Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен коммуналдық сектордың тұрақтылығы электр желілерінің сапасына тікелей байланысты. Бүгінде елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде ескірген инфрақұрылымды жаппай қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүруде. Осы жөнінде кеңірек білу мақсатында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер Шалқар Рақышевпен сұхбаттасқан едік.
– Қызылордалықтар жиі көтеретін мәселе – жел күшейгендегі жарықтың өшуі. Бұл сөзімізге жақында ғана қатты желден біраз уақыт қараңғылықта қалғанымыз дәлел. Мұның себебі неде?
– 28 маусым күні қатты екпінді жел көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын ұшырып, екі тізбекті 10 кВ әуе желісін үзіп, Тасбөгет кентінің тұрғындарын электр жарығынсыз қалдырды. Компания қызметкерлері апатты дереу қалпына келтірді. Қолайсыз ауа райы кезінде үй шатырларының ұшып кетуі, ағаштардың құлауы, сондай-ақ бөгде заттардың электр желілеріне түсуі салдарынан әуе электр желілеріне зақым келеді. Соның кесірінен апаттық ажырату тіркелетінін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайларда компанияның авариялық бригадалары күшейтілген режимде жұмысқа көшеді. Анықталған ақауларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге тырысады. Электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту және тозған жабдықтарды ауыстыру табиғи құбылыстардың электрмен жабдықтау ісіне кедергісін азайтуға бағытталған.
– Компания оған төтеп беретін төзімді инфрақұрылым қалыптастыру үшін қандай жобаларды жүзеге асырады?
– Қосалқы станциялар мен әуе желілерін күтіп-ұстау бағытында күрделі және ағымдағы жұмыс жүргізіледі. Былтыр жөндеуге 307,7 млн теңге (ағымдағы жөндеуге 49,8 млн теңге, күрделі жөндеуге 257,9 млн теңге) бөлінді. Соның есебінен 43,8 шақырым электр тарату желілері мен 61 қосалқы станцияға күрделі жөндеу, 15,7 шақырым электр тарату желілері мен 41 қосалқы станцияға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл жалпы жөндеу жұмысына 348,7 млн теңге қарастырылған. Оның 297,2 млн теңгесі 54,87 шақырым әуе желілері мен 30 қосалқы станцияны күрделі жөндеуден, 51,5 млн теңгесі 16 шақырым әуе желілері мен 27 қосалқы станцияны ағымдағы жөндеуден өткізуге бағытталып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қажетті материалдар алынып, жоспар жүзеге асырылуда.
– Электр желілерін жаңғырту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр? Тозған электр желілері қаншалықты азайды?
– Облыста жаңартуға сұранып тұрған нысандар аз емес. Осы бағытта кейінгі жылдары айтарлықтай жұмыс атқарылуда. «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясының 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында 2025 жылға 8,300 млн теңге бекітіліп, 8 289,2 млн теңгеге толығымен орындалды. Оның ішінде 521,5 млн теңге өз қаражаты есебінен 205,6 млн теңгеге Қызылорда қаласының ӘЖ-10/0,4 кВ электр желілері жаңғыртылды. 109,2 млн теңгеге электр энергиясын есепке алу аспаптары жаңғыртылды және АСКУЭ-ге қосу, 1299 дана есептегіш құрылғы орнатылды. 109,9 млн теңгеге телемеханика жүйесі жаңғыртылып, SCADA-ға қосылды. 91,7 млн теңгеге автотехникалар, 5,1 млн теңгеге 23 кеңсе техникасы (компьютер, принтер) алынды. 7767,7 млн теңге бюджет қаражат есебінен 190 млн теңгеге ӘЖ-35кВ Л-33, Л-34 ПС – 220/35/10кВ «КТЭЦ»-ПС-35/10кВ «Шұғыла» 16 шақырымы, 783,6 млн теңгеге ӘЖ-35кВ Л-31А, Л-32А ПС – 220/35/10кВ «Қызылорда»-ПС-35/10кВ «Промышленная» 7,3 шақырымы жөнделді. 2694,4 млн теңгеге Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электр желілік жүйесі жаңғыртылды. 4 099,7 млн теңгеге Шиелі кентіндегі «Шиелі «ҚС-220/35/10 кВ қайта құрылды.
Жоспар толық орындалып, электр желілері мен қосалқы станциялардың тозуы 63-тен 60 пайызға қысқарды. Сонымен қатар авариялық ажыратулар 10 пайызға азайды. Биыл инвестициялық бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі 502 688 мың теңге болып бекітілді. Оған төмендегі іс-шаралар орындалады:
Қызылорда қаласы бойынша 10/0,4 кВ әуе желілерін реконструкциялау және жаңғырту – 35,67 шақырым;
Электр энергиясын есепке алу аспаптарын жаңғырту және АСКУЭ жүйесіне қосу – 1 482 дана;
35/10 кВ «Жаңаарық» қосалқы станциясының телемеханика жүйесін жаңғырту және SCADA жүйесіне қосу – 1 жиынтық;
Осыдан кейін электр желілері мен электр қондырғыларының жалпы тозу деңгейі 60-тан 59,5 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда.
Компания көпжылдық тарифті қалыптастыру мақсатында 2027-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл шара өз кезегінде тозған электр желілерін және авариялық ажыратуларды азайтуға бағытталған. Аталған жоба құны – шамамен 7, 907 709 мың теңге.
– Компания тозған желілерді азайтуға қаншалықты маңыз беріп отыр?
– Компания теңгерімінде әртүрлі кернеудегі жалпы ұзындығы 10 608 шақырым электр желілері және 2 058 қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі елді мекендер бойынша емес, кернеу класына қарай бағаланады. Қазіргі уақытта 10/0,4 кВ әуе желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртуға қала және аудан әкімдіктері тарапынан қаржы бөлінді. Дегенмен, аудандардың басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз ететін 35 кВ әуе желілерінің тозуы – шамамен 70 пайыз. Осыған байланысты компания тарапынан оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған көпжылдық инвестициялық бағдарлама әзірленді. Енді бағдарламаның бекітілуін күтудеміз.
– Электр энергиясының тарифі неге байланысты өзгереді?
– Электр энергиясын тасымалдаушы және жабдықтаушы компания есебінде 20 өңір болса, соның ішінде Қызылорда облысында электр энергиясының бағасы салыстырмалы түрде төмен. Қазіргі күні электр энергиясын босатудың орташа бағасы – 28,30 теңге. Елімізде бағаны бірыңғай сатып алушы мекеме реттеп отырады. Бағаның тұрақты болмауына электр энергиясының көлемі мен тапшылығы тікелей әсер етеді. Сондықтан баға бізге дейін реттелген болып есептеледі. Былтыр мамыр айында баға өсті. Еліміз бойынша 2026 жылдың І тоқсаны аяқталғанға дейін мораторий жарияланғанын білесіздер. Осыдан кейін біз баға саясаты бойынша қайтадан өтініш бердік.
– Облыс орталығында бой көтерген жаңа жылу-электр орталығы жарыққа тәуелділікті азайтуға қаншалықты мүмкіндік беріп отыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес түріктің «Акса Энерджи» инвестор компаниясы Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығын салды. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге. Бүгінгі күнге нысан іске қосылып, 127 мегаватт электр энергиясын өндіру қуатын 220 кВ жүйесіне пайдалануға берді. Жаңа жылу орталығы облысты толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіп, аймағымызда өндірісті дамытуға үлкен серпін береді деп есептейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





