Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдеріне қатысты күрделі мәселе – су тапшылығы. Жыл өткен сайын жерүсті суының сарқыла бастауы бізді ғана емес, көршілерді де әбден ойлантып тұр. Ал Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан болатын.
«…Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Белгілі нәрсе бар. Ол – біздегі су тапшылығында трансшекаралық суды пайдалану мәселесін шешу. Өйткені географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстандағы сегіз өзеннің жетеуі трансшекаралық болса, соның салдарынан көрші Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саясатына тәуелдіміз.
Елдегі су ресурсының 40 пайыздан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді басты өзендер көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған өзіміздің Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетіні бар. Президент айтқандай, аталған өзекті мәселені саясиландыруға жол бермей, трансшекаралық өзендердің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, осы өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.
Сала мамандарының пікірінше, шаруалардың суға деген қажеттілігі бірінші ескеріліп, жетіспеушілікті азайту үшін арнайы зерттеу қажет. Елдегі барлық су пайдалану көлемінің 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігіне жұмсалатынын, тұрақты суару кезіндегі су шығындарының көптеп кездесетінін ескеріп, вегетациялық кезеңге ерекше көңіл бөлген дұрыс. Екіншіден, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, суды шақтап пайдалану мәдениетін дамыту, жаңа тариф саясатын қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түспеген жөн. Сондай-ақ гидромелиорация мамандарын даярлау да тоқтамауы тиіс.
– Су қоймаларын салып немесе күрделі жөндеуді тоқтатпаған дұрыс. Сондай-ақ көктемгі тасқын су мен күз кезінде табиғи көздерден жиналатын суды барынша пайдалану керек. Осы сумен тоспалар мен ішкі өзендер арқылы суармалы жайылымдарды, елді мекен жанындағы көп көлді суландырсақ, жазда қиындық туа қоймайды. Шабындық, қысқы мал азығының мол болуы да ауыл айналасындағы ішкі каналдар мен көлдерге, суармалы жерлерге байланысты. Екіншіден, қазір су қоймаларын салудан бөлек, ондағы жиылған судың жерге тез сіңбеуі маңызды. Ғалымдар түрлі зерттеулер арқылы су қорын сақтайтын амалдар тауып жатыр. Өзге мемлекеттерде мұндай ғылыми ізденістің нәтижесінде көктемгі тасқын су, еріген қар, жаңбыр суын босқа ысырап қылмай, пайдаланып келеді. Ал бізде керісінше, су басқан аймақтарға жыл сайын көп қаржы бөліп, тұрғын үйлерді көшіру, адамдарды басқа жаққа орналастыру жұмыстарымен айналысып кетеміз. Біздегі су үнемдеуде көп зерттеу және жаңашылдық қажет, – дейді ауыл шаруашылығы сарапшысы Мырзахмет Өксікбаев.
Сырдағы ахуал қалай?
Сырдария өзені ел аумағына енген сәтте алдымен Түркістан облысындағы мол егіске тап келеді. Ал елдің 90 пайызын күрішпен қамтып отырған, барлық егін танабы суармалы жүйеге негізделген қызылордалық диқандарға өзеннің соңғы сілемі түседі. Сонан да өңірде су тапшылығы бар.
Дегенмен, қарманған қапы қалмайды. Ескі әдісті доғарып, жаңа технология енгізген жөн. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, инженер-гидротехник Жанұзақ Байманов аймақтың ауыл шаруашылығы толықтай Сырдария өзеніне тәуелді болғандықтан үлкен талдау қажеттігін айтады.
– Қазіргі климаттық өзгеріс бәріне белгілі. Кейінгі деректерге сәйкес, ауа температурасы әр 10 жыл сайын дүние жүзінде 0,18°С, еліміз бойынша 0,33°С-ға көтерілсе, Қызылорда облысында 0,44°С-ға өсуде. 2030 жылға қарай өзен ағыны 30-40 пайызға азаюы мүмкін, ал 2050 жылға қарай су тапшылығы 20 млрд текше метрге жетеді. Бұл – болжам. Осыған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану – стратегиялық міндет. Қазір су ресурстарының 85-90 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Оның ішінде негізгі үлесті күріш дақылы алады. Бұл дақылдың су тұтыну деңгейі өте жоғары. Республика бойынша орташа суару нормасы гектарына 9,5 мың текше метр болса, күріш алқаптарында гектарына 26 мың текше метрге дейін жетеді, – дейді ол.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – судың меншікті шығыны. Шетелде 1 келі өнімге 0,15-0,6 текше метр су жұмсалса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 есе және одан да жоғары. Мысалы, күріш өндірісінде ирригациялық жүйе талапқа сай болған жағдайда 1 тонна өнімге 2 300-2 500 текше метр су кетсе, жүйе тиімсіз болған жағдайда бұл көрсеткіш 6000-7000 текше метрге дейін артады екен.
– Мұның барлығы су ресурстарын тиімсіз пайдаланудан болып отырған жоқ па? Негізгі себебін ашып айт десеңіз, біріншіден, суару инфрақұрылымы әбден тозған. Біздегі ашық каналдарда су шығыны 30-40 пайызға дейін жетеді. Екіншіден, ескірген, су көп тұтынатын технологияларды қолдану. Бұл тек су ысырабына емес, топырақ құнарлылығының төмендеуіне де әкеледі. Үшіншіден, күріш атыздары тегістігінің сақталмауы. Төртіншіден, суды есепке алу және басқару жүйелерінің жеткіліксіз дамуы, – деп келтірді инженер-гидротехник.
Шығыннан шығудың шешімі бар ма?
Жанұзақ Байманов ендігі сөзінде су тапшылығындағы мәселені шешудің басты жолы ғылыми негізделген үнемдеу технологияларын енгізу екенін айтады. Сонда ғана күріш және өзге суармалы егіске қажетті суды жеткізуге мүмкіндік бар.
– Бірінші бағыт – лазерлік тегістеу. Бұл технология өнімділікті 1,5 есеге арттырып, су шығынын 1,6 есеге азайтады. Екінші бағыт – су үнемдеу технологиялары. Тамшылатып суару 85-98, жаңбырлатып суару 50-75 пайыз тиімділікті көрсетуде. Үшіншісі – су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру. Бұл су шығынын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Одан кейін инновациялық технологияларды ұмытпау қажет. Ең соңғы бағыт – егіс құрылымын оңтайландыру. Біздегі күріш үлесін қысқарту арқылы 596 млн текше метрден 1,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге болады, – дейді ол.
Қорыта айтсақ, өңірде суды тиімді пайдаға асыру үшін технология, инфрақұрылым, цифрландыру және егісті әртараптандыру қажет. Ең абзалы, су үнемдеу – бұл тек агротехнология емес, облыс дамуының стратегиялық негізі боларын түсінетін уақыт жеткендей. Ал мұны, яғни су үнемдеуге қатысты қолдағы бар тәсілді іске асырып жүрген жергілікті шаруашылықтар да жоқ емес.
– Біздің шаруашылық күріш дақылының көлемін 30 пайызға азайтып, егісті әртараптандыруға жол ашты. 2024 жылдан бері суды аз қажет ететін жүгері дақылын мың гектарға ұлғайттық. Осы дақылға деген сұраныс та жоғары. Екіншіден, 2010 жылдан бері шаруашылық өз күшімен күріш атыздарына лазерлік тегістеу жүргізіп келеді. Оның тиімділігі – суды үнемдеудегі үлес 10-15 пайызға жетті. Мысалы, бұрынғы атыздар суды 20-25 сантиметр биіктікке дейін ұстаса, қазір тегістеудің арқасында 10-15 сантиметр межеге алынады. Жалпы лазерлік тегістеуді екі жыл сайын жүргіземіз. Қазір егістіктің 95 пайызы осы өңдеуден өтті, – дейді «Таң LTD» ЖШС өкілі Сәкен Шағыртаев.
Күріш екпеу қауіпті ме?
Жалпы өңірдегі егін шаруашылығын жүргізудің негізгі мәселесі – ғаламдық климаттың өзгеруінен пайда болып отырған су тапшылығы. Мұндайда аймақта суды көп пайдаланатын күріш дақылынан бас тарту керек деген пікір туындайтыны сөзсіз. Әсіресе, әлеуметтік желіде мұндай пікір көп. Әйтсе де жергілікті ғалымдар негізсіз деген ұстанымда. Себебі, облыста егін алқаптарының топырақ-мелиоративтік және гидрогеологиялық жағдайына байланысты ондағы топырақты кезең-кезеңмен сумен шайып отыру қажет. Шаю үшін де көп мөлшерде су керек. Топырақты шаю нормасы ондағы тұз мөлшеріне байланысты ғылыми тұрғыда анықталады. Сондықтан күрішті мелиоративтік дақыл деп қарап, оның егіс көлемін шектен тыс азайтуға болмайды.
Мамандардың пікірінше, Сыр топырағының басты жауы – тұз. Аралдың тұзды шаңы мен бұзылған гидрологиялық режим жердің бетін бұзды. Міне, осы жерде күріш дақылы өзінің бірегей агроэкологиялық функциясын орындайды. Күріш атызындағы су – табиғи вертикальді дренаж. Ол топырақ бетіндегі улы тұзды төмен қарай ығыстырып, өсімдік тамырына таза аймақ қалдырады. Егер Сыр бойында күріш егу тоқтаса, жерасты суларының капиллярлық күші бір-екі вегетациялық маусым ішінде сол тұзды қайтадан жоғары көтереді. Нәтижесінде, бидай да, жоңышқа да өспейтін аппақ өлі алқапқа айналады. Күріш суды ысырап етуші емес, керісінше, қазіргі техникалық артта қалған жағдайда тұз балансын ұстап тұру үшін мәжбүрлі түрде көп су пайдаланатын құрал.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбековтің пікірінше, ауа ылғалдылығы туралы мәселе де назардан тыс қалмауы керек. Жазда мыңдаған гектар су айдыны Аралдан соққан аңызақ желдің құрғақшылығын сындыратын микроклиматтық қалқан қызметін атқарады. Күріш алқаптары – Сыр елінің жасанды экожүйесі, өңірдің шөлейттенуін тежеп тұрған соңғы буфер.
Демек, біз күріштен бас тарта алмаймыз, енді не істеу керек? Алыс-жақын мемлекеттермен қандай тәжірибе алмасуға болады? Қазір осы маңызды сауалдардың себеп-салдары зерттелуде.
Айтқандай, биыл облыста 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш дақылының көлемі 10,9 мың гектарға қысқарып, бүгінде 70 мың гектар күріш суға бастырылды. Суармалы егіншілікті әртараптандыру қарекеті жалғасуда. Қысқартылған күріш алқаптарына (10 мың гектар) суды аз қажет ететін дәндік жүгері егілді. Қазір су шығынын азайту үшін 66 каналды бетондау мәселесі күн тәртібінде тұр. Сараптамадан өткен 17 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





