Өңірде өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік, сауда, инвестиция тарту және сыртқы байланысты дамыту бағытында биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыс ауқымды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева хабарлады.
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар. Үкіметте тұрақты түрде қаралатын 7 негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің төртеуіне басқарма жауапты. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібі 13,8, өнеркәсіп 102,4, жеке инвестициялар 20,6, сауда айналымы 2,6 пайызға ұлғайып, оң нәтиже көрсетті, – деді басқарма басшысы.
Өнеркәсіп саласында серпін байқалады. Қазір 635 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 24-і ірі, 15-і орта және 596-сы шағын кәсіпорын. Өңірдегі мұнай кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай көлемі төмендеуде. Салдарынан кейінгі бес жылда мұнай өндіру көлемі 1,3 млн тоннаға қысқарды.
Экономиканы әртараптандыру бағытында қабылданған шаралардың нәтижесінде 5 жылда өнеркәсіп құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 15 пайызға төмендесе, өңдеу өнеркәсібі 10 пайызға артып, экономиканың шикізатқа тәуелділігі азайып келеді. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 560 млрд теңгені құрап, көрсеткіш 2,4 пайызға өсті.
Облыста инвестиция тарту жұмыстары қарқынды. Экономиканы әртараптандыру үшін алдағы 3 жылда 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
– Аймақтың даму ерекшеліктеріне сәйкес негізгі басым бағыттар – агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен металлургия саласы және көлік-логистика инфрақұрылымы. Осы ретте биыл 21 инвестициялық жоба іске қосылады. Қазір жолаушылар вагондарына жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені, құс фабрикасы, «Сұлтан -2» базары, жол бойындағы қызмет көрсету пункті ашылды. Енді жыл соңына дейін қуаттылығы 5 мың тонналық тауарлы-сүт фермасы, әк, мотоцикл құрастыру зауыттары және гофрлеу, картонның тегіс қабаты үшін қағаз өндірісі іске қосылады, – дейді Мөлдір Тәуіпбаева.
Сондай-ақ 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде 4-нің құрылысы жүргізілуде, 2-нің капсуласы салынды. Қалған 8 жобаның құрылысы жыл соңына дейін басталмақ. Ал «Тау Групп» серіктестігі қытайлық «Тика» компаниясымен желдету және ауаны баптау қондырғыларын құрастыру өндірісін жүзеге асыруда.
Жаңа инвестициялық жобалар 6 индустриялық аймаққа, «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағына және шағын өнеркәсіптік аймағында орналасуда. Қазір «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру көзделген 18 басым қызметтің түрі бекітілді. Осы орайда қалада арнайы экономикалық аймағын құруға қажетті инженерлік желілер мен құрылыстарды салу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақты өндірістік жобалармен толықтыру мақсатында инвесторлармен белсенді келіссөздер жүргізілуде.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жалғасуда. Жемісті бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкерлер шаруасын дөңгелентіп келеді. Мемлекет басшысы әр Жолдауында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету қажеттігін үнемі айтады.
Облыста 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Экономикалық белсенді халықтың 29,3 пайызы, яғни 102 мыңнан астам адам еңбек етеді. Экономиканың бұл секторын қаржылық қолдауға биыл бюджеттен 25,4 млрд теңге бағытталды.
Жыл басынан бері жеке кәсіпкерліктің 750 жобасына қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 14 жоба және өңдеу өнеркәсібіне бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы аясында 70 жоба қаржыландырылды.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 16 жобаға 306,6 млн теңге көлемінде шағын несие берілді.
Бұдан бөлек «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру шаралары жалғасуда. Бастысы кәсіпкерлікке бағытталған бюджет қаржысы алдағы уақытта банктер мен даму инстиуттарының несие ресурстары есебінен ұлғайтылатын болады.
Сауда саласында да оң динамика қалыптасты. Биыл алты айда жалпы сауда көлемі 449,5 млрд теңгені құрап, өсім 102,6 пайызға жетті. Саланы одан әрі дамыту үшін биыл 25 инвестициялық жоба жүзеге асады. Инвестиция көлемі 4,3 млрд теңгені құрайтын «Сыбаға», «Талғат» және «Асбол» әмбебап базарлары жаңғыртылуда. Жалпы, бұл жобалар сауда инфрақұрылымын жаңғыртып, ішкі сауда айналымын ұлғайтуға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ басқарма басшысы биылғы жоспар мен міндетке де тоқталды. Айталық, өңдеу өнеркәсібін 107%, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 21,2, негізгі капиталға 789,2 млрд теңге инвестиция және 281 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделген.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





