Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және жетілдіру – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағыт мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге, қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіруге, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және азаматтарға қолайлы, ашық әрі қолжетімді қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу және қызмет көрсету процестерін жетілдіру бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және жетілдіру бағыты бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы департаменттің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Зухра Арыновамен сұхбаттасқан едік.
– Зухра Серікқызы, осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы негізгі көрсеткіштер қандай болды?
– Есепті кезеңде облысымызда жалпы 396 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Оның ішінде 195 қызметті жергілікті атқарушы органдар, 201 қызметті аумақтық мемлекеттік органдар ұсынды. Барлығы 2 928 126 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 619 010-ы немесе 21,1%-ы аумақтық мемлекеттік органдарға, ал 2309 116-сы немесе 78,9%-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.
– Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу тәсілдері бойынша қандай көрсеткіштер қалыптасты?
– Аумақтық мемлекеттік органдар көрсеткен 619 010 қызметтің ішінде 1319 қызмет қағаз түрінде, 491 646 қызмет электрондық форматта, 126 045 қызмет Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілді.
Ал жергілікті атқарушы органдар көрсеткен 2 309 116 қызметтің ішінде 9787-сі қағаз түрінде, 2 299 329 қызмет электрондық түрде көрсетілді. Бұл бағытта Мемлекеттік корпорация арқылы қызмет көрсету тіркелген жоқ.
– Департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жұмыстарын қалай жүргізді?
– Биылғы бірінші жартыжылдықта департамент арқылы 17 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде 7 жоспарлы тексеру, 8 жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша жоспардан тыс тексеру, сондай-ақ 2 мемлекеттік органның хабарламалары негізінде тексеру жүргізілді. Барлық тексерулер мен қашықтықтан мониторинг нәтижесінде 6093 заңбұзушылық анықталды. Оның 3645-і аумақтық мемлекеттік органдарда, 2448-і жергілікті атқарушы органдарда тіркелді.
– Жоспарлы тексерулердің нәтижелері қандай болды?
– Жоспарлы тексерулер барысында 2 425 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 2 388-і жергілікті атқарушы органдарда, 37-сі аумақтық мемлекеттік органдарда тіркелді.
Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою мақсатында 7 ұсыныс енгізіліп, олардың аясында 16 нұсқама мен ұсыным берілді. Барлығы толық орындалды. Сонымен қатар 2 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Азаматтардың өтініштері бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтып өтсеңіз…
– Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары негізінде 8 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 36 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 30-ы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу, 6-уы негізсіз бас тарту фактілері. Осының негізінде 17 ұсыныс енгізіліп, 39 нұсқама мен ұсыным берілді. Сонымен бірге 7 қызметкер тәртіптік, 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Қашықтан байқау дегеніміз не? Ол бағыттағы жұмыс қалай жүргізіледі?
– Қашықтан байқау мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу арқылы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептік ақпарат пен өзге де мәліметтер негізінде байқау жолымен жүргізіледі. Демек, агенттіктің тапсырмасына сәйкес қолжетімділік берілген ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік органдармен көрсетілген қызметтердің сапасы қашықтан бақыланады.
Жалпы есепті кезеңде қашықтан байқау нәтижесінде 3623 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 3 608-і аумақтық мемлекеттік, 15-і жергілікті атқарушы органдарда тіркелді. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға 18 нұсқама мен ұсыным беріліп, олардың барлығы орындалды.
– Азаматтардың құқықтарын қорғауда қандай нәтиже бар?
– Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 76 өтініш келіп түсті. Олардың 50-і қаралды, 16-сы иесінің өтініші бойынша тоқтатылды, 10-ы ведомстволық бағыныстылығы бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданды. 8 өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, барлық 8 қызмет алушының құқықтары толық қалпына келтірілді.
Сонымен қатар сұрау салу тәртібімен 2 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, жоспарлы тексерулер нәтижесінде 1475 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
– Заң талаптарын бұзған лауазымды тұлғаларға қандай шаралар қолданылды?
– Рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 465-бабы бойынша 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 465-баптың 1-бөлігі бойынша – 3; 2-бөлігі бойынша – 10; 3-бөлігі бойынша – 6 хаттама толтырылды. 18 хаттама қысқартылған тәртіппен, 1 хаттама сот тәртібімен қаралып, жалпы 1 453 200 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 13 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында қандай алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді?
– Алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Есепті кезеңде 5 мекемеде қоғамдық мониторинг жасалды. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің 3 отырысында мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 8 мәселе қаралып, 15 ұсыным берілді. Сонымен қатар, ведомствоаралық жұмыс тобының 2 отырысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша өзекті мәселелер қаралып, 5 мемлекеттік органға 15 ұсыным берілді. Бұған қоса, «Елге қызмет» арнайы телебағдарламасының 10 шығарылымы эфирге шықты және «Ең алдымен адамдар» арнайы оқу бағдарламасы аясында 2 семинар өткізіліп, 40 мемлекеттік қызметші оқытылды.
– Халықпен кері байланысты нығайту амалдары қандай?
– Агенттік арқылы бекітілген кестеге сәйкес осы жылдың 20 мамыры күні «Кәсіпкерлік және салық мәселелері» тақырыбында қызмет алушылар күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында тұрғындар мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың мамандарына өз сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Шараға 70-ке жуық қызмет алушы қатысып, қажетті ақпаратпен қамтылды. Сонымен қатар департамент пен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен 15 семинар, 3 интернет-конференция, 3 тікелей эфир өткізіліп, жалпы 3186 көрермен қамтылды.
Жалпы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау мен заң бұзушылықтардың алдын алу, ең алдымен азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылатын жұмыс жауапкершілігі нығая береді.
Сұхбаттасқан
Е.ДӘУІР





