Антарктидадан алғашқы динозавр сүйегі табылды
Антарктидадан 1985 жылы табылған қазба сүйек 40 жылдан кейін динозаврға тиесілі екені ресми түрде расталды, деп хабарлайды British Antarctic Survey.
Ғалымдар оны шамамен 82 миллион жыл бұрын өмір сүрген титанозаврдың құйрық омыртқасы деп анықтады. Бұл Антарктидада табылған алғашқы динозавр қалдығы саналады.
Зерттеушілердің болжамынша, жануардың ұзындығы алты-жеті метрге жеткен. Табылған сүйек динозаврлардың Оңтүстік жартышар құрлықтарына таралуы туралы жаңа мәлімет береді.
Мамандар мұздықтардың шегінуі Антарктидадан тағы да ежелгі қазбаларды табуға мүмкіндік беруі мүмкін екенін айтады.
Некроз тудыруы мүмкін өрмекші анықталды
Португалияның Порту қаласында Пиреней түбегінде бұрын кездеспеген чилилік тақуа өрмекші табылды, деп хабарлайды Researchgate.
Мамандардың айтуынша, оның шағуы теріні қатты зақымдап, тіндердің некрозына әкелуі мүмкін. Алайда өрмекші жасырын тіршілік етіп, адамды сирек шағатындықтан, қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр.
Алғашқы өрмекші 2025 жылғы қыркүйекте, екіншісі 2026 жылғы қаңтарда анықталған. Ғалымдар оның Порту қаласынан тыс аймақтарға таралған-таралмағанын әзірге білмейді.
Зерттеушілер экзотикалық түрлердің таралуына халықаралық сауда, урбанизация және климаттың жылынуы әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Микропластикпен күресетін материал ойлап тапты
18 жастағы ирландиялық Айра Сатиш микропластикпен күресуге арналған жобасы үшін Earth Prize 2026 сыйлығының Еуропадағы жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Euronews.
Ол арнайы ферменттер бөлетін өсімдік негізіндегі биоыдырайтын пластик әзірлеген. Бұл ферменттер топырақта, тұщы және тұзды суда кездесетін микропластик бөлшектерін ыдыратуға көмектеседі.
Жас өнертапқыш жүлдеге алған 12,5 мың долларды технологияны сынауға және өндіріс көлемін арттыруға жұмсамақ.
Болашақта жаңа материалды қаптама мен компостталатын пакеттер өндірісінде пайдалану жоспарланып отыр.
150 жыл бұрын алынған кітап кітапханаға қайтарылды
Австралияның Киама қаласындағы кітапханаға шамамен 150 жыл бұрын алынған кітап қайтарылды, деп хабарлайды Associated Press.
1858 жылы жарық көрген «Афина көне жәдігерлері» атты кітап үй жөндеу кезінде кірпішпен жабылған каминнің ішінен табылған. Ол 1872 жылы ашылған кітапхананың алғашқы мың кітабының бірі болған.
Мамандардың есебінше, кешіктірілгені үшін айыппұл қазіргі бағамен 28 мың австралиялық долларға жетер еді. Алайда кітапхананың 1870 жылдардағы оқырман жазбалары сақталмағандықтан, кітапты нақты кім алғаны белгісіз.
Суға зақымданған көне кітап енді кітапхананың өлкетану қорында көрмеге қойылады және қайта берілмейді.
Ашық дереккөзден дайындаған
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





