілді. 2023 жылы «Қазақстанның үздік ғы­­­лыми қызметкері» төсбелгісімен, 2024 жы­лы  «Парасат» орденімен ма­ра­пат­тал­ды. 

Мерейлі сексен жасқа толып отыр­ған ұлағатты ұстаз, атақты ға­лымның өмір жолы ғибратқа толы. Оның қазақ ғылымына, отандық та­рих, археология саласына қосқан үле­сі ұшан теңіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»