Асыл өнердің алтын сандығы

658

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Күміс көмей әнші де, дәулескер күйші де, мың бұралған биші де халықтың арасынан шығады. «Ел іші – өнер кеніші» деген халық даналығы осындайда айтылса керек. Бүгінгі кейіпкеріміз Махмуд Әуезов – шежіре тұнған, халықтың асыл мұрасы сақталған алтын көмбелі Жаңақорған топырағының тумасы. Саналы ғұмырын мәдениет пен өнерге шын ықыласпен қызмет етуге арнаған азамат.

Ағамыздың жүрек пен жан тазалығын, тынымсыз ізденіс пен еңбекқорлықты та­лап ететін өнердегі жолы студент кезінде басталған. Мектепте оқып жүргенде-ақ әнге құмар, өнерге бейім болды. «Қанмен дарыған» дейтіндей мұндай қасиет ата-бабасында да, нағашы жағында да бол­маған көрінеді.

– Әкем де, шешем де әнші емес. Әкем колхоз төрағасы болып тұрғанда мен дү­ниеге келіппін. Қойы қоралас ауыл­да тұ­ратын ақын-композитор Нартай Беке­жан­овқа ырымдап атымды қойғызып, аузыма түкірткен деседі. Нарекең маған тұмар сыйлапты. Кейін ішіндегі қағазды ауыл молдасына оқытса, онда «менің бағымды берсін, күнімді бермесін» деп арабша жазылған екен. Әртістерді білесіз, қайда думан бар, сонда жүреді. «Күнімді бермесін» дегенде соны айтқысы келген болар деп топшыладым, – дейді ол.

«Өздерің білер Нартаймын» деп сыр­найымен саз төгіп, халықтың сүйіспен­шілігіне бөленген Сыр саңлағының жолы жерлесіне жұғысты болып, таланты да­рыды. Махмуд Әуезов институт қабыр­ғасынан өнерлі жандардың ортасына түсіп, өзін көпшілікке дәлелдеп үлгерді. Өнеріне Қызылорда облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Мұс­тақым Ықсановтың өзі тәнті болып, қамқорлығына алған.

– Институттың екінші курсында оқимын. Студенттер жазғы демалыста кү­ріш егуге барады. Ал ән-күйге жақын өзім сияқты ұл-қыздар күрішшілерге арналған үгіт бригадасының құрамындамыз. Ол кезде дауыс күшейткіш қолдану түсімізге де кіріп-шықпайды. Даусы жеткендер ғана ән айтатын уақыт. Облыс орталығында кең көлемде өткен салтанатты жиында диа­пазоны кең, қай қырынан алсақ та асқақ халық әні «Назқоңырды» орындап, Мұстақым Ықсанов ағамыздың көзіне түскенім бар. Бірақ оның облыстық парт­комның бірінші хатшысы екенінен хаба­рым жоқ. Концерттен соң театр дирек­торының кабинетіне шақырып, қапсыра құшақтады. «Әй, қалқам, сен – бізге берген бақсың, бұл тарих қайталанады екен. Менің соғысқа кеткен Мұсахан есімді ағам үнемі осы әнді айтып жүретін. Содан кейін бұл әнді не радиодан, не бірде-бір адамнан естімеппін. Сен менің ағамды тірілттің, есіме түсірдің» деп көзіне жас алды. Сол кісі жастығыма қарамай өнерімді жоғары бағалап, кейін маған пәтер берді, – дейді кейіпкеріміз.

Махмуд Әуезов 1965 жылы Қызылорда қаласында Жеңістің 20 жылдығына ар­нап ұйымдастырылған студенттер ара­сын­дағы байқауда топ жарып, респуб­ликалық кезеңге жолдама алды. Онда да бағы жанып, Ташкентке жолы түсті. Бү­­кілодақтық өнер додасына КСРО Ха­лық артисі, өзбек эстрадалық музыка­сының негізін қалаған әнші Батыр Зә­кіров бастаған қазылар алқасы төрелік жа­саған. Нәтижесінде байқаудың бірінші орын иегері атанып, еліміздің абыройын асқақтатты.

– Бұл байқауға қатысуымның өзі хикая. Ана басы Арал, мына шеті Жаңақорған аудандарынан дарынды жастар қатысқан облыстық деңгейден өтпей қалдым. Тек өнерге жанашыр ағамыздың «сенің өнерің лайықты бағалануы керек» деген қолда­уының арқасында Алматыға ұрланып ба­рып, республикалық байқауда өнер көр­сеттім. Өзімнің бекер келмегенімді дәлелдеу үшін тыңдарманның назарын бірден бұрып әкететін ән орындау қажет болды. Расында, бекер келмеппін. Арнайы барған жерлес әншілер орта жолдан шы­ғып қалып, жеңіс маған бұйырды. Ал Таш­кент аспанында Әзербайжанның одақ­қа даңқы озған бұлбұлы Рашид Бейбітов пен өзбекстандық әнші Батыр Зәкіровтың әнін әуелеттім. Көрші елдегі ағайын асқан ризашылықпен қошемет көрсетті, – дейді Махмуд Әуезов.

Жастық оты жалындап тұрған шағында ағамыздың алмаған асуы кемде-кем. Әйгілі «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамында Ресей, Болгария, Грузия мем­лекеттерінде болып, жүлделі жолынан жа­ңылмады. Ол – 1965-1970 жылдары еңбек резервтерін даярлау басқармасы жанында ұйымдастырылған «Сыр гүлі» ансамблінің негізін қалағандардың бірі және тұңғыш көркемдік жетекшісі. Өзі қырық жылға жуық еңбек еткен Жаңақорған ауданында 6 өнер ұжымының халықтық мәртебесін алуына мұрындық болды. Біраз жыл Жа­ңақорған, Сырдария аудандық мәдениет бөлімдерін, Жаңақорған ауданындағы Манап Көкенов атындағы мәдениет үйін басқарды. Әлшекей атындағы өнер мек­тебінде балалардың талантын танып, жі­герін жаныды. Қарт Қаратау жотасында мәдени-көпшілік жұмыстың жандануына, саланың өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірді. Аудан жұртшылығы оны кең диапазонды әнші, дарынды композитор, білікті жетекші ретінде жақсы біледі. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар араб пен сығанның, орыс пен ук­раин­ның, өзбектің әндері бар. Сазгерлік жолда Әбділда Тәжібаев, Адырбек Сопыбеков, Қомшабай Сүйенішов секілді ақындармен шығармашылық байланыста болды.

Салған әні алты қырдан асатын өнердің өз өкілі бүгінде Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да ауласын баққа айналдырып, күн­делікті жеміс ағаштарының күтімін жасау­ға дағдыланған. Өмірлік жары Балапан апа екеуі балаларын қанаттандырып, немере-шөберенің қызығын көріп отыр. Тамыры тереңдеген әулеттің мәуелі бәйтерегі. Ән өнерінің өрнегін бұзбай халыққа жеткізе білген асыл өнердің алтын сандығы.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ